2026 жылдың 2 қыркүйегінде Орал қаласының қылмыстық сотында қоғам белсендісі Аслан Өтеповтің жазасының өтелмеген бөлігін жеңілдету туралы өтінішхаты қаралды. Судья Сабыржан Есжанов өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тартып, Өтеповтi қамауда қалдырды.
Жеті жылға бас бостандығынан айырылған қоғам белсендісі әрі «Трамадол» есірткісінің заңсыз саудасымен күрескен Аслан Өтепов жаза мерзімін жеңілдетуді сұрап сотқа жүгінген еді. Ол өз өтінішхатында өзін қамаудан босатып, бас бостандығынан айыру жазасын жеңілірек түріне ауыстыруды өтінді.
Бүгінгі таңда Аслан Өтепов төрт жыл тоғыз ай үш күн жазасын өтеген. Белсендінің әлі екі жыл 11 ай 16 күн мерзімі бар.
Өтепов өтінішхатында колонияда болған уақытында тәртіп пен ішкі ережелерді өрескел бұзбағанын, көтермелеулер алғанын және мекеме өміріне белсене қатысып жүргенін атап өтті. Жазасын өтеу барысында ол білім алып, ағаш шебері (столяр) дипломын иеленген, тіпті жұмысқа да орналасқан, алайда кейіннен себебі тиісті түрде түсіндірілместен жұмыстан босатылған.
— Менің отбасым бар — жұбайым және үш балам. Оларға менің қолдауым қажет, отбасымызда екі студент пен бір кәмелетке толмаған бала болғандықтан, қаржылай қиындық көріп отыр. Қазір тек жұбайым ғана жұмыс істейді, балаларды жалғыз асырау оған оңай тимей жатыр. Соттан осы жайттарды ескеріп, отбасымның жанында болып, оларға көмектесуіме мүмкіндік беруін сұраймын, — деді Аслан Өтепов сотта.
Аслан Өтепов сотта онлайн режімде сөз сөйледі, оны сот залына алып келмеді. Процесс барысында оның жанында болған мекеме әкімшілігінің өкілі колония басшылығы Өтеповтің жазаны жеңілдету туралы өтінішхатын қолдайтынын атап өтті. Жазаны жеңілірек түріне ауыстыруға (ЖЖА) прокурор қарсы шықты. Ол Өтеповтің биыл колония әкімшілігінен алған көтермелеулері жоқ екенін, бұл белсендінің бостандыққа шығып, мерзімнің қалған бөлігін үйқамақта немесе шартты түрде өтеуіне жол бермеуге себеп екенін мәлімдеді. Прокурордың бұл ұстанымын судья да қостап, Аслан Өтеповтің ЖЖА туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартты.
Аслан Өтеповтің сот шешіміне шағым түсіруге мүмкіндігі бар.
Бұл қоғам белсендісі Өтеповтің үкімді жеңілдетуді сұрап отырған алғашқы әрекеті емес. Өткен жолы да сот оның өтінішін кері қайтарған болатын.
Мария Мельникова
Осы санаттағы мақалалар