БҚО сотының апелляциялық алқасы ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша: «вербовка жасауға оқталу» (ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі — 170-бабының 1-бөлігі) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыру және «вербовка жасау» (ҚР ҚК 170-бабының 1-бөлігі) бабы бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған Орал тұрғынына қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Оның адвокаттарының бірі ҰҚКД қызметкерлері куәгердің үрейін ұшырып, соның салдарынан ол өзінің қорғауындағы азаматқа жала жапты деп мәлімдеді.
2026 жылдың 1 шілдесінде Орал қалалық соты 52 жастағы қала тұрғыны Виталий Карповты ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы: «Вербовка жасауға оқталу» және «Вербовка жасау» (азғырып тарту) бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ай айыптау нұсқасына сүйенсек, 2025 жылдың ақпаны мен шілдесі аралығында Карпов Ресей Федерациясына жүйелі түрде барып, онда қарулы құрылым өкілдерімен байланыс орнатқан. Осыдан кейін Оралға оралып, ресейлік әскер құрамында Украинадағы соғысқа жіберу үшін халықтың әлеуметтік жағынан осал әрі аз қамтылған өкілдері арасынан потенциалды рекруттарды іздей бастаған. Соғысуға келісім бергені үшін ол облыс тұрғындарына қомақты «пакет» уәде еткен: 2,5-тен 3 миллион рубльге дейін біржолғы төлем, ай сайын шамамен 200 мың рубль көлемінде ақшалай үлес және Ресей азаматтығын жеделдетілген тәртіппен алу мүмкіндігі.
Сот процесі барысында сотталушы ешкімді соғысқа азғырмағанын айтып, өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартты. Үкім жарияланғаннан кейін Карповтың өзі де, оның қорғаушылары да сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.
Бүгін, 2026 жылғы 23 қыркүйекте облыстық соттың апелляциялық алқасы шағымды қарады. Отырысқа Виталий Карповты сотқа әкелген де жоқ, онлайн да қоспады. Оның тағдыры өзінің қатысуынсыз шешілді. Қазіргі уақытта ол Орал қаласының тергеу изоляторында (СИЗО) отыр.
Сот отырысы Карповтың бірінші адвокаты Жаслан Төлеевтің сөзінен басталды. Ол бірден бұл істе заңбұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді.
— Елеулі алқа, осы қылмыстық іс бойынша ОРҚ-ны (жедел-іздестіру қызметін) жүзеге асырушы орган да, сотқа дейінгі тергеу органы да, сондай-ақ бірінші инстанциядағы сот та бұзушылықтарға жол берді. Ең бастысы, ОРҚ туралы заңға сәйкес, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру кезінде азаматтарды құқық бұзушылықтар жасауға көндіруге және арандатуға тыйым салынады, — деді адвокат Төлеев.
Оның айтуынша, Колесин тегі бар куәгерлердің бірі Карповтың заңсыз әрекеті туралы арыз түсіргенде, ҰҚКД қызметкерлері заңда көзделмеген жасырын тергеу әрекеттерін — жасырын енгізуді және қылмысты имитациялауды жүргізген.
— Соттың үкімде жазылған тұжырымдары істің нақты мән-жайына сәйкес келмейді, сот жан-жақты талдау жасаған жоқ және барлық дәлелдемелерге баға бермеді. Іс материалдары бойынша Карповтың әрекеттерінде қылмыстың тек формальды белгілері ғана байқалады деп есептеймін, сондықтан барлық уәждерімізді объективті түрде қарап, Карповқа қатысты үкімнің күшін жоюды және оны кінәсіз деп тануды сұраймыз, — деп түйіндеді сөзін адвокат Жаслан Төлеев.
Содан кейін мінберге Карповтың екінші қорғаушысы Виктор Котельников шықты.
Ол өз сөзінде айыптаудың негізіне екі куәгердің: Иваненко мен Колесиннің айғақтары алынғанын атап өтті. Адвокаттың пікірінше, ҰҚКД қызметкерлері бірінші куәгерді (Иваненконы) қорқытқан, содан кейін ол осындай айғақ берген.
— Иваненконың айғақтары іс жүзінде шындыққа жанаспайды. Неліктен? Өйткені сот талқылауы барысында куәгерлер: Хабдрахимов (ҚР азаматы), Филипков (РФ азаматы), Зайцев (РФ азаматы), Виноградов (ҚР азаматы), Бурыкин (ҚР азаматы), сондай-ақ Карповтың өзі де суалдалды. Олардың барлығы Иваненконы ешкім «арнайы әскери операцияға» (ресейлік үгіт-насихат Украинадағы соғысты осылай атайды — авт. ескертпесі) қатысуға көндірмегенін және оған ештеңе ұсынбағанын бірауыздан айтып отыр.
Бұдан бөлек, аталған куәгерлер, соның ішінде Карповтың өзі де, керісінше, оны мұндай қадамға бармауға бірнеше рет үгіттегенін айтады, — деді адвокат Котельников.
Оның айтуынша, істе айтарлықтай қарама-қайшылықтар болғанына қарамастан, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бірде-бір беттестіру жүргізілмеген.
— Сот талқылауы барысында мен Иваненконы осы куәгерлермен беттестіріп жауаптау қажеттілігі туралы өтінішхат білдірдім. Бірінші инстанциядағы сот менің өтінішімді шешімсіз қалдырды, бөлек қаулы шығарылмады және бірінші инстанциядағы сотта бұл қарама-қайшылық жойылған жоқ.
Бірінші инстанциядағы сот Иваненконың айғақтарын сотта іс жүзінде жауапталған алты куәгердің айғақтарына қалайша қарсы қойып отыр? — деді адвокат Котельников.
Колесин есімді екінші куәгер туралы адвокат Котельников оны бетпе-бет жауаптау мүмкін болмағанын, одан онлайн режимде жауап алынғанын жеткізді.
— Колесиннің залдан табылмайтыны туралы бізге де алдын ала айтылған жоқ. Түсініксіз дереккөздерге сүйеніп, бірінші инстанциядағы сот бізді оның онлайн жауапталатынына сендірді, — деді адвокат.
Сөзінің соңында Карповтың қорғаушысы «Жалдамалылық» бабының белгілері болып табылатын терминдерге егжей-тегжейлі тоқталды.
— ҚР ҚК-нің 170-бабы «Жалдамалылық» — бұл жалдамалыны азғырып тарту, оқытып-үйрету, қаржыландыру немесе өзге де материалдық қамтамасыз ету. Жалдамалы — қарулы қақтығысқа қатысу үшін арнайы азғырып тартылған адам. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен сот талқылауы барысында Карповты бұрын-соңды біреудің азғырып тартқаны немесе оның Колесинге қандай да бір материалдық қатысы болғаны туралы бірде-бір факт анықталған жоқ. БІз Иваненко мен Колесиннен: «Карповтың қандай да бір материалдық мүдделілігі болды ма?» деп сұрадық. Екеуі де жоқ деп жауап берді.
Вербовка (азғырып тарту) дегеніміз не? Бұл адамды немесе адамдар тобын қандай да бір қызметке, ұйымға немесе органдарға мақсатты түрде тарту. Бұл процесс көбінесе психологиялық ықпал етуге, манипуляция жасауға, материалдық сыйақыны немесе алдауды пайдалануға негізделеді. Оқытып-үйрету — бұл әскери қызметшілердің жауынгерлік әрекеттерді жүргізу үшін білім мен дағдыларды жүйелі түрде меңгеру процесі. Жалдамалылықтың барлық белгілері мүлдем жоқ, сонымен, құрметті сот, менің пікірімше: мүмкін, Карпов өз әрекеттерінде бір жерде сөзін бұрмалап айтқан шығар, бір жерде ойын дұрыс жеткізбеген болар.
Іс жүзінде оның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ. 1 шілдедегі үкімнің күші жойылып, қылмыстық іс жаңадан қарауға жіберілсін: бізде адамның тағдырына да, саралауға да әсер ететін елеулі қарама-қайшылықтар бар, — деп сөзін аяқтады адвокат Котельников.
Адвокат сөзін аяқтаған соң, процестің барлық қатысушылары сот залынан шықты. 15 минуттан кейін облыстық соттың апелляциялық алқасы өзінің қаулысын жария етті: сот үкімі өзгеріссіз қалдырылсын, сотталғанның және оның адвокаттарының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Талғат Омар
Осы санаттағы мақалалар