Some image
БҚО-дағы Рубёжка өзеніндегі жеке меншік бөгет ауылға келетін суды тосып тастады
Clock 11.11.2026 15:13
34
0

БҚО Байтерек ауданындағы аттас ауылдың жанындағы Рубёжка өзеніндегі бөгет жергілікті кәсіпкер әрі «КХ» иесі Владимир Рубцовқа тиесілі. Бастау бұлақтары бар өзендегі асырмалы (переливная) құрылыс биыл толығымен бизнесменнің өз қаржысына салынған. Күз түсісімен бөгеттің төменгі жағындағы өзен арнасы шамамен тартылып, бірнеше жылға ғана су қалды, ал Рубёжка поселкесіне су жетпей жатыр. Бұл өзен құятын Жайық өзені деңгейінің төмендеуіне байланысты, бірақ поселке тұрғындары әр күз сайын бұрын топырақ үйіліп жасалатын және кейін бұзылатын бөгеттің қазір күрделі құрылысқа айналғанына қатты алаңдаулы. Ауыл тұрғындарының айтуынша, берік салынған бөгет экологиялық апатқа және Рубёжкадағы тірі ағзалардың өліміне әкелуі мүмкін. Оларды мемлекеттік органдардың «бөгет ауылды су басудан қорғау үшін салынды» деген жауабы тіпті қаттырақ үркітеді.

Қанат Өтеғалиев, Батыс Қазақстан облысы бойынша Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:

– Бөгет «асырмалы» деп аталады, ол биыл Инспекциямен келісіле отырып салынды, мемлекеттік қызмет түрі «су қорғау аймағында, белдеуінде және су объектісінде объектіні орналастыру» деп аталады. Барлық құжаттарды шаруа қожалығы ұсынды, су ресурстарына әсер етуді бағалау жұмыстары көрсетілді, біз келісімін бердік. Әрі қарай біз бақылау жасаймыз. Бөгеттің ең төменгі нүктесі 1,5 метр, ол су асып ағатын осындай механизмге ие. Егер бұл бөгет болмаса, әр күз сайын онда мүлде су қалмас еді. Жайық деңгейі төмен тұр, сондықтан күзде су кетеді, бұл – табиғи үдеріс, қысқа қарай су толығымен Жайыққа кетіп, поселке сусыз қалады. Бөгеттің кесірінен қазір поселке маңында тоған бар, өзен деңгейі онда 1,5 метр болып тұр. Шаруа қожалығына тиесілі шамамен 180 гектар суармалы жер бар, олар ауыл шаруашылығы үшін қажеттілік ретінде суды ұстап тұр. Егер бөгет болмағанда, суаратын ештеңе қалмас еді және поселкеге де су тимес еді. Біз орынға барған кезде тұрғындар бөгеттің құрылысын қолдаған болатын. Қазір біз экокеңеспен бірге ұсынымдар әзірлеп жатырмыз, әсер ету бағалауын ғылыми тұрғыдан зерделеудеміз.

Владимир Рубцов, кәсіпкер, «Рубёжинский» ӨК негізін қалаушы:

– Мен бөгетті өз бетімше, жеке қаражатыммен салдым. Бұл – барлық судың Жайыққа босқа кетіп қалмауы үшін Рубёжка өзеніндегі асырмалы бөгет. Бұл учаскеде жерді біз 2017 жылдан бері өңдеп келеміз, үш жыл бойы мен өзенді бақыладым. Көктемде ол суға толы болып, маусымның ортасында таяз тартып, тізеден де төмен су қалатын. Бұл жоғарғы ағысқа дейін бүкіл өзен бойында солай. Мен өзенді бақылап, жергілікті қариялармен, кеңес заманында осы алқаптарда еңбек еткендермен ақылдастым. Олар маған кеңес кезінде үйінді бөгеттің қай жерде салынғанын көрсетті – оны жыл сайын суару кезінде үйіп, тасқын кезінде шайылып кетпеуі үшін күзде бұзып отырған. Біз де біршама уақыт солай жасадық – қариялар көрсеткен орынға үйінді бөгет салдық. Иә, су жинала бастады, иә, басында бәрі жақсы болды, бірақ бөгет өтуге арналмағандықтан, оны күзде бұзу керек болатын. Содан кейін біз жобалаушылар мен мамандарды шақырып, өзен бойынша барлық деректерді көрсеттік. Содан кейін ғана жыл сайын топырақ үйе бермеу үшін асырмалы бөгет тұрғыздық. Жобаны өз есебімізден жасадық. 2024 жылы әкімдіктен және барлық құрылымдардан тиісті рұқсаттарды алдық. 2025 жылы құрылысты бастап, 2026 жылы аяқтадық. Қазір бөгеттің жоғарғы жағындағы өзен суға толы, оның су деңгейі мен тереңдігі ұлғайып, кей жерлерде 5-6 метрге жетеді. Су өте көп. Жайық жаққа қарай жағдай, әрине, қазір онша көрікті емес. Бірақ бұл көктемге дейін ғана созылады – біз бөгет тұрғызу үшін учаскені құрғаттық, ал қазір Жайық тартылып, Рубёжкадан келген су сонда ағып кетті. Бірақ бұл – қалыпты жағдай. Қазір бөгеттің үстінен су асып, ағып жатыр, Жайыққа қарай құйылуда. Біз біздің бөгеттен төменгі аралық пен көпірге дейінгі учаскенің де суға толы болуы үшін көктемді күтіп отырмыз. Біз барлық жағалауды тазартып, өзенді біраз кеңейттік. Тіпті сол жердегі бірнеше бұлақты да тазарттық, бүгінгі таңда бұлақтар көз ашып, жақсы су бере бастағаны көрініп тұр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші ретінде бұл өзен барлық жергілікті тұрғындарға қарағанда бізге көбірек қажет. Біз қазір бұл өзеннен алқаптарды суарамыз, ағыс жоғары жағында да өзеннен су алатын алқаптар бар, онда жергілікті мал жайылады. Егер бұрын жергілікті тұрғындар малды суаратын жердің жоқтығынан, судың жетіспеуінен дабыл қаққан болса, біз асырмалы бөгетті жасағаннан кейін малға да, баршасына да су жеткілікті болып отыр. Өзеннің өмір сүруіне бәрінен бұрын өзіміз мүдделіміз, мен бұның бәрін текке істеп отырған жоқпын. Мен мұны ақылмен, зерттеу жүргізіп, ғылыми тұрғыдан жасаймын. Қариялармен де, жергілікті тұрғындармен де ақылдастым. Біз осы үшін бәрін жасадық.

Бөгеттің құрылысы кәсіпкерге 15 миллион теңгеге түсті.

Болат Єсекин, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруі және жасыл экономика саласындағы сарапшы әрі ғалым:

– Еуропа елдері мен АҚШ-та бұрын салынған барлық бөгеттер мен дамбалар бұзылып жатыр, өйткені олардың пайдасынан зины көп екенін анықтады. Олар тек энергетиктер мен қаржы игеретіндерге, құрылыс салушыларға ғана пайда әкеледі, ал халыққа, табиғатқа, кең ауқымдағы экономикаға және ұзақ мерзімді перспективада ешқандай пайдасы жоқ. АҚШ пен Еуропада мыңдаған бөгет бұзылды және олар осындай жұмыстарға кірісті, өйткені бөгеттер салу – бұл құрылыстар экономикаға, энергетикаға көмектеседі, суару үшін су жинайды, су тасқынынан қорғайды деп есептелген өткен заманның шешімі екенін түсінді. Шын мәнінде, қазір белгілі болғандай және БҰҰ ұсынымдарында көрсетілгендей, табиғатты қалпына келтіру үшін табиғи шешімдерді – табиғи су ағындарын, өзендердің табиғи қозғалысын қалпына келтіруді қолдану қажет, бұл су тасқынының алдын алу және ауыл шаруашылығын қоса алғанда, тұрақты сумен жабдықтау үшін анағұрлым сенімді шара болып табылады. Қазақстан бүгінде көптеген дамыған елдер жіберген қателіктер жолымен келеді, өйткені ол елдерде бұрын шешімдер шағын топтың немесе энергетика немесе ирригация сияқты шағын сектордың мүдделері негізінде қабылданды. Бірақ ел барлық су пайдаланушылардың – жергілікті халықтың, балық шаруашылығының, ауыз судың, биоалуантүрліліктің мүдделері ескеріле бастайтын деңгейге жеткенде, бөгеттер салу тиімсіз болып шығады. Бірақ мұндай мүдделер ескерілмейтін жүйелерде бұл шешімдерді шағын топтар қабылдайды, лобби жасайды. Оның үстіне мемлекеттің ақшасына, салық төлеушілердің ақшасына жүзеге асырылады. Бұл, әрине, қателік.

 

 

 

Мария Мельникова

 

 

0
Орал әуежайындағы өрт сөндіруші-құтқарушы әуежай басшылығы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтынын айтты
Орал әуежайындағы өрт сөндіруші-құтқарушы әуежай басшылығы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтынын айтты
Clock 26.06.2024 21:08
«Талап» АҚ қорықшы Эдуард Победимовтың мәйітіне сараптама жасалған күні тоңазытқыштардың бұзылғанын жоққа шығарды
«Талап» АҚ қорықшы Эдуард Победимовтың мәйітіне сараптама жасалған күні тоңазытқыштардың бұзылғанын жоққа шығарды
Clock 04.07.2026 13:03
Мүлдем жанашырлық жоқ: Оралдағы спорт алаңында қаза тапқан баланың ісі бойынша сот тағы да кейінге қалдырылды
Мүлдем жанашырлық жоқ: Оралдағы спорт алаңында қаза тапқан баланың ісі бойынша сот тағы да кейінге қалдырылды
Clock 21.08.2026 14:02