Батыс Қазақстан облысы ондаған жыл бойы көршілес Ресейге энергетикалық тұрғыдан тәуелді. Шекара маңындағы ауылдарды (Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарындағы 35 ауылдың 27 мың тұрғынын) электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін «ЗапКазРЭК» жыл сайын РФ-дан электр қуатын сатып алуға миллиондаған теңге жұмсайды. БҚО-дағы энергия тапшылығы мәселесін шешуге ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) көмектесуге тиіс. 2025 жылы осындай үш жоба таныстырылды: Оралдағы Ысқырық тауындағы (Свистун-гора) жел станциясы, Жәнібек ауданының Онеге ауылындағы аралас станция және Теректі ауданының Пойма ауылындағы Күн электр станциясы. Биыл құрылысы жалғасып жатқан екі жоба ғана қалды. Бұл аймақтың энергетикалық тәуелсіздігіне үміт береді, алайда оның қашан іске асарын шенеуніктер айта алмай отыр. Энергетика және экология сарапшылары «жасыл» энергетиканың болашағы туралы сенімді айтқанымен, Қазақстандағы осы саланың үлкен проблемаларын ашық көрсетіп отыр.
Импортқа кеткен миллиондаған шығын
БҚО энергия жүйесінің басты осал тұсы — оның оңтүстік аудандарының географиялық және инфрақұрылымдық жағынан оқшаулануында. Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары іс жүзінде ұлттық желілерден ажыратылғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының жекелеген елді мекендерін электрмен жабдықтау Ресей Федерациясынан импортталатын электр энергиясы есебінен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Жәнібек ауданының 18 елді мекені және Бөкей ордасы ауданының 20 елді мекенінің 17-сі Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне тікелей қосылмаған оқшауланған аумақтарға жатады. Аталған аумақтарда 27 мыңнан астам адам тұрады», — деп хабарлайды энергетика басқармасында.
Осы 35 ауылды жарықпен қамтамасыз ету үшін «ЗапКаз РЭК» ЖШС ресейлік «Интер РАО» ЖАҚ-тан жыл сайын ондаған миллион киловатт-сағат электр қуатын сатып алады.
2025 жылы сатып алынған энергия көлемі 1 кВт/сағ үшін 6,4 рубль бағамен 41 535 229 кВт/сағ құрады. Соңғы бес жылдағы серпінге қарасақ, импорт көлемі іс жүзінде өзгеріссіз қалып отыр:
- 2021 жыл — 40 020 851 кВт/сағ;
- 2022 жыл — 40 856 045 кВт/сағ;
- 2023 жыл — 41 118 381 кВт/сағ;
- 2024 жыл — 37 991 849 кВт/сағ;
- 2025 жыл — 41 535 229 кВт/сағ.
Энергетика басқармасында «ЗапКаз РЭК» ЖШС электр энергиясын бюджеттен қаражат тартпай, өз есебінен сатып алатынын атап өтті. Бұл түптеп келгенде аталған шығындар өңірдің энергия жүйесінің қаржылық орнықтылығына тікелей әсер ететінін және тұрғындар мен кәсіпорындар үшін жарық тарифтерін қалыптастыратынын білдіреді.
ЖЭК және дербестікке тігілген ставка
2025 жылы Батыс Қазақстан облысында өз генерациясы тапшылығының бір бөлігін жабуға тиіс жаңартылатын энергетика саласындағы бірден үш инвестициялық жоба таныстырылды:
- Жәнібек ауданының Онеге ауылындағы аралас электр станциясы (4,9 МВт). «Green Spark Power 01» ЖШС инвесторының жобасы қуаты 0,9 МВт күн станциясын және жиынтық қуаты 4 МВт төрт газ-поршеньді қондырғыны қамтиды.
- Оралдағы Ысқырық тауы (Свистун-Гора) ауданындағы жел электр станциясы (50 МВт). Инвесторы — «Green Energy Industrial Company Central Asia» ЖШС. Нысанда бірінші жел қондырғысының іргетасы қаланды және қосалқы станцияны кеңейту бойынша құжаттама әзірлеу басталды.
- Теректі ауданының Пойма ауылындағы күн электр станциясы (30 МВт).
Мұнда былтырғы жоспарлардың өзгергенін айта кеткен жөн. БҚО энергетика басқармасының Umarovnews-тің 2026 жылғы қарашадағы ресми сауалына берген жауабына сәйкес, пысықталып жатқан жобалар қатарында «жасыл» энергетиканың екі жобасы ғана қалды — күн станциясы өңірдегі ЖЭК жобаларының тізіміне енбей қалған. Өзгерістердің себебін әзірге білу мүмкін болмады.
Облыстық билік Онеге ауылындағы нысанға басты меже қойып отыр. «ЗапКаз РЭК» ЖШС есептеуінше, бұл кешеннің іске қосылуы импорт картасын түбегейлі өзгертеді.
«Онеге ауылындағы күн электр станциясы пайдалануға берілгеннен кейін Ресей Федерациясынан сатып алынатын электр энергиясының көлемі: алғашқы алты айда — 1 171 400 кВт/сағ-қа; бірінші жылы — 2 184 000 кВт/сағ-қа қысқарады деп болжанып отыр. Ал газ-поршеньді қондырғыларды қоса алғанда, аралас электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін Ресей Федерациясынан электр энергиясын сатып алудың болжамды қысқаруы жылына 27,2 млн кВт/сағ құрайды», — деп облыстық энергетика басқармасында оң болжам жасап отыр.
Осылайша, бір ғана аралас станция Ресейден импортталатын электр энергиясының жылдық көлемінің жартысынан астамын жабуға қауқарлы.
Сонымен қатар сатып алуды қысқарту бойынша оптимистік болжамдарға қарамастан, шенеуніктер ресейлік импорттан толық бас тартудың нақты мерзімін атау әзірге мүмкін емесін мойындайды. Бұл нақты тұтыну көлемдеріне және желілердің сенімділігіне байланысты. Бұдан бөлек, шенеуніктерде келешектегі нақты цифрлар мен үнемді көрсететін қажетті есептеулер де жоқ.
«Басқарманың қарамағында әрбір электр станциясына қызмет көрсетудің жылдық шығындарын, пайдалану шығыстарының өндірілген электр энергиясын өткізуден түсетін табыстарға арақатынасын, сондай-ақ инвестициялардың толық өтелуінің нақты мерзімдерін сенімді анықтауға мүмкіндік беретін расталған қаржы-экономикалық есептеулер жоқ», — деп хабарлайды ведомствода.
Станцияларды жөндеу, күтіп-ұстау және өтелімділік мәселелерінің барлығы аукциондық сауда тетігі арқылы жұмыс істейтін және энергияны бірыңғай сатып алушыға («ЖЭК-ті қолдау жөніндегі ҚЕО» ЖШС) сататын жеке инвесторларға толық жүктелген.
Энергетика үшін ЖЭК-тің осал тұстары мен тәуекелдері
Green Platform жетекшісі, энергетика жөніндегі сарапшы Сергей Агафонов Қазақстанды үлестірілген генерацияға (энергияның шағын көздері тұтынушының дәл қасында салынған кезде) нұқсан келтіре отырып, ірі масштабты ЖЭК нысандарына әуестенуден сақтандырады.
«ЖЭК саласында біз гигантоманияға әуестеніп жүрміз, яғни гигаваттық станциялар қоямыз (…) Үлестірілген генерацияға көңіл бөлмеу неге әкеліп соғады? Ең айқын мысал — 2025 жылғы испаниялық блэкаут. Мәселе мынада: испаниялық әріптестер де гигантоманияға салынып, ірі күн станцияларын, жел станцияларын салды (…) ал мұның бәрі энергия жүйесінің орнықтылығына тікелей әсер етеді», — дейді энергетика сарапшысы Агафонов.
Ол дәстүрлі генерация (көмір және газ электр станциялары) турбогенераторлар айналымының белгіленген саны есебінен желіден 50 Гц тұрақты жиілікті беріп, ұстап тұратынын түсіндіреді. Күн және жел станцияларында мұндай инерция жоқ.
«ЖЭК генерациясы инерциясыз деп есептеледі, сондықтан табиғи факторлар есебінен энергия өндірудің күрт артуы — «наброс» деп аталатын құбылыс орын алуы мүмкін. Бұл ауа райы ауытқулары болуы мүмкін: жел күшейді, инсоляция күрт өзгерді. Испанияда осындай жағдай болды: ЖЭК-тен генерацияның шарықтауы орын алып, қорғаныс дәстүрлі генерацияны ажырата бастады. Бірақ бұлттар төніп, жел басылып, ЖЭК генерациясы төмендеген сәтке қарай дәстүрлі генерация да шектеліп қалған еді, ал энергия жүйесіне түсетін жүктеме ешқайда кеткен жоқ. Нәтижесінде тапшылықтың күрт артуы мен энергия жүйесіндегі жиіліктің құлауынан елде жарықтың каскадты сөнулері басталды», — деп түсіндіреді Сергей Агафонов.
Мәселені шешу жолы ретінде сарапшы тұтыну нысандарының дәл өзінде — мысалы, тұрғын үйлердің немесе кәсіпорындардың шатырларында шағын масштабты станцияларды орналастыруды ұсынады. Оның айтуынша, бұл желілердегі орасан зор энергия шығынын қысқартады және соңғы тұтынушыларға қолданыстағы тарифке жеңілдік беруге мүмкіндік береді.
«Иә, қазір ЖЭК генерациясын инерцияны имитациялауға мәжбүрлеу талпыныстары жасалып жатыр, бірақ бұл оны үлестіруден әлдеқайда сенімсіз (…) Сондықтан, егер біз үлестірілген генерацияның орнына энергия балансын ірі масштабты нысандармен толтыратын болсақ, екінші Испанияны алу қаупі туындайды», — деп түйіндейді Сергей Агафонов.
Экология үшін ЖЭК — пайда ма, зиян ба?
Эколог Болат Есекин «жасыл» энергетиканы дамыту ластаушы өндірістермен қатар жұмыс істейтін оқшауланған бизнеске айналмауы керектігіне назар аударады.
«Климаттық орнықтылық теориясына сәйкес, табиғат үшін энергия өндіру технологиясының — ЖЭК бола ма, әлде көмір станциялары бола ма — маңызы жоқ, жаһандық планетарлық жылу балансынан аспау маңызды. Барлық бағыт табиғи шектеулерді ескеруі тиіс. Мысал ретінде: біз өзімізді жемісімен және оттегімен қоректендіріп отырған ағаштың бөліктерін үнемі ала алмаймыз — жемісін жеп, қабығын сыпырып, бұтақтарын кесе алмаймыз. Ағаш өледі, біз алып қана қоймай, сол ағашқа күтім жасауымыз керек. Жалпы табиғатта да дәл солай — ар жағында қауіпсіздік күйреуі тұратын шектер бар», — деп түсіндіреді эколог.
Есекиннің пікірінше, Қазақстандағы ЖЭК дамуының қазіргі моделі қалалар ішіндегі экологиялық ахуалға әзірге аз әсер етіп отыр.
«Бүгінде ЖЭК іс жүзінде ірі бизнеске ғана қызмет етеді. Ол үшін халықаралық банктерден үлкен қарыздар алады, шалғай жерлерде үлкен ЖЭК салады, сосын Қазақстан «жасыл» энергетика үлесін арттырып жатыр деп есеп береді. Бірақ экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан қарасақ, бұл дұрыс емес. Бізде жаңартылатын энергия көздері далада дамып жатыр, ал қалаларда бәрін әлі де көмір мен бензин бақылап отыр», — дейді эколог.
Эколог «жасыл» энергетиканың маңызды екенін, оны дамыту қажеттігін атап өтеді, бірақ ең алдымен қазақстандықтар нақты үнемдеуден бастауы керек.
«Қалаларда бүгін барлық мекемеде, тұрғын үйлерде, мектептерде ауа температурасы ДДСҰ ұсынған 21–22 градус нормасынан асып түседі. Бізде ғимараттарда температура 25–26 градус, соның салдарынан адамдар терезе ашады да, біз даладағы ауаны жылытамыз. Мұның бәрі отын жеткізушілердің мүддесіне сай, ал ЖЭК бұл мәселені еш шешпейді. Бізге жаңа ЖЭО мен ЖЭК қою емес, энергия үнемдеу есебінен тұтынуды қысқарту керек», — деп атап өтеді Болат Есекин.
Мария Мельникова
Осы санаттағы мақалалар