Осыдан бірнеше апта бұрын Қазақстанды Батыс Қазақстан облысы (БҚО) ауылдарының бірінде туып-өскен Наташа Қалымбетованың оқиғасы дүр сілкіндірді. Ол араға 30 жыл салып, 17 жасында көрген қорлығы мен зорлық-зомбылық туралы ашық айтты. Туған ауылынан баяғыда кетіп қалған әйел қазір сол зорлықтан кейін дүниеге келген қызын іздеп жүр. Бұдан кейін Қазнетті танымал блогер Лёля Бергтің (шынайы есімі Элеонора) видеосы тағы да шошытты. Ол бала күнінде бірнеше жыл бойы өз әкесінен зорлық-зомбылық көргенін айтып берді. Зорлық-зомбылыққа тап болғандар неліктен жылдар бойы үнсіз қалады және араға ондеген жылдар салып барып айтуға бел байлайды? Бұл туралы Umarovnews редакциясына қоғам қайраткері, құқық қорғаушы Дина Смайылова мен психолог Райса Байдәлиева айтып берді.
Бала бола тұра бала босандым
Наташа Қалымбетова 48 жаста, ол осы жылдың көктемінде алыстағы 1994 жылы басынан өткерген топтық зорлық-зомбылық туралы айтты. Ол кезде Наташа небәрі 17 жаста болатын. Оқиға бойжеткеннің туған ауылында, педагогикалық институтқа түсе алмай, үйіне оралған кезінде болған. Келесі жылы колледжге түсуге дайындалып жүрген Наташа достарының отырысына барады, ал үйге қайтар жолда оны белгісіз адамдар ұстап алып, әкеткен. Олар Наташа танитын бірнеше адам болған, бәрі өзінен үлкен еді.
«Мені аяған жоқ, ойларына келгенін істеді. Бұл ауылда болды, оның үстіне олардың екеуі менімен бірге оқыған сыныптастарымның туған ағалары еді (…) Біреуі жуастау отбасынан шыққан болатын, мен оған қарап: "Құтқаршы, көмектесші", "Неге мен?", "Неліктен бұл менімен болып жатыр?" деп жалындым. Бірақ ол үнсіз тұрды. Өз кезегін күтті», — деп еске алады Наташа Қалымбетова.
Болған жайтты ол анасына айтқан, ол кезде бойжеткен ауылдағы ата-анасының үйінде анасымен екеуі ғана тұратын. Анасы қызына бұл туралы тіс жармауды тапсырып, көп ұзамай Орал қаласына, педколледжге оқуға жібереді. Кейін Наташа аяғы ауыр екенін біліп, қыз босанады, қазір ол сол қызын іздестіріп жатыр.
Наташа 2026 жылдың көктемінде әлеуметтік желілерде видео жариялап, кейін туған жері — Оралға келді. Осында ол полицияға зорлық-зомбылық туралы арыз жазды. Іс тергеле бастады. Осымен қатар Наташа Қалымбетова туғаннан кейін үш айдан соң асырап алынған қызын іздеуге кірісті.
Наташа Қалымбетованың оқиғасы қазақстандық қоғамды дүр сілкіндіргеннен кейін көп ұзамай танымал блогер Лёля Берг те (шынайы есімі Элеонора) алты жасынан бастап өз әкесінің зорлық-зомбылық көрсетіп келгенін айтты. Ол кезде Элеонора алты жаста болатын және Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында тұратын.
Балалық шағынан айырылған бала
Элеонора бала кезінде болған бұл жағдайды алдымен әлеуметтік желілерінде, кейін журналистерге айтып берді. Ол әкесі тарапынан жасалған зорлық-зомбылыққа алғаш рет алты жасында тап болған. Ол уақытта ата-анасының ажырасқанына 4,5 жылдай болған еді, ал әкесінің жаңа отбасы — әйелі мен өгей қызы бар болатын. Элеонораның анасы, блогердің айтуынша, бұрынғы күйеуіне сеніп, қызын демалыс күндері мен каникулда оған жіберіп тұрған.
Әкесі қызынан ештеңені аямайтын, ақша беретін, сондықтан ол балалық шағының бұл кезеңін «еш таршылықсыз» өткен уақыт деп атайды. Бірақ қыз алты жасқа толғанда, түнде оянып кетіп, әкесінің порно қарап отырғанын көреді. Ер адам мұны байқап қалып, балаға «ерлі-зайыпты болып ойнауды» ұсынады. Бұл уақытта ер адамның әйелі мен өгей қызы көрші бөлмеде жатқан болатын.
«Сол кезде ол маған сүйісуді үйретті, өзінің жыныс мүшесінің қандай болатынын және онымен не істеу керектігін көрсетті (…) Мен мұны қалыпты жағдай деп ойладым. Әкем осылайша маған деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығын білдіріп жатыр деп түсіндім. Мен оған толықтай сенетінмін», — дейді Элеонора.
Зорлық-зомбылық жүйелі түрде, әр екі немесе үш апта сайын екі реттен қайталанып тұрған. Егер қыз әкесімен «ойнаудан» бас тартса, ол өкпелеп, онымен сөйлеспей қоятын. Араларында болып жатқан жайттарды анасына айтпауы үшін әкесі баланы қорқытып ұстаған.
«Ол өзінде бір батырма барын, егер оны басса, менің жақындарым — әжем, анам және інім өліп кететінін айтатын», — деп еске алады Элеонора.
Егер қыз әкесінің істегенін біреуге айтса, әкесі өзін-өзі өлтіремін деп қорқытқан. Бұл қорлық шамамен үш жылға созылды. Қыз тоғыз жасқа толғанда әжесі қайтыс болып, отбасы Ақсайдан Алматыға көшіп кетеді. Сол кезде ол болған жайтты айтуға бел байлайды, ал анасы арыз жазу үшін БҚО-ға қайта оралу туралы шешім қабылдайды. Дәрігерлер консилиумы, қыздың айтуынша, зорлық-зомбылықтың болғанын растаған, бірақ биологиялық іздер табылмаған. Іс жабылып қалған.
«Мен бала болып үлгермедім», — дейді Элеонора журналистерге.
Қазір Элеонора балалық шағында болған зорлық-зомбылық оқиғаларын тергеуге қол жеткізуге тырысып жүр.
Наташа Қалымбетова да, Элеонора да бастан өткерген зорлық-зомбылық ауыр психологиялық жарақат қалдырғанын айтады — екеуі де болған жайтты айтудан қорыққан, зардап шеккендерін ашық мәлімдеуге батылдары бармаған.
«Мен бұл туралы азырақ ойлауға тырыстым, бірақ ауырсыну менің ішімде әрқашан болды. Күн сайын, әр кеш сайын», — деп ағынан жарылды Наташа Қалымбетова.
Екі оқиға да қоғамда үлкен резонанс тудырды. «Зорлық-зомбылық құрбандары неліктен ұзақ жылдар бойы үнсіз қалады?» деген сұрақ көбінің көкейінде жүр. Бұл сұрақ қыздардың өздеріне де қойылады. Біз бұл туралы сарапшылармен сөйлестік.
Аман қалу механизмі
Психолог Райса Байдәлиева ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылықтан, соның ішінде жыныстық зорлықтан зардап шеккендермен жұмыс істеп келеді. Сарапшының айтуынша, үнсіздік, яғни тас болып қатып қалу және болған жағдайдан эмоционалды түрде оқшаулану — бұл мидың қорғаныс реакциясы. Олай болмаған жағдайда, адамның жүйкесі (психикасы) бұл жарақатты көтере алмай қалуы мүмкін.
— Жарақаттық тәжірибенің ұзақ уақыт бойы іште «сақталуына» әсер ететін екі маңызды фактор бар. Оның негізгілерінің бірі — ұят. Көптеген басқа қылмыстардан айырмашылығы, жыныстық зорлық-зомбылық кезінде қоғам, өкінішке қарай, жауапкершіліктің бір бөлігін зардап шегушіге жүктейді: «Неге қашып кетпеді?», «Неге үндемеді?», «Неліктен қазір ғана айтып отыр?» Дәл осындай реакциялардан қорқу көп жылғы үнсіздіктің басты себебіне айналады. Тағы бір механизм — бұл бойды аулақ салу (избегание). Посттравматикалық стресс кезінде психика адам төзгісіз сезімдерді: қорқыныш, дәрменсіздік, қорлық, бақылауды жоғалтуды тудыратын нәрселерге қайта оралмауға тырысады. Үнсіздік саналы таңдау емес, адамның өмір сүру қабілетін сақтап қалу тәсілі болуы мүмкін, — дейді психолог.
Ол «Адам неліктен үндемеді?» деп емес, болған жайтты айту үшін «Оған өзін жеткілікті түрде қауіпсіз сезінуге не кедергі болды?» деп сұрау әлдеқайда маңызды екенін атап өтті.
— Бастан өткерген оқиғаны жылдар өткен соң айту тек белгілі бір жағдайлар туындағанда ғана мүмкін болады: қауіпсіздік, қолдау, психологиялық ресурстар және «Менімен сұмдық әрі жол беруге болмайтын жағдай болды» деген түсінік пайда болғанда ғана. Тек сол кезде ғана жарақаттық тәжірибені еңсеруге мүмкіндік туады, — дейді сарапшы.
Айыптауға болмайды
Қоғам белсендісі, құқық қорғаушы және зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін «НеМолчи» (Үндеме) қорының негізін қалаушы Дина Смайылованың өзі де жас кезінде зорлық-зомбылық көрген. Ол бұл туралы араға көп жылдар салып қана көпшілікке ашық айта алды. Дина Смайылова мойындауға кедергі болатын ең бірінші нәрсе — қорқыныш екенін ашық айтады.
— Өз мысалыммен айтсам, мені қорқыныш буып тастаған еді (…) Дәл алғашқы үш күнде, адам ештеңені түсінбей, зәре-құты қалмай, тіпті суицид жасауға дойын баратын қорқыныш құрсауында тұрғанда, барлық маңызды тергеу әрекеттері жүреді. Бұл уақытта зардап шеккен адам қорқып, жылап отырады, ал одан жауап алады. Бірақ біз ештеңені түсіндіріп бере алмаймыз, айқайлаймыз, жылаймыз, шыңғырамыз. Мысалы, мен ата-анама бұл тақырыпта менімен сөйлеспеуді және бұл жағдайды ұмытуды өтіндім. Менің үйімдегілердің бәрі бұдан хабардар еді. Бұл қатал тыйым болды және мен өзім тіл қатқанша 25 жыл бойы бәрі үнсіз келді, — деп еске алады құқық қорғаушы.
Ол зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамды кінәлауға мүлдем болмайтынын қадап айтты.
— Біз бұл қорқынышты жеңбейінше, зорлық-зомбылыққа тек зорлаушы ғана кінәлі екенін түсінуді үйренбейінше, қоғам қыздарды да, ұлдарды да тәрбиелеудегі бағыт-бағдары мен құндылықтар стандарттарын өзгертпейінше — бірінші орында адам өмірінің құндылығы, оның ары мен абыройы тұруы тиіс — біз ештеңеге қол жеткізе алмаймыз, — дейді Дина Смайылова.
Ол қоғамның әсері, қорқыныш пен ұят зардап шеккендерге зорлық-зомбылық туралы айтуға кедергі келтіретіні соншалық, қор жүргізген зерттеу нәтижесі зорланған әйелдердің 10 пайыздан азы ғана полицияға арыз түсіретінін көрсеткен. Санмен айтқанда, бұл зорлық-зомбылықтың 200 жағдайынан 17 арыз (көрсеткіш). Ал сот үкіміне дейін тек бес адам ғана жеткен.
Мария Мельникова
Осы санаттағы мақалалар