Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының Петрово ауылында бар болғаны 12 үй қалған. Мұнда негізінен зейнеткерлер тұрады, бірақ олардың арасында көпбалалы бір отбасы да бар. Ауылда дәріхана да, дүкен де жоқ, ал жедел жәрдем келгенше адамдар көз жұмады. Мұндай оқиғалар бұрын да болған. Бірақ ауыл маңында Рожковское кен орны орналасқан. Ауыл тұрғындарына экологиялық залал үшін өтемақы төленбейді, оның орнына олар үнемі бас ауруына шағымданады, бақшаларынан күкіртті сутектің иісі шығады, ал жұма күндері түнде газдың өртелуінен аспан қызыл түске боялады. Демалысқа ауылға келген балалардың мұрнынан қан кетеді, дәрігерлер дәрі жазып береді, бірақ олар көмектеспейді. Тұрғындардың пікірінше, билік ауылдың түбегейлі жойылып кетуін күтіп отыр.
Петрово ауылы Орал қаласынан 80 шақырым жерде орналасқан. Мұнда барлығы 12 үй ғана бар, оларда негізінен зейнеткерлер тұрады, сондай-ақ Лариндердің көпбалалы отбасы (отбасында 5 бала бар – авт. ескертпесі) да осында. Балалары Петроводан 15 шақырым жердегі Январцево ауылындағы мектеп-интернатта оқиды. Ауыл жастары жұмыс болмағандықтан көшіп кеткен. Ауылда дүкен де, дәріхана да, медпункт те жоқ. Ауылға кіре берісте ешкім тұрмайтын, тозып кеткен үйлер көзге түседі.
Ауыл тұрғындарын көшіру мәселесі 2011 жылдан бері көтеріліп келеді. Сол жылы билік жиналыс өткізіп, ауыл халқы 2014 жылы көшірілетінін айтқан, өйткені кен орнының аумағында «бір зауыт» салу жоспарланған болатын. 2014 жылы көшіруді 2017 жылға шегерді, бірақ содан бері 7 жыл өтті. Осы уақыт ішінде ауыл маңында мұнай-газ бұрғылау мұнаралары пайда болды, олардың ең жақыны елді мекеннен 1 шақырым жерде орналасқан.
Ауыл тұрғындары көшіруді күтіп жүргенде, Рожковское газ-конденсат кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Бұл 2023 жылдың 21 желтоқсанында болды.
Ашық дереккөздерге сәйкес, Рожковское кен орнының операторы – «Орал Ойл энд Газ» ЖШС. Компания «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (50%), венгриялық MOL Caspian Oil and Gas Plc. (27,5%) және қытайлық First International Oil Corporation (22,5%), Sinopec-тің еншілес кәсіпорны арасында серіктестік негізінде құрылған.
Максималды өндіру деңгейі жылына шамамен 1 млрд м³ газды, 500 мың тоннадан астам конденсатты және 150 мың тоннадан астам сұйытылған көмірсутек газын құрайды.
Кен орнының бас мердігері – «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС. Компания жобалау, технологиялық жабдықтар мен инженерлік материалдарды жеткізу, құрылыс-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарын толық көлемде атқарады.
Кен орнының өнеркәсіптік пайдалануға берілгенін Петрово тұрғындары «Нефтестройсервис» ЖШС өндірістік базасының ауыл маңында салынғанынан түсінді. Енді ауылдағы шіріген жұмыртқаның иісіне таңертең әрлі-берлі жүрген көліктерден шығатын газдың иісі қосылды.
Петрово ауылының 67 жастағы екінші топ мүгедегі Жалғас Мендығазиев ауылдың қиын жағдайын айтып, Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне үнемі жүгінеді. Ол облыс әкімдеріне қабылдауға жазылып, ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру қажеттігін талап етіп келеді.
– Бұл иіс баяғыда, Чинарев кен орны ашылған кезде пайда болған. Жазда, таңғы сағат 5-тер шамасында көшеге шықсам, Ембулатовка өзенінен күкіртті сутек тұманы көтеріліп, ойысқа түсіп, біздің жаққа қарай жылжиды. Бұл Чинаревтен болатын, ал жақында Рожков кен орны іске қосылды. Біз осында оқ-дәрі салынған бөшкенің үстінде отырғандай өмір сүріп жатырмыз. Түнімен шіріген жұмыртқаның иісі қолқаны қабады, бірақ экологтар бәрі қалыпты деп айтады. Мұнда ештеңе қалыпты емес! Мұнда адамдар өліп жатыр… инфаркт, инсульттен көз жұмуда, – дейді Жалғас Мендығазиев.
Ол көшіру мәселесі бойынша екі әкімнің қабылдауында болған.
– Әуелі Ғали Есқалиевтің (БҚО әкімі 2019 жылғы 13 маусымнан 2022 жылғы 2 желтоқсанға дейін – авт. еск.), кейін облыс әкімінің бірінші орынбасарының қабылдауында болдым, бірақ оның есімін есіме түсіре алмай отырмын. 25 желтоқсанда облыс әкімінің қабылдауына қайта жазылдым. Бірақ маған поштамен жауап келді: мені әкімнің орынбасары қабылдайды екен. Мен онымен кездескім келмейді – орынбасар бұл мәселені шеше алмайды. «Біздің көшіру мәселесін облыс әкімі шешуі керек», – дейді ауыл тұрғыны.
Жалғас Мендығазиевтің айтуынша, ауылда 12 үйде 40-қа жуық адам тұрады, ал тіркеуде екі есе көп адам бар.
– Мұнда неге артық адамдарды тіркеген? Себебі олар пәтер алғысы келеді...
Бізді не қауіпсіз аймаққа көшіру керек, не кен орнын жабу қажет. Мұнда қалай өмір сүруге болады? Аурухана, дәріхана, тіпті дүкен де жоқ. Біз осында өлсек дей ме? Біз сынақ қоянындай өмір сүргіміз келмейді! Бұл – екінші Семей полигоны! Өткен жылы ауылда екі адам инфарктен қайтыс болды, биыл тағы біреуінің жүрегі тоқтады, жасы небәрі 50-де еді, – деп ашынды ауыл тұрғыны.
74 жастағы зейнеткер Василий Карачун өмір бойы Петровода тұрған. Бірнеше жыл бұрын жұбайы қайтыс болған, қазір ол үйінде Васька есімді мысығымен бірге тұрады. Оған ауылға келіп, жағдайын білетін немерелері көмектеседі.
– Бәрі Рожково ауылынан басталды (2009 жылы тұрғындарын көшірген – авт. еск.). Ол жақта бұрғылау басталған соң, су жоқ болып кетті. Енді бізге де жетті… Байқап тұрсыз ба, қандай ұйым? (Василий Александрович ауыл жанындағы «Нефтестройсервис» компаниясының базасын меңзеп отыр – авт. еск.). Таңертең далаға шықсаң, олар көліктерін қыздырады, барлық газ осында келеді. Басың айналып кетеді. Күкіртті сутектің иісі де бар, бірақ ол желдің бағытына байланысты.
– Бізді көшіреді деген, әкім келіп кеткен. Бірақ кейін «Тым көп адам тіркелген» деді. Бірақ сен бір айналып шықшы, сана – мұнда не бәрі 10 үй ғана бар! Біз оған осылай айттық… Қазір мүлде ұмыт қалдық – өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Біреулер пәтер алған шығар, ал біз осында өлім күтіп отырмыз. Ең болмағанда зиянды жағдай үшін өтемақы төлесе ғой, ең болмаса дәрі-дәрмекке жетер еді – ештеңе жоқ. Біз ешкімге керек емеспіз. Әлеуметтік қызметкерлер де жоқ, ешкім келмейді... Қолымызда телефон бар, тек соның арқасында аман жүрміз – ұзақ уақыт хабарласпасақ, іздеп келеді, – дейді Василий Карачун.
Ауыл тұрғыны әңгіме барысында 2024 жылғы 14 желтоқсанда телефонына түсірген суретті көрсетті. Кадрда газ факелінің алаулаған қызыл шапағы анық көрінеді.
– Газды түнде жағады. Бастапқыда бірдеңе өртеніп жатыр деп ойладым. Сыртқа шықсам – бүкіл аспан қызыл… – деді зейнеткер.
Петрово тұрғындары Рожков кен орнындағы әрбір мұнараның реттік нөмірін жатқа біледі.
– Анау – «21-ші», мынау – «11-ші», ол шамамен екі шақырым жерде, ал «10-шы» одан да жақын. Жел ауылға қарай соқпағанда, олар от жағады. Бәрі бәрін біледі. «Урал Ойл энд Газ» 2016-2017 жылдары келген кезде мұнда қозғалыс басталды. Сол кезде біз мал шаруашылығына несие алмақ болдық. Бірақ Переметное (аудан орталығы – авт.) бізге несие бергісі келмеді, өйткені Петрово көшіруге жататын ауыл деп есептелді. Кейін «Урал Ойл энд Газ» жұмысын бес жылға тоқтатты. Ал өткен немесе алдыңғы жылы қайта оралды, – дейді ауыл тұрғыны Жақыбай Байжанов.
Петровода 1971 жылдан бері тұратын Ольга Агафонова 40 жыл мектепте мұғалім болып жұмыс істеген.
– Кен орны болмаған кезде біз өте жақсы өмір сүрдік. Өзенімізде су мол, балығы да көп еді. Соңғы 10 жылда су тартылып кетті, енді 2-3 қарақұйрық ұстасаң, соның өзі олжа. Табиғатымыз қандай еді! Қыр гүлдері жайнап тұратын. Қазір ештеңе қалмады – бәрі өртеніп, күкіртті сутек иісі қолқаны қабады. Біз осында негізінен егде жастағы адамдар тұрамыз, ал осындай жағдайда өмір сүру қорқынышты. Ертең оянатыныңды білмейсің.
Мен төменде тұрамын, сол жерде бәрі көгілдір түске боялып кеткен. Хлордың, тағы бірдеңенің иісі бар, кейде газ баллон жарылғандай сезіледі. Кейде верандада да иіс шығады. Үйде сезілмейді, себебі терезе ашпаймын. Ал верандаға шықсаң – дем алудың өзі қиын. Демек, түнде тағы бірдеңе болған, – дейді Ольга Агафонова.
Әйелдің айтуынша, Петрово тұрғындары өмір сүріп жатқан жоқ, тек амалдап жүр.
– Егер кен орны осылай қала берсе (ал ол қалады), бізге тек көшу керек. Қараңызшы, біз қанша адам қалдық? (Әйел үй маңына жиналған сегіз адамды көрсетті). Біз жойылуға шақ тұрмыз. Бізге жатақхана сияқты бір жер салсын, сосын өлген соң бірден қабірге лақтырып тастасын. Бізге күтетін ештеңе қалмады – тек өлім ғана.
Маған бірде аудан әкімі: «Балаларыңыз бар ма? Олар сізді алып кетсін», – деді. Бірақ мен неге балаларымның қолына баруым керек? Мен осында қанша жыл жұмыс істедім, қанша балаға білім бердім, енді мені қаңғыбас иттей қуып шықпақшы, – деп күйінді Ольга Агафонова.
Әйелдің айтуынша, оның ұлы 44 жасында жүрек талмасынан қайтыс болған. Жедел жәрдем жетемін дегенше, жан тапсырған.
– Билік бізге түкіріп қарады да қойды, – деп түйіндеді ол.
Петрово ауылының тағы бір тұрғыны Ғинаят Еділов бұл жерде 30 жылдан астам уақыт өмір сүріп келеді. Оның айтуынша, кен орнында газды өртеп жағу жұма күндері түнде болады.
– 2023 жылы Рожков кен орнын ашқалы бері мұнда тұру мүмкін емес. Жұма күні, жұмыс күні аяқталған соң, басшылық кетісімен олар газ шығарады. Осы кезде комиссия келсін, бәрін өз көзімен көрсін, – дейді Ғинаят Еділов.
Ер адамның айтуынша, ауыл тұрғындары екі жылдан бері ауылдық округ әкімін көрмеген. Ал әкімдіктің маманы бір-ақ рет келген – дәрі әкелу үшін.
– «УАЗ»-дан да түспей, бізге пакет лақтырып, кетіп қалды, – дейді ауыл тұрғыны.
Петровода 27 жыл тұрып келе жатқан Гүлнара Төлегенова ауылдағы қарттарға қарайласады, өйткені олардың көбі жоғары қан қысымынан зардап шегеді.
– Бізде үнемі газ отының қызыл шоғы көрініп тұрады. Соның кесірінен басымыз жиі ауырады. Ертең таңертең оянамыз ба, жоқ па – білмейміз. Бізге таксистер келгенде «мында сасық иіс шығып тұр» дейді. Ал біз оны сезбейміз. Өйткені әбден үйреніп кеткен шығармыз, – дейді әйел.
Көпбалалы ана Светлана Ларина ауылға алты жыл бұрын көшіп келген. Ол Январцеводан Петровоға тұрмысқа шыққан соң қоныс аударған. Күйеуі бұл ауылда туған.
– Екі баламның мұрнынан қан кетіп жүргеніне төрт жыл болды. Олар Январцеводағы мектеп-интернатта оқиды. Демалыс күндері осында келгенде, күні бойы үйде болады, кешке қарай мұрындарынан қан аға бастайды. Дәрі жазып берді, бірақ көмектеспейді. Газ оты жанып, аспан қызарып тұрса – мұнда тыныстау мүмкін емес. Экологтар келгенде «барлығы таза» деп айтты. Бірақ шындығында мұнда ешқандай заң жоқ, қалай болса, солай өртейді. Кешке далаға шықсам – аспан қызыл, бір нәрсе жанып жатқандай, қою тұманнан үйлер көрінбейді, – дейді әйел.
Петрово тұрғындары оларды шұғыл түрде көшіру керек деп есептейді. Себебі кен орнындағы өндіріс көлемі ұлғая береді, ал олардың жағдайы нашарлай береді. Біреулері билік Оралдан баспана берсе, көшуге дайын. Басқалары өздері таңдау жасай алу үшін өтемақы талап етеді. Алайда жылдар бойғы уәде мен әрекетсіздіктен кейін, биліктен көмек боларына сенімдері қалған жоқ…
Талғат Омар