Some image
Жаңа Орал: 2045 жылға дейін қалада не өзгереді?
Clock 09.10.2026 10:49
89
1

Бұрынғы өнеркәсіптік аймақтар тұрғын үй орамдарына айналады, Ақжайық шағын ауданында жаңа облыстық аурухана мен футбол стадионы бой көтереді, Шаған өзені арқылы бірден екі көпір салынып, жүк көліктері жаңа айналма жолға бағытталады. Біз Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловпен шаһардың таяу онжылдықтардағы келбеті мен оның аудандарын күтіп тұрған өзгерістер туралы сұхбаттасқан едік.

Оралдың жаңартылған Бас жоспары бекітудің соңғы кезеңіне өтіп, Астанаға жіберілді. Үкімет қаулысы қабылданғаннан кейін шаһардың бас қала құрылысы құжаты заңды күшіне енеді – бұл 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асып болуы тиіс.

 

Оралда 39 жаңа мектеп бой көтереді

2045 жылға қарай қала халқының саны болжам бойынша 480 мың адамға жетуі тиіс. Соған байланысты Бас жоспарда жаңа тұрғын орамдарымен қатар, жаңа мектептердің де құрылысы қарастырылған. Бұл білім ошақтары 4-ші және 6-шы шағын аудандарда, Ақжайық, Жұлдыз, Ескі әуежай және қаланың басқа да аумақтарында салынады.

«Мемлекет мектептер құрылысы үшін қажетті жер телімдерін тұрғындардан сатып алады», – дейді қала әкімінің орынбасары.

 

Орал сыртқа қарай кеңеймейді

«Қала жалпы алғанда сыртқа қарай ұлғаймайды – өзінің қазіргі шекарасында қалады. Ал даму процесі бүгінде тиімсіз пайдаланылып жатқан аумақтарды игеру есебінен жүреді», – деп түсіндірді Азамат Халелов.

Оның айтуынша, жаңа тұрғын үй орамдары бұрынғы өнеркәсіптік аумақтардың орнында – Екінші жумысшы кенті (Второй рабочий), Ремзавод және Ет комбинат (Мясокомбинат) аудандарында бой көтере бастайды. Сонымен қатар, бұрын автоколоналар орналасқан Әбілқайыр хан даңғылының бойында да тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр.

 

Гараждардың орнына – үйлер мен әлеуметтік нысандар

Бас жоспар ірі гараж кооперативтерінің аумағын да қамтиды. Оралда 10-нан астам ірі гараж кооперативі бар. Сөз, соның ішінде «Победа», «Урал» және «Чаган» гараж кооперативтері туралы болып отыр. Олардың жалпы алып жатқан аумағы 15 гектарға жуықтайды. Бұл аумақтарда тұрғын үй шағын аудандары салынады. Азамат Халеловтың сөзінше, мемлекет бұл жер телімдерін иелеріне өтемақы төлей отырып, қайтарып алады. Ал құрылыс жұмыстарымен жеке инвесторлар мен қала билігі айналысады.

 

Ақжайық – қала ішіндегі қалаға айналады

Бүгінде Ақжайықта 17 көпқабатты үй пайдалануға берілген, тағы 20-ға жуық үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы мұнда 72 көпқабатты үй салу көзделген.

«Келешекте Ақжайық шағын ауданында 70 мың адам тұратын болады. Бірақ мәселе тек тұрғын үйде емес. Аудан біртіндеп өзінің дербес әлеуметтік инфрақұрылымына ие болады. Қазір мұнда 250 орындық емхананың құрылысы басталды».

Сонымен қатар, бұл аумақта 4 мектеп, облыстық көпсалалы аурухана, перинаталдық және патологоанатомиялық орталықтар салу қарастырылған. Билік жоспарында – Ақжайықта 12 мың орындық футбол стадионын салу да бар. Ал «Freedom Finance» компаниясының жеке инвестициясы есебінен Үстел теннисі орталығының құрылысы басталып та кетті.

«Қазір бұл нысандардың барлығы жобалаудың соңғы кезеңінде тұр. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады», – дейді Азамат Халелов.

 

Жүк көліктерін қаланы айналып өтетін жолға бағыттамақ

Қазіргі таңда транзиттік ауыр жүк көліктері Шолохов, Сырым Датов, Конкин көшелері, Деркөл кенті және Зачаганскідегі жолдар арқылы өтіп жатыр.

«Біздің міндетіміз – транзиттік көлік тасқынын қала сыртына шығару», – деп түсіндірді Азамат Халелов.

Осы мақсатта Бас жоспарға 35 шақырымдық айналма жол енгізілген. Ол Махамбет ауылының маңын Зачаганскідегі Жәңгір хан мен Әйтқұлов көшелерінің қиылысымен жалғастыруы тиіс. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы айналма тасжолды жобалауды таяу арада бастауды жоспарлап отыр, ал құрылыс жұмыстары 2027 жылдан басталады деп болжануда.

 

Шаған өзені арқылы екі жаңа көпір салынады

Оның біреуінің құрылысы жүріп жатыр – ол Ақжайықты Омегов өткелі (путепровод) маңындағы қаланың ескі бөлігімен байланыстырады.

«Жақын арадағы екі жылда оның құрылысын аяқтаймыз. Бұл қаланың жаңа аумақтарын дамыту шеңберінде жүзеге асырылып жатыр», – дейді Халелов.

Екінші көпір Зачаганскіні Сарайшық көшесінің маңы арқылы Оралдың ескі бөлігімен жалғастыруы тиіс. Оны жобалау жұмыстары бірінші көпірдің құрылысы аяқталғаннан кейін басталады.

 

Ақжайық шағын ауданы ары қарай кеңейеді

Шағын ауданның дамуына қарай №7 және №8 тасжолдардың қарама-қарсы бетінде де жаңа тұрғын үй орамдары бой көтереді. Дегенмен, Бас жоспарға сәйкес, бұл аумақтан кейін тұрғын үй құрылысы тоқтатылады.

«Ақжайықтың тұрғын үй орамдарынан кейін – қолданыстағы ҚТҚ (қатты тұрмыстық қалдықтар) полигонының бойында өнеркәсіптік аймақ орналасады. Өндіріс қала аумағынан тыс жерде дамуы үшін зауыттар мен цехтар саламыз», – деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары.

 

Ескі полигон жабылып, жаңасы қаладан алысырақ орналастырылады

Орал–Саратов тасжолындағы полигон 1975 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның ауданы – 35 гектар, ал аумағында 2 млн текше метрден астам қалдық жиналған. Полигонның жобалық қуаты таусылуға жақын. Сол себепті жаңартылған Бас жоспарға жаңа ҚТҚ полигонының құрылысы енгізілді. Оны қаладан 7 шақырым қашықтықта орналастыру жоспарланып отыр. Ауданы 70 гектарды құрайды.

«Жоба әзірлену үстінде. Мемлекеттік сараптамадан өткен соң қоғамдық тыңдаулар жарияланады», – дейді Азамат Халелов.

Оның айтуынша, жаңа полигонның жанынан қалдықтарды қайта өңдеу және қоқыстан электр энергиясын өндіру бойынша екі әлеуетті инвестициялық жоба үшін жер телімдері бөлініп қойған. Бұл жобаларды Италия мен Оңтүстік Кореядан келген инвесторлар жүзеге асыруды көздеп отыр.

 

«Асан» ауылы маңындағы ескі полигон не болады?

Бұл полигон іс жүзінде жабылған – қазір мұнда тек қар шығарылады. Азамат Халеловтың айтуынша, жер рекультивацияланғаннан (қалпына келтірілгеннен) кейін мұнда сауда нысандары бар қоғамдық-іскерлік аймақ немесе қалалық аквапарк пайда болуы мүмкін.

 

Оралда саябақтар мен скверлер көбейеді

«Біз қоғамдық кеңістіктерді көркейтумен белсенді түрде айналысып жатырмыз», – дейді Азамат Халелов.

Оның сөзінше, тек осы жылдың өзінде жеке инвестициялар есебінен қалада 12 сквер бой көтерді – соның ішінде 4-ші шағын ауданда және Автопарк ауданында. Келесі жылы қала билігі тағы 20-ға жуық жасыл аймақты тәртіпке келтіруді жоспарлап отыр. Ал жаңа скверлердің орындарын қала әкімінің орынбасары «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы тұрғындардың өздеріне таңдауды ұсынады.

 

Переволочная және Хан тоғайларына құрылыс түспейді

Бұл жайтты Азамат Халелов бөле-жара атап өтті. Дегенмен, Переволочная тоғайы арқылы Сарайшық көшесін Подстёпное ауылына баратын жолмен жалғастыратын тасжол құрылысы қарастырылған. Бас жоспарға сәйкес, қалалық жағалаулар маңында үлкен жасыл серуендеу аймағы пайда болады.

«Біз қандай да бір құрылыссыз, тек серуендеу аймақтары бар экопаркті жобалауды бастап кеттік. Ол қалалық жағалаудың екі бөлігін жалғастырады», – дейді Халелов.

Сөз Стела маңындағы жағалау мен Курени ауданы арасындағы ұзындығы 620 метр болатын учаске туралы болып отыр.

 

 

 

Людмила Калашникова

 

 

1
Оралда адвокат Елена Акатова бір жылдан астам Батыс Қазақстан адвокаттар алқасының қысымына ұшырағанын айтты (ВИДЕО)
Оралда адвокат Елена Акатова бір жылдан астам Батыс Қазақстан адвокаттар алқасының қысымына ұшырағанын айтты (ВИДЕО)
Clock 27.05.2024 21:00
Конституциялық заңгер Мереке Ғабдуәлиев Қазақстан Конституциясының жобасы туралы (БЕЙНЕ)
Конституциялық заңгер Мереке Ғабдуәлиев Қазақстан Конституциясының жобасы туралы (БЕЙНЕ)
Clock 05.02.2026 15:45
Украинада соғысудан бас тартып, Қазақстанға қашқан қалмақ орысы 9 ай бойы босқын мәртебесін ала алмай жүр (ВИДЕО)
Украинада соғысудан бас тартып, Қазақстанға қашқан қалмақ орысы 9 ай бойы босқын мәртебесін ала алмай жүр (ВИДЕО)
Clock 26.12.2023 10:25