Жақында Орал қаласындағы иттерді «аулау» сәті түсірілген кадрлар күллі Қазақстанды дүр сілкіндірді. Тұрғын үйлердің ауласындағы балалар ойын алаңында қаруланған белгісіз ер адам жануарларды тура балалардың көзінше жансыздандырып (ұйықтатып) жатқан. Видеодағы оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен дау тудырып, бірінің ашуын келтірсе, екіншілерінің қолдауын туғызды. Umarovnews редакциясы бұл мәселе төңірегінде зооқорғаушылармен тілдесті.
Қазақстандық зооқорғаушы әрі әлеуметтік желіде «Майлоның папасы» деген атпен танымал, қаңғыбас жануарларға қатысты заңның қаталдануын жою туралы петиция авторы Темірлан Тоспаев зооқорғаушылардың мұндай көріністерге, өкінішке қарай, үйреніп кеткенін айтады.
— Біз жылдар бойы бір нәрсені қайталап көріп келеміз. Дәл осы себепті мен ІІМ мен Бас прокуратураға жүгініп, ит аулау қызметтерінің әрекетіне құқықтық баға беруді және болған жағдайның заңға, бізге айтылған ізгілік (гуманизм) принциптеріне қаншалықты сәйкес келетінін анықтауды талап еттім. Мен депутаттарға өздері қабылдаған шешімдердің іс жүзінде қалай орындалып жатқанын өз көздерімен көруді ұсынамын. Бейнежазбада қолында қаруы бар адам, балалар және жанында жайбарақат тұрған полиция қызметкері жүр. Егер жаңа жүйе осы болса, онда оның ескі жүйеден еш айырмашылығы жоқ, — дейді зооқорғаушы.
Желідегі кадрларды алғашқылардың бірі болып жариялаған Орал қаласы зооқорғаушыларының пабликтерінде қарулы ер адамды аула балаларының өздері видеоға түсіргені айтылған. Кейбір деректерге қарағанда, балалар иттерді тиіспей, жайына қалдыруды өтінген.
— Егер бұл шынымен де ресми ит аулау қызметі болса, онда бұл процесс тоқсаныншы жылдардағы көріністерге ұқсамауы тиіс. Заң қабылданған кезде бізді қараусыз қалған жануарларға ізгілікпен қарау тәсілдері қолданылады деп сендірген болатын. Бірақ іс жүзінде не көріп отырмыз? Ізгілік туралы қанша айтсақ та, егер аймақтарда шорты мен тәпішке киген адамдар балалар алаңының жанында мылтықпен жүгіріп жүрсе, демек, жүйенің өзі әлі өзгермеген, — дейді Темірлан Тоспаев.
«Балалар қатыгездікті көрмеуі тиіс»
Бұл тұрғыда оны зооқорғаушы әрі Орал қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Азиза Арыстан да қолдайды. Ол балалардың көшеде иттерді аулау немесе оларды ұйықтату сәттеріне куә болмауы керектігін баса айтты.
— Жалпы, кез келген қоғамдық орындарда балаларға жануарларды ату сәтін көрсетуге болмайды деп есептеймін. Неліктен бүгінгі күні бізде жануарларға ізгілікпен қарау туралы заң ақсап тұр? Өйткені өткен буынның балалары жануарларға деген қатыгездікті көріп өсті, олардың санасында бұл қалыпты жағдай ретінде қалыптасып қалды. Яғни, үй жануарларына солай қарауға болады деп ойлады. Бірақ мен қазіргі уақытта жануарларға қатыгездікпен қарауды көрсетпеуіміз керек деп санаймын. «Бұлай істеуге мүлдем болмайды», — дейді Азиза Арыстан.
Сонымен қатар, зооқорғаушы жануарларды қорғау кезінде адамдардың да зардап шекпеуі тиіс екенін атап өтті.
— Егер жануар шынымен қауіп төндіретін болса, онда ең алдымен полиция (102) мен ит аулау қызметін шақыру керек. Сондай-ақ ит аулау кезінде полиция бірге жүріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс — бұл процесті балалар көрмеуі керек. Бұл алгоритмдерді әлі де пысықтау қажет, бәлкім, осы мәселені көтеріп, арнайы отырыс немесе кеңес өткізу керек болар, — деп түйіндеді сөзін зооқорғаушы.
Мария Мельникова
Осы санаттағы мақалалар