Some image
Оралдағы КПО-ның ұзаққа созылған құрылысы әкімдікке берілді: көпқабатты үй аяқталады, бірақ оған апатты үй тұрғындары көшірілмейді
Clock 20.07.2026 14:32
17
0

Осыдан алты жыл бұрын 10-шағын ауданда жалғыз баспанасы апатты деп танылған кезектегілер үшін тоғыз қабатты үйдің құрылысы басталған болатын. Алайда, анықталған заңбузушылықтардан кейін жұмыс тоқтап, нысан ұзаққа созылған құрылысқа (долгострой) айналды. Биыл нысан Орал қаласы әкімдігінің теңгеріміне (балансына) берілді. Билік оны 2027 жылдың соңына қарай аяқтауға уәде беріп отыр.

Бұл нысан «Жайық Арена» спорт кешеніне жақын маңда орналасқан. Жалғыз үйі апатты деп танылған кезектегі отбасылар құрылыстың аяқталуын көп жылдан бері күтіп жүр. Олардың үйлері қаланың инвесторлар үшін тартымсыз немесе тозығы жеткен аудандарында орналасқан. Оның үстіне, олар реновация бағдарламасына қатыса алмайды. Соған байланысты билік оларға «КПО б.в.» компаниясының әлеуметтік инвестициялары желісі бойынша баспана салу туралы шешім қабылдаған еді.

БҚО Құрылыс басқармасынан Umarovnews басылымына хабарлағандай, Оралдың Солтүстік-Шығыс бөлігінде 180 пәтерлік 9 қабатты үйдің құрылысы 2020 жылы басталған. Бас мердігер — «СФ Алтим» ЖШС.

Құрылысшылар екі қабатты тұрғызған кезде тапсырыс берушіде жұмыс сапасына қатысты күмән туындаған. «КПО б.в.» компаниясы аккредиттелген техникалық қадағалау мамандарын тартты. Тексеріс барысында құрылыстың заңбузушылықтармен жүріп жатқаны анықталды. Салдарынан іргетас пен бірінші қабаттың жапқыш плиталарында сызаттар пайда болып, бұзыла бастаған. Осылайша көпқабатты үйдің құрылысы тоқтатылды. Кейін ұзақ сот процестері басталып, соның барысында мердігермен жасалған келісімшарт мерзімі де аяқталды.

БҚО Құрылыс басқармасының түсіндіруінше, бүгінде жобаға түзетулер енгізіліп, екі қабаттың жапқыш плиталарын күшейту көзделген. Алайда, мемлекеттік сараптама теріс қорытынды берген. Қазіргі уақытта бұл нысанның техникалық жағдайын бағалау және оны одан әрі іске асыру механизмін анықтау үшін ол «КПО б.в.» компаниясының балансынан Орал қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілді.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов Umarovnews тілшісіне 10-шағын аудандағы Кеміңгер көшесі, 9Б мекенжайында орналасқан аяқталмаған тұрғын үйдің осыдан бірнеше ай бұрын қала әкімдігінің теңгеріміне өткенін растады. – Осы нысанды КПО компаниясының балансынан Орал әкімдігінің балансына өткізу процедуралары бір жыл бойы жүргізілді. Бүгінгі таңда біз «Болашақ-Т» ЖШС-мен келісімшартқа отырдық, таяу арада көпқабатты үйдің құрылысы қайта жанданады, – дейді Азамат Халелов.

Қала әкімінің орынбасары тоғыз қабатты үй бұрынғы тоқтап қалған құрылыс орнында 2027 жылдың соңына дейін бой көтеретінін атап өтті. Бұл үй бастапқыда апатты баспана иелері үшін салынғанына қарамастан, билік оларды бұл үйге көшіруді жоспарлап отырған жоқ. Азамат Халеловтың айтуынша, әкімдік қыркүйек айында-ақ осы санаттағы кезектегілер үшін «Ақжайық» шағын ауданындағы жеке құрылыс салушылардан 40 пәтер, ал жыл соңына дейін тағы 40 пәтер сатып алуды көздеп отыр. Жалпы, қала әкімдігінің жоспары бойынша, апатты үй иелері қатарындағы кезекте тұрғандардың мәселесін 2027 жылдың соңына дейін толық шешу көзделуде.

– 1 шілдеден бастап «Реновация туралы» заң күшіне енді. Енді жергілікті атқарушы органдар реновация бағдарламасы аясында «Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар» санаты бойынша кезекте тұрған адамдар үшін жеке құрылыс салушылардан пәтер сатып алуға құқылы. Қазіргі уақытта бұл санатта 255 апатты үй иесі кезекте тұр. 2026-2027 жылдар аралығында біз олар үшін 180 пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Кезекте тұрғандардың жалпы санынан тағы кем дегенде 70 отбасы реновация бағдарламасына қатысуда – олардың үйлерінің орнында жеке инвесторлар жаңа үйлер салып жатыр, – дейді Азамат Халелов.

Қала әкімінің орынбасары Кеміңгер көшесі, 9Б мекенжайындағы бастапқыда апатты үй тұрғындары үшін басталған үйдің иесіз қалмайтынын айтты. Қала әкімдігі бұл үйдің пәтерлерін басқа санаттағы кезекте тұрғандарға беруді жоспарлап отыр. Қалада 300-ден астам тозығы жеткен (ветхий) үй бар. Қала әкімдігі тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы аясында осы тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын аталған нысандағы жаңа пәтерлерге қоныстандыру нұсқасын жоққа шығармайды. Ал олардың ескі үйлері бұзылып, жеке құрылыс салушылардың қолдауымен орнына жаңа көпқабатты үйлер салынатын болады.

 

 

 

Людмила Калашникова 

0
Оралда Назарбаев даңғылы бойымен 167 км/сағ жылдамдықпен жүрген жүргізуші ұсталды (ВИДЕО)
Оралда Назарбаев даңғылы бойымен 167 км/сағ жылдамдықпен жүрген жүргізуші ұсталды (ВИДЕО)
Clock 31.07.2025 01:30
Оралдың орталығында зейнеткер аштық жариялады
Оралдың орталығында зейнеткер аштық жариялады
Clock 07.07.2026 15:40
Оралда 13 жасар қызды зорлады деп айыпталған төрт жасөспірім мен 20 жастағы жігітке қатысты сот үкімі шықты
Оралда 13 жасар қызды зорлады деп айыпталған төрт жасөспірім мен 20 жастағы жігітке қатысты сот үкімі шықты
Clock 05.06.2024 21:05