Оралдың қақ ортасында, №1 емхананың жанындағы скверді шабу жоспарланып отыр. Оның орнына пациенттерге арналған жаңа корпус салынбақ. Әкімдік оталатын ағаштардың нақты санын айтпағанымен, орнына қаланың әртүрлі бөлігіне 200 жаңа көшет отырғызуға уәде берді. Бұл шешім жергілікті экологиялық қауымдастықтың наразылығы мен көптеген сұрағын тудырды.
«Батыс Қазақстан экологиялық-географиялық қоғамы» ҚБ төрағасы Дархан Сариев Орал қаласының әкіміне, қаланың бас прокурорына және қалалық мәслихат депутаттарына ресми сауал жолдады. Қоғам белсендісі бұл жағдай бойынша тексеріс жүргізіп, бірқатар сұрақтарға жауап беруді өтінеді.
Оралдағы №1 емханаға Деркөл кентінің тұрғындары да қарайды. Сонымен қатар, жаңадан бой көтеріп жатқан «Ақжайық» шағын ауданында жергілікті емхананың құрылысы басталған болатын. «Деркөл кентінің халқын «Ақжайық» шағын ауданында салынып жатқан емханаға тіркеу қисындырақ болар еді ғой? Бұл №1 емхананың жүктемесін азайтар еді», — дейді Дархан Сариев.
Құрылыс ережелеріне сәйкес, медициналық мекемелер аймағының 50-65%-ы жасыл желекпен көмкерілуі тиіс. «Жапсарлай салынатын ғимарат жобасының сараптамасы санитариялық-эпидемиологиялық кезеңнен қалай өтті?! Осының бәрі тиісті тергеу жүргізуге негіз болуы керек», — деп жазады қоғам белсендісі.
№1 емхана ғимараты — 1970 жылдардағы кеңестік функционализмнің үлгісі. Ол Әділет департаментінің көршілес ғимаратымен (конструктивизм) және XIX ғасырдағы көпестердің тас үйімен бірге Назарбаев даңғылының үйлесімді тарихи ансамблін құрап тұр. Жаңа құрылыс олардың ортасындағы скверді жойып кана қоймай, өртке қарсы өткелдерді де бөгейді, сондай-ақ бұрынғы кабинеттерге жарықтың түсуін (инсоляцияны) төмендетеді, деп атап өтті Сариев өз сауалында.
Мария Мельникова
Осы санаттағы мақалалар