Өткен аптада Орал қаласында «Батыс су арнасы» ЖШС директоры Ануар Аркеновті Экономикалық тергеу департаментінің (ЭТД) қызметкерлері ұстады деген ақпарат тараған еді. Дегенмен, БҚО бойынша ЭТД баспасөз қызметі бұл іс бойынша ресми ақпарат жоқ екенін хабарлады. Аркеновтің телефоны өшірулі болды, ал оның әріптестері бұл жайлы ештеңе білмейтінін және естімегенін мәлімдеген.
Дегенмен, біраз уақыттан кейін «Umarovnews» редакциясы «Батыс су арнасы» ЖШС офисіне ЭТД қызметкерлерінің шынымен де келгенін және қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеліп жатқанын анықтады. Сөз ауыз суды зарарсыздандыруға арналған жабдықтарды сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ЖШС-лардың бірімен шарт жасасу туралы болып отыр.
Бүгін, 19 қазанда, «Umarovnews» редакциясының тілшілері «Батыс су арнасы» ЖШС директоры Ануар Аркеновпен хабарласа алды. Ол өз жұмыс орнында.
— Тергеу әрекеттерінің жүргізілгенін жасырудың мәні жоқ. Әзірге ешқандай ақпарат бермеймін. Мен қорғалуға құқығы бар куәгер мәртебесіндемін, — деді Аркенов. — Білесіздер ме, жоқ па, былтыр желтоқсан айында менің жеке көлігімді өрттеп жіберді. Тергеу әлі жүріп жатыр, өрттеген адамды ұстады, бірақ бүгінгі күні ол бостандықта аман-есен жүр, біреу ол үшін бес миллион теңге көлемінде кепіл төлеген. Тапсырыс беруші белгісіз, бірақ бұған мотиві бар және мүдделі тұлғалардың шеңбері өте тар.
Қазір қылмыстық іс қозғалды. Мән-жайды аша алмаймын. Өз тарапымнан айтарым, ондағы аргументтердің бәрі «қолдан құрастырылған». Оның үстіне, былтырғы жаңалықтарды парақтап көрсеңіздер болады, қазір егжей-тегжейі есімде жоқ, ол кезде мұның бәрін қала әкімі мен облыс әкімі ресми түрде таныстырған болатын. Иә, біз қаладағы ауыз судың сапасын жақсартуға тиіс суды зарарсыздандыру жабдығын сатып алдық. Жабдықтың сатып алынғанын танбаймын, ал оның заңды немесе заңсыз алынғаны төңірегінде қазір анықтап жатыр. Өз тарапымнан ол жерде бәрі де заңды болғанына толық сенімдімін. Өтілуі тиіс барлық қажетті келісімдер мен мемлекеттік сатып алу процедуралары қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілді.
Ал біреу бірдеңеге қол сұқты деген жорамалдарға қатысты әзірге пікір білдірмеймін. Әдетте, олар жүз пайыз сенімді болғанда, мұның бәрін ашық түспен, сән-салтанатымен көрсетеді ғой. Ұстауға дейін апарып дегендей. Егер олай істемей жатса — ойлануға негіз бар.
Жыл сайын түрлі жабдықтар мен материалдардың үлкен көлемін сатып аламыз, мені олардың әрқайсысымен жеке таныс деп ойлайсыз ба? Бұл ашық конкурс болды, қатысқысы келген кез келген тарап қатыса алды.
Былтырдан бері ауқымды жұмыстар атқарылуда. Республика бойынша жүргізіліп жатқан ұлттық жоба аясында инженерлік желілер мен құрылыстарды қайта жаңарту бойынша 4 үлкен жоба аяқталу сатысында тұр. Былтыр осы міндеттерді шешуге бізге 5,8 миллиард теңге бөлінген еді. Қазір бізде 11 миллиард теңгеге 4 жоба дайындалып жатыр. Оған қатысқысы келетін «жігіттердің» қарасы көп, сондықтан осыдан өзіңіз тиісті қорытынды шығара беріңіз.
Сондай-ақ мынаны қосар едім: мамыр айынан бері Кәсіпорынды Орал қаласының прокуратурасы тексеріп жатыр. Оның үстіне осы аралықта тексерісті 10 шақты рет біресе тоқтатып, біресе ұзартады. Бұл тексерудің қандай негізде жүргізіліп жатқанын түсіндіруді талап еткенімізге қарамастан, осы уақытқа дейін мардымды жауап ала алмадық, Бас прокуратураның тапсырмасы бар дегенді алға тартады. Бұйрық пен тапсырма ауызша берілмейді ғой, қандай да бір құжат болуы керек еді, ал біз ол құжатты әлі көрген жоқпыз. Облыстық прокуратураға да, Бас прокуратураға да шағымдандық.
Бас прокуратурадан істі облысқа түсірді, ал облыс бізге «бәрі де заң аясында» деп жауап қайтарды. Олардың қызметкерлері мұнда ашықтан-ашық заңсыздық жасап, қызметкерлердің бөлмелеріне баса-көктеп кіріп, сес көрсетіп, қорқытып жатыр. Құжаттарды тиісті түрде рәсімдемей, алып кетуге тырысуда. Тексеріс шеңберінде олардың ешқандай құжатты алып қоюға құқығы жоқ, тек танысуға ғана құқылы. Дегенмен, олар құжаттарды тартып алып, кәсіпорын аумағынан алып шығуға әрекеттеніп бағуда.
Талгат Умаров
Осы санаттағы мақалалар