Оралдағы қала ағаштары көше сәні болудан қалғаны қашан — жаһандық жылыну мен қуаңшылық жағдайында олар климаттық қорғаныстың басты жүйесіне айналды. Бірақ аймақтың оңтүстігінен шөл заулап келе жатқанда және ғалымдардың айтуынша, өңірде жергілікті өзгеріс механизмі іске қосылғанда, қала «ең жасыл» деген мәртебесін сақтап қала ала ма? Біз ғалымдармен, сарапшылармен, қоғам белсенділерімен және әкімдік өкілдерімен тілдесіп, жүйесіз отырғызудың неге тиімсіз екенін, жайылма ормандарды отаудың қаупін және сауатты жасыл қаңқаның Оралға климат өзгерісіне төтеп беруге қалай көмектесетінін білдік.

Орал тарихи тұрғыдан Қазақстандағы ең жасыл әрі экологиялық қолайлы қалалардың бірі ретінде белгілі. Оның жасыл қорының негізі ХХ ғасырдың ортасында қаланған: 1950–1970 жылдары қалаға шыдамды ағаш тұқымдары жаппай отырғызылып, тығыз табиғи қалқан қалыптасты. Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің жайылмасында орналасқан қала ұзақ уақыт бойы бірегей микроклимат пен сыртқы кері әсерлерден табиғи қорғанысқа ие болды.
Дегенмен, сарапшылар атап өткендей, бүгінде бұл мәртебе босаңсуға себеп бола алмайды. Көне екпелер тозып, оталып жатыр, ал ойластырылмаған қала құрылысы шешімдері Оралды аптап ыстық «адам илеуіне» айналдыруы мүмкін. Мұндай ортада бүкіл биоалуандылық жойылып, тұрғындар табиғатпен етене байланысынан айырылады. Орын алып жатқан климаттық өзгерістер жағдайында бұл тарихи мұраны жай ғана сақтап қоймай, оны ғылыми тұрғыдан жаңартуды және қорғауды талап етеді.

Жаһандық климат өзгерісін биыл Еуропа мен Еуразия құрлығының басым бөлігі Эль-Ниньо феноменінің толық қуатын сезіну арқылы өткерді. Жоғары температура мен қуаңшылық адамдардың қаза табуына және мыңдаған жанның денсаулығының нашарлауына әкеп соқты. Оралда да бұл жаз аптап ыстықпен өтті, термометр бағаны Цельсий бойынша 40 градустан асып жығылды. Дегенмен, Қазақстанның бұл бөлігі үшін бұл таңсық емес. Бірақ ғалымдар ауа райы одан ары катаңдауы мүмкін дейді — бұл жергілікті климаттың өзгеруіне байланысты, өйткені БҚО-да шөлдеу процесі байқалуда.
— Шөлдеу қаупі бар және ол өте жоғары. Мұның таяу екі-үш жылда бола салатынын айтпас едім, бірақ түбі орын алады. Бұл бағытта екі қауіп төніп тұр: біріншісі Орда тарапынан келсе, екіншісі — құм-шағал қоспасы (ҚШҚ) мен саз өндіру үшін карьерлерді қазу салдарынан жайылма ормандардың кебуі. Мұның бәрі табиғи теңгерімді бұзады, — дейді ғылыми қызметкер, биолог-орнитолог Михаил Шпигельман. — Жайылма орманды отаудың басты қаупі — жер асты сулары деңгейінің төмендеуі. Ғалымдар Жайықтың тартылуы XVIII ғасырда, казактар Оралды игере бастаған кезден басталғанын айтады. Олар құрылысқа ағаш пайдаланып, үйді отынмен жаққандықтан, жайылма орманды кесе бастаған. Содан бері Жайық айтарлықтай тартыла бастады. Ал қазір көпір құрылысы үшін жайылма орманды отау — Жайықтың Каспийге дейінгі соңғы саласы болып табылатын Шағанның тартылуына әкеп соғады.

— Қаланың экологиялық қаңқасы деген ұғым бар. Ол тек бір орманнан емес, бір-бірімен көрінбейтін жіппен байланған көптеген шағын жасыл аралшалардан тұрады. Сондықтан қаладағы ағаштардың маңызы өте зор, — деп атап өтеді Михаил Шпигельман.
— Жасыл қаңқа — бұл жай ғана ағаштардың, саябақтар мен гүлзарлардың белгілі бір мөлшері емес. Бұл жасыл аумақтардың бәрі өзара байланысып, біртұтас жүйе құрауы маңызды. Оның құрамына саябақтар, гүлзарлар, аулалар, көгалдандырылған көшелер, қорғаныс орман алқаптары мен өзен жайылмалары кіреді, — деді жаратылыстану ғылымдарының магистрі Марина Мамышева.
— Қалалар үшін жасыл қаңқаның маңызы орасан зор. Жазда асфальт, бетон, шатырлар мен қабырғалар қатты ысып, жылуды ұзақ сақтайды. Ағаштар көлеңке түсіріп, ауаны ылғалдандырады және көшелер мен тұрғын кварталдардың қызып кетуін азайтады. Жасыл желек шаңды ұстап қалады, ауаны жартылай тазартады, шуды азайтады және қатты желден қорғайды, — дейді жасыл көшеттер өсіру тәлімбағының жетекшісі Елена Уланова. — Жасыл аумақтар су тасқынынан қорғау үшін де маңызды. Нөсер жауын кезінде или қар жылдам ерігенде топырақ, газондар, саябақтар мен жағалау аймақтары судың бір бөлігін бойына сіңіріп, ұстап тұрады. Егер қаланың басым бөлігі асфальтталып, құрылыс түскен болса, су тез ағып кетіп, су бұру жүйелеріне салмақ түсіреді де, көшелерді су басады.
Соңғы жылдары Орал едәуір өзгерді — қалада газондар көбейді, соңғы екі жылда көркейтілген гүлзарлар мен аллеялар ашылды, өсімдік түрлерінің алуандығы пайда болды. Дегенмен, қаланың жасыл қорының басым бөлігін әлі де жарты ғасырдан астам уақыт бұрын климатқа қолайлы деп танылған ағаштар мен бұталар құрап отыр.

Марина Мамышеваның айтуынша, Оралға қолайлы ағаштардың басты түрлері сонау кеңес дәуірінде анықталған. Олардың көбі бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Егер ағаш қалада ондаған жылдар бойы өсіп, қысқа да, жазғы аптапқа да төзімді болып, толыққанды ұрпақ берсе, бұл — сондай түрдің біздің жағдайымызға сай келетінінің ең жақсы дәлелі. Но бұл ескі тізімді түпкілікті бекітілген тізім ретінде қарастыруға болмайды. Өткен онжылдықтарда климат өзгерді, қалалық ортаның өзі де басқаша сипат алды. Ғимараттар, жолдар мен асфальтталған алаңдар көбейді, жазғы ыстық қаттырақ сезіледі. Топырақтың күйі, жер асты суларының деңгейі, тұздану дәрежесі өзгеруде. Мұнымен қоса, өсімдіктердің жаңа зиянкестері мен аурулары пайда болуда. Сондықтан бұрынғы тізімді жоймай, оны үнемі нақтылап, толықтырып отыру қажет. Өсімдіктер түрін қайта қарауды шамамен 5–10 жылда бир рет жүргізген жөн. Ал ағаштардың жай-күйін, олардың тамыр алып кетуін және төзімділігін үнемі бақылап отыру қажет.
Елена Уланова көгалдандыруды ағаш отырғызудың біржолғы науқанына айналдыруға болмайды деп есептейді. Көшеттерді отырғызып, олардың саны туралы есеп беру жеткіліксіз. Оның қаншасы аман қалғанын, оны кім күтіп-баптайтынын, судың жеткіліктігін және бұл екпелер кейінгі құрылыс жұмыстары кезінде сақталып қала ма, жоқ па — осының бәрін ескеру қажет.
Бүгінде Оралда 70 саябақ, гүлзар, аллея мен жасыл аймақ бар. Тек 2026 жылдың өзінде қалада 13 жаңа жасыл аймақ салынып, жөнделіп, пайдалануға берілді, тағы біреуін абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл — Орал қаласы акиматоғының деректері. Қазіргі уақытта әкімдік қала тарихындағы алғашқы ресми дендропланды дайындап жатыр.
Оралдың дендрологиялық жоспарын жасауға бюджеттен 7,5 миллион теңге бөлінді. Қала билігі бұл шешімді былай түсіндіреді:
«Дендрологиялық жоспар қаланың жасыл қорын сақтау, күтіп-ұстау және дамытуға жүйелі тәсілді қалыптастыру үшін қажет. Негізгі міндет — қолданыстағы жасыл екпелердің саны, тұқымдық құрамы, орналасқан жері мен жай-күйі туралы шынайы ақпарат алу (...) Дендрологиялық жоспар жасыл екпелердің орны мен түрін дұрыс таңдауға, отырғызу тиімділігін арттыруға және оларға тиісті күтім жасауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».
Оралға бюджеттің миллиондаған қаржысына дендроплан не үшін қажет?
Әкімдіктегілер бұл қаланың жасыл қорын сақтауға және дамытуға көмектеседі дейді.
Жүйелі тәсіл мыналарға мүмкіндік береді:
- Жасыл екпелердің жүйесіз отырғызылуына жол бермеу;
- Аумақтың нақты жағдайларын ескере отырып ағаш тұқымдарын таңдау;
- Отырғызу үшін ең қолайлы орындарды анықтау;
- Қолданыстағы деңі сау әрі құнды екпелерді сақтау;
- Апатты және әлсіреген ағаштарды уақытылы анықтау;
- Жасыл қорды күтіп-ұстау и қалпына келтіру шараларын тиімдірек жоспарлау;
- Бюджет қаражатын тиімді пайдалану.
«Қала үшін бұл — орнықты әрі функционалды жасыл инфрақұрылымды қалыптастыру, қалалық ортаның сапасын арттыру, микроклиматты жақсарту, шаң мен шу салмағын азайту және қолданыстағы жасыл алқаптарды сақтау дегенді білдіреді», — деп атап өтті Орал әкімдігіндегілер.
— Жасыл қаңқа — бұл ойластырылған жүйе. Оның жай-күйін бағалау үшін отырғызылған ағаштардың санын ғана емес, олардың жасын, денсаулығын, саялылығын (шатыр аумағын), орналасуын және жекелеген жасыл аумақтардың арасындағы байланысты ескеру маңызды, — деді Марина Мамышева.
Елена Уланованың сөзінше, климаттың өзгеруі жағдайында жасыл қаңқа — жай тапзалық пен абаттандыру мәселесі емес. Бұл — жол, сумен жабдықтау және кәріз жүйесі сияқты қаланың өмірлік маңызды инфрақұрылымы. Оны сақтау мен дамытуға қаланың климаттық төзімділігі, адамдардың денсаулығы және болашақ ұрпақтың өмір сүру сапасы тікелей байланысты.

— Орал әлі де қолайлы қала ретінде басқа шаһарлардың аясында жасыл қала мәртебесін сақтап отыр. Экологиялық тұрғыдан ол ең қауіпсіз қалалардың бірі. Но бұл босаңсуға себеп емес. Тәжірибе жинақтап, ұмтылатын бағыттар әлі де жеткілікті. Сондықтан билік елдің экологиясы мен биоалуандылығын сақтау бойынша ұсыныс беретін ғалымдардың пікіріне құлақ асуы тиіс. Барлық осындай шешімдер адам мен ол өмір сүріп жатқан ортаның — флора мен фаунаның пайдасына қабылдануы керек. Тарихи тұрғыдан адам жануарлар мен өсімдіктер әлемімен тең дәрежеде өмір сүрген. Адам үшін бұл бауырластық еді. Бұл позиция қайта қалпына келтірілуі тиіс. Адам табиғатқа келтірген кез келген зиянын — шабылған ағаш болсын, аңшылық, балық аулау, пайдалы қазбаларды өндіру болсын — өтеуге міндетті деген ұстаныммен өмір сүруі керек. Қазіргі адам табиғатты жою арқылы өзін және өз болашағын жойып жатқанын түсінуі тиіс, — деді қоғам белсендісі, тарихшы, құқық қорғаушы Ғалым Әгелеуов.
Осы санаттағы мақалалар