Some image
Оралдың ағаштары мен бұталары 47,5 миллион теңгеге зерттеліп, түгенделеді
Clock 28.08.2026 18:30
17
0

Орал қаласының бюджетінен дендрожоспар жасауға 47,5 миллион теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қаражатқа шаһардағы барлық ағашты зерттеп, «Оралдың жасыл қоры туралы өзекті ақпарат» қалыптастыру көзделіп отыр.

Орал әкімі биыл дендрожоспарға 47,5 миллион теңге бөлінгенін хабарлаған соң, «Umarovnews» редакциясы жаңашылдықтың егжей-тегжейін білу үшін қалалық әкімдікке сауал жолдаған еді. Төменде қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтен алған жауаптарды ұсынамыз.

Оралға дендрожоспар не үшін қажет?

Негізгі міндет — қаладағы қолданыстағы жасыл желектердің саны, түрлік құрамы, орналасқан жері мен жай-күйі туралы шынайы ақпарат алу.

Шаһардағы ағаштар мен бұталарды зерттеу барысында апатты әрі қауіп төндіруі мүмкін ағаштар, қайта қалпына келтіруді және қосымша көгалдандыруды қажет ететін учаскелер, сондай-ақ жаңа жасыл желектерді отырғызуға қолайлы орындар анықталады.

Шаһарда ағаштардың нақты түрлерін отырғызатын орындарды белгілеуге ерекше маңыз беріледі. Өсімдіктерді таңдау кезінде қаланың климаттық ерекшеліктерін, топырақтың жағдайын, инженерлік коммуникациялардың барын, қолданыстағы құрылыстарды және басқа да факторларды ескеру қажет.

Дендрологиялық жоспар қаланың жасыл қорын сақтау, күтіп-ұстау және дамытуға жүйелі тәсілді қалыптастыру үшін қажет.

47,5 миллион теңге нақты не нәрсеге жұмсалады?

  1. Қала аумағындағы жасыл желектерді кешенді түгендеуді жүргізуге;
  2. Олардың сандық және түрлік құрамын анықтауға;
  3. Қолданыстағы желектердің жай-күйін бағалауға, апатты әрі әлсіреген ағаштарды анықтауға;
  4. Қаланың жасыл қоры туралы өзекті ақпаратты қалыптастыруға.

Сондай-ақ мердігер қаланың түрлі бөліктеріндегі топырақтың жай-күйін және оның құнарлылық деңгейін анықтауы тиіс. Бұл Оралдың белгілі бір бөлігіне қай ағаштар мен бұталардың сәйкес келетінін түсінуге көмектеседі.

Атқарылған жұмыстың нәтижелері қаланың жасыл қорын сақтау, күтіп-ұстау, қалпына келтіру және одан әрі дамытудың біртұтас тәсілін қалыптастыру үшін пайдаланылады.

Мердігер кім?

«I-UNION» ЖШС. Компания әкімдік биыл ойнатқан тендерді ұтып алған.

Мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметінше, бұл компания 2025 жылдың 17 желтоқсанында құрылған. Серіктестік Астана қаласында тіркелген, басшысы ретінде Бақытбек Арыстамбеков көрсетілген.

Қазір ағаштар қалай отырғызылып жүр?

Осы уақытқа дейін және қазіргі таңда Оралды көгалдандыру жұмыстары Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне және елді мекендердің жасыл желектерін күтіп-ұстау мен қорғау қағидаларына сәйкес жүргізіліп келеді.

Көгалдандыратын орындар құрылысқа, жолдардың, инженерлік желілер мен коммуникациялардың орналасуына, күтіп-ұстау мүмкіндігіне және климаттық жағдайларға қарап таңдалады.

Дендрожоспардың қандай көмегі тиеді?

Жүйелі тәсіл мыналарға мүмкіндік береді:

  1. Жасыл желектерді ретсіз (хаосты) отырғызуға жол бермеуге;
  2. Табиғи аумақтың нақты жағдайын ескере отырып, ағаш тұқымдарын таңдауға;
  3. Отырғызу үшін ең қолайлы орындарды белгілеуге;
  4. Қолданыстағы сау әрі құнды желектерді сақтауға;
  5. Апатты және әлсіреген ағаштарды өз уақытында анықтауға;
  6. Жасыл қорды күтіп-ұстау және қалпына келтіру шараларын тиімдірек жоспарлауға;
  7. Бюджет қаражатын тиімді әрі үнемді пайдалануға.

 

 

 

Мария Мельникова 

0
Оралда қала орталығындағы тергеу изоляторы қауіпті деп танылды
Оралда қала орталығындағы тергеу изоляторы қауіпті деп танылды
Clock 26.09.2024 13:34
Оралда жалғыз тегін жағажай жабылды: билік жұртты жекеменшік аумаққа сілтеп отыр
Оралда жалғыз тегін жағажай жабылды: билік жұртты жекеменшік аумаққа сілтеп отыр
Clock 21.07.2026 13:11
Батыс Қазақстан облысының билігі Орал маңындағы құс фабрикасында болған аурудан 100 мыңнан астам балапанның жойылу жай-жапсарын жасырып отыр
Батыс Қазақстан облысының билігі Орал маңындағы құс фабрикасында болған аурудан 100 мыңнан астам балапанның жойылу жай-жапсарын жасырып отыр
Clock 16.01.2025 19:52