Some image
Белсенді Азамат Мусилов Оралдағы мектеп тамағы жүйесін қайта қарауды талап етуде (ВИДЕО)
Clock 14.07.2026 22:08
101
1

Қоғамдық белсенді бірнеше айдан бері Орал мектептеріндегі балалардың неліктен асханадан тамақтанғысы келмейтінін және бұл жағдайды қалай өзгертуге болатынын анықтауға тырысып жүр. Оның пікірінше, бәсекелестіктің жоқтығы, МЖӘ (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) шарттарының жабықтығы және мердігерлерге бақылаудың әлсіздігі басты мәселеге айналып отыр.

Азамат Мұсыловтың мектептегі тамақтандыру тақырыбына қызығушылық танытуы кездейсоқ емес.

«Менің мектепте оқитын екі балам бар. Күн сайын олар асханадан тамақтануға ақша сұрайды, бірақ тек бөлке нан мен тәтті тоқаштар сатып алады. Сұйық тамақ пен екінші тағамды неге ішпейді? Өйткені, олардың айтуынша, тамақ дәмсіз және өте қораш күйде ұсынылады, балалардың оны жегісі келмейді», – дейді белсенді.

Әлеуметтік желілердегі жазбалардан кейін оған мектеп оқушыларының ата-аналары да жазып, тамақ сапасына шағымдана бастаған.

Бұл ретте, Мұсыловтың айтуынша, мәселе қаржыландырудың аздығында емес.

«Маған екі мектепке қызмет көрсететін кәсіпкер әйел хабарласты. Ол мемлекет тарапынан бір балаға бөлінетін 689 теңгеге сапалы түскі ас дайындауға әбден болатынын айтады», – деп атап өтті ол.

Белсенді мектеп тағамы нарығында бәсекелестіктің жоқтығын және өнім берушілерді бақылаудың жеткіліксіздігін басты проблема деп санайды.

«Қазір мектептер төрт мердігердің арасында бөліске түскен, ал олардың артында, негізінен, бір ғана адам тұр. Оның өз кәсіпорны бар, сосын ұлының атына рәсімделген ЖК, туысының атындағы ЖК және бұрынғы қызметкерлеріне жазылған компаниялар бар. Біз ата-ана әрі салық төлеуші ретінде мынаны білуге тиіспіз: қандай негізде 44 мектеп іс жүзінде төрт мердігердің қалтасына беріп қойылды? Қазір бізде тамақтандыру саласындағы жағдай мәз емес – онда ешқандай бәсекелестік жоқ», – деп мәлімдеді Мұсылов.

Ол мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша МЖӘ шарттарын ұсынуды сұрап, БҚО білім басқармасына бірнеше рет жүгінгенін, бірақ құжаттар оған бәрібір көрсетілмегенін айтады.

«Егер адамның немесе мемлекеттік органның жасыратын ештеңесі болмаса, ол ашық болады. Бірақ мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі МЖӘ шарты бойынша олар менімен мүлдем байланысқа шықпай, тас керең кейіп танытып отыр», – дейді қоғам белсендісі.

Мұсыловтың айтуынша, ол 2020–2023 жылдардағы МЖӘ шарттары бойынша аудиторлық есепті зерттеген. Ол құжатта қазіргі модельдің тиімсіздігі ашық айтылғанын алға тартады.

«Аудиторлардың қарарында нақты жазылған: МЖӘ шарты тиімсіз. Мердігерлер 182 миллион теңге инвестиция салса, мемлекет осы кезеңде 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген. Қорытынды құжат бюджеттің жыл сайын 1 миллиард теңгеден астам шығынға батып жатқанын айқайлап айтып тұр», – дейді ол.

Белсендіні алаңдатып отырған тағы бір мәселе – қосалқы мердігерлердің жұмысы.

«Бейресми дереккөздерден маған белгілі болғандай, көбі қосалқы мердігерлерді тартады. Ол адамдардың білімі, біліктілігі, мектептерде жұмыс істеу тәжірибесі бар ма, жоқ па – беймәлім», – дейді ол.

Мұсыловты, әсіресе, мектеп тамағын бақылауға қатысты жағдай таңғалдырады.

«Мен қалалық білім бөлімінің басшысынан: "Сіз мердігерлерді бақылайсыз ба?" деп сұрадым. Ол: "Шынымды айтсам, жоқ. Менің асханаларға кіруге құқығым жоқ" деп жауап берді. Сонда МЖӘ шартының жасалғаны соншалық, білім бөлімінің басшысы балалардың қалай тамақтанып жатқанын тексеруге мүмкіндігі жоқ болып шықты. Бұл — ақылға сыймайтын нәрсе!» – деп ашуланады белсенді.

Оның айтуынша, 2026 жылдың ақпан айында Оқу-ағарту министрлігінің жұмыс тобы жүргізген тексеру кезінде кейбір мердігерлердің азық-түлік сатып алғанын растайтын құжаттарды көрсете алмағаны анықталған.

«Демек, балаңыз мектепке барғанда, оның қандай ірімшік жеп жатқанын, оның мүлдем ірімшік екенін немесе оған қандай ет пен фарш беріліп жатқанын білмейсіз. Өйткені мердігерлердің бұл өнімдерді қайдан сатып алатыны белгісіз», – дейді Мұсылов.

Ол балалары мектеп тағамына көңілі толмайтын ата-аналарға бірігіп, мемлекеттік органдарға жүгінуге кеңес береді.

«Бұл жерде жаппай белсенділік таныту маңызды. Ата-аналар E-Өтініш жүйесі арқылы шағым жазып, тексерулерді талап етіп, мемлекеттік органдарды жұмыс істеуге мәжбүрлеуі керек. Егер Оралдың ең кемі 50 ата-анасы Бас прокуратураға үндеу жолдаса, бұл іс алға жылжиды», – деп сенім білдірді белсенді. Ол ата-аналарға заңнамаға сілтеме жасай отырып, мемлекеттік органдарға өтініш дайындауға көмектесуге дайын.

Азамат Мұсыловтың пікірінше, мектептегі тамақтандыру жүйесіне түбегейлі өзгерістер қажет.

«Мектеп тағамында монополия болмауы тиіс. МЖӘ шарттары толық жариялануы керек, ал бақылау жүз пайыз болуы тиіс: мемлекет тарапынан, санитарлық қызметтер мен ата-аналар тарапынан. Және тексерулер бір апта немесе бір ай бұрын ескертумен емес, кенеттен жүргізілуі тиіс», – деп түйіндеді ол сөзін.

 

 

 

Людмила Калашникова 

 

1
Сүңгуірлер біледі: су астында тірі жан қалмайды (ВИДЕО)
Сүңгуірлер біледі: су астында тірі жан қалмайды (ВИДЕО)
Clock 11.07.2026 17:01
Түрмеде 1,5 жылдан астам отырған қоғам қайраткері, заңгер Аслан Өтеповпен сұхбат
Түрмеде 1,5 жылдан астам отырған қоғам қайраткері, заңгер Аслан Өтеповпен сұхбат
Clock 19.08.2024 17:10
Аудан әкімдерінің тұңғыш сайлауы 5 қараша күні: Тасқала, Бөкейорда және Қаратөбе аудандарында өтеді
Аудан әкімдерінің тұңғыш сайлауы 5 қараша күні: Тасқала, Бөкейорда және Қаратөбе аудандарында өтеді
Clock 12.09.2023 17:43