Some image
Сүңгуірлер біледі: су астында тірі жан қалмайды (ВИДЕО)
Clock 11.07.2026 17:01
36
2

Жоғалғандарды аман табумен аяқталмайтын, бақытты соңы жоқ жұмыс

Батыс Қазақстан облысының су айдындарында жыл сайын 15-тен 25-ке дейін адам ажал құшады. Биылғы статистиканың өзінде 4 құрбан тіркеліп үлгерді: суға кеткендердің үшеуі — жуырда ғана бітіру емтихандарын тапсырған тоғызыншы сынып оқушылары. Адамдар неліктен суға батады? Түпке батқан жанды аман алып қалу мүмкін бе және сүңгуірлер мәйіттерді су астынан қалай іздейді? Бул туралы Umarovnews порталы БҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының сүңгуірлік-құтқару бөлімшесінің басшысы Алексей Еремеевпен сұхбаттасқан еді.

Суға көбіне кімдер кетеді — ересектер ме, әлде балалар ма?

Облыстың бас сүңгуірі суға бататындардың басым бөлігі ересектер екенін айтады. Ересек тұрғындар арасындағы қайғылы жағдайлардың 98 пайызына ішімдік себеп болады. Суға келеді, ішеді, қызады да — қойып кетеді. Ал салқын суда температураның күрт өзгеруінен есінен танып, қайта қалқып шыға алмай қалады.

3-тен 12 жасқа дейінгі балалар көбіне ересектердің салғырттығынан суға кетеді. Балалармен болатын қайғылы оқиғалар қалай өрбиді? Бала су жиегінде қараусыз қалады, сәл тереңірек басады, шұңқырға түсіп кетіп, таяз жерге қайта шыға алмай қалады. Ал бұл уақытта ата-анасы шашлық жеп, телефонмен шүйіркелесіп отырады немесе баланы өзенге мүлдем жалғыз жібере салады.

Жасөспірімдер мен ересек балалар өздерінің бейқамдығы мен максимализмінің кесірінен суға батады: шомылуға тыйым салынған жерлерде суға секіріп, басын су түбіндегі томарға немесе тасқа соғады, тым алысқа жүзіп кетіп, шаршағандықтан қауіпсіз жағаға жете алмай қалады.

Қайғылы жағдайлар суы терең, ағысы қатты жерлерде жиі болады. Алексей Еремеевтің тәжірибесінде Жайық өзенінің Стелла ауданы мен Елизаров көшесіне жақын маңында адам өлімі жиі тіркеледі. Ол жерде өзеннің тереңдігі 4-7 метрге жететін тұстар бар. Мұндай шұңқырға түскен адамның судан өздігінен тірі шығуы мүмкін емес. Сүңгуір балалардың шомылуы үшін Желаев карьерін де қауіпті деп санайды — бұл су айдынының тереңдігі кей жерлерде 16 метрге дейін жетеді. Мұнда балаларға тек жағалаудың бойымен, таяз жерлерде ғана жүзуге болады.

Сүңгуірлердің жұмысында адамды ғажайыппен аман алып қалған сәттер бола ма?

Өкінішке қарай, Алексей өз тәжірибесінде мұндай жағдайдың бірде-бір рет болмағанын айтады. Егер адам су астына кетсе, оны құтқаруға тек 5-6 минут қана уақыт бар — осы алтынмен тең минуттар өткен соң, оттегісіз қалған ми істен шығады.

Еремеев жедел-құтқару жасағында 23 жылдан бері қызмет етеді: 2003 жылы судан құтқару қызметіне матрос-құтқарушы болып орналасып, кейін сүңгуір мамандығын қосымша меңгерген. Ол көп жылдар бойы судағы адамдарды құтқарумен және аман алып қалу мүмкін болмағандарды іздеумен айналысып келеді.

Қазір Алексей Еремеевтің қарамағында 48 сүңгуір бар. Олар Орал қаласында, Чапаев ауылында, Шалқар көлінде және Ақсай қаласында орналасқан 6 құтқару бөлімшесінің құрамында жұмыс істейді.

Сүңгуірлер 24 сағат бойы кезекшілікте болады. Олар жедел-құтқару бөлімшелерінің құрамында барлық құтқару жұмыстарына қатысады — адамдарды тек суда ғана емес, құрлықта да, боран мен су тасқыны кезінде де іздейді.

БҚО бойынша ТЖД Сүңгуірлік-құтқару бөлімшесінің басшысы түсіндіргендей, егер адам суда жоғалып кетсе, оны іздеуге құтқарушыларға 10 күнге дейін уақыт беріледі. Оның алғашқы үш күні — судағы белсенді іздестіру, содан кейін дрондардың көмегімен және жаяу жүру арқылы таяз жерлерді, жағалауларды, жағалаудағы орман алқаптарын тексеру басталады.

Егер көмек туралы қоңырау құтқарушыларға жедел — қайғылы жағдайдан кейінгі алғашқы минуттарда түссе және су айдынында ағыс болмаса, суға кеткен адамды іздеуге орта есеппен 3-4 сағат кетеді. Егер өзендегі ағыс қатты болса, іздеу жұмыстары 3 тәулікке дейін созылуы мүмкін. Көбіне сүңгуірлер су түбіндегі адамдарды бір қалыпта табады: жүзімен құмға қарап, арқасы бүгіліп жатады.

Көктемде, тасқын су кезінде балықшылар суға кеткенде, оларды іздеуге бірнеше апта кетуі мүмкін, себебі қатты ағыс мәйіттерді бірнеше ондаған шақырымға ағызып әкетеді.

— Су — тілсіз жау, оның өзін қалай ұстайтынын ешқашан болжай алмайсың. Менің жадымда мынадай бір жағдай қалды: Жайықта бір бала мен қарт адам суға кетті. Қарт немересін құтқармақшы болып, өзі де бата берген сияқты. Ағыс қатты болғандықтан, бірден таба алмаймыз деп ойладық. Бірақ екі сағаттан кейін таптық — өзен оларды суға кеткен жерінен 500 метрдей қашықтықта жағаға шығарып тастапты, — дейді Алексей Еремеев.

Сүңгуірдің жұмысы — қауіп-қатер ме?

Сөзсіз. Мұз астында және су астындағы томарлардың арасында жұмыс істеуге, тек өз түйсігіңе сеніп, лайлы суға түсуге тура келеді. Сүңгуірдің арқасында салмағы 10 келіден асатын екі оттегі баллоны болады. Олар су астында 45 минут бойы тыныс алуға жетеді. Содан кейін — қысқа үзіліс, сосын қайтадан су астына. Бір сүңгуір су астында үш сағат бойы іздеу жүргізе алады.

— Білесіз бе, бұл балалардың көзтаңбаш ойыны сияқты — көзіңді байлап, біреуді іздеуге итеріп жібергендей. Су астына түскенде өзіңді дәл солай сезінесің. Қолыңмен миллиметрлеп сипалап іздейсің. Су астында құрылыс қоқыстары, бөтелке сынықтары, шиеленісіп қалуың мүмкін ескі балық аулау құралдары болуы мүмкін. Қауіп-қатер өте көп, — дейді сүңгуір.

Судағы құтқарушыны әріптестері арқан арқылы сақтандырып тұрады, оны суға арқанмен түсіреді. Арқанның әрбір сілкінісі — белгі: сүңгуір арқанды қатты немесе баяу тарту арқылы әріптестеріне хабар береді — оны оңға немесе солға бағыттау керек, әлде іздеген адамын тапса, кері тартып алу қажеттігін білдіреді.

Суға кеткен адамды судан шығару қорқынышты ма?

— Су астынан адамды бірінші рет тапқанда қорқынышты болады. Ал жылдар өте келе эмоцияларыңды басқаруды үйренесің — алдыңа іздеу тапсырмасын қоясың да, алға ұмтыласың. Мен басында адамды судан шығару қиын деп ойлайтынмын, бірақ суда мәйіттер салмағын жоғалтып, өте жеңіл болып кетеді екен, — дейді құтқарушы.

Ол адамдардың қаза болғанын сезіну әрдайым ауыр екенін ашық айтады. Ал одан да сорақысы — қаза тапқан балалардың мәйітін ата-аналарына тапсыру.

Адамның суға бата бастағанын көрсеңіз, оны құтқару мүмкін бе?

23 жылдық тәжірибесі бар сүңгуір-құтқарушы былай дейді: ең алдымен түсіну керек — суға батып бара жатқан адамдардың көбі айқайлап көмек шақырмайды. Олардың бұған шамасы келмейді. Егер адам суда кенеттен қалтқы сияқты әрекет ете бастаса — басын жоғары созып, қолымен ауаны қармаса — ол батып бара жатыр. Егер қолыңызда үрлемелі жүзу шеңбері, бос бес литрлік су бөтелкесі, балалардың жүзу кеудешесі болса, оны алып, адамды құтқаруға жүзіңіз. Ол ауасы бар затқа жабысып, суда қалқып тұрсын.

Адамды тереңнен шашынан ұстап шығаруға тырысуға бола ма? Теориялық тұрғыдан — егер сіз күшті әрі епті болсаңыз, болады. Бірақ іс жүзінде бұны істеу қиын. Алексей Еремеев суға батып бара жатқан адам өзін шашынан ұстауға мүмкіндік бермейтінін, құтқарушының қолына жабысып, оны өзімен бірге түпке тартатынын түсіндіреді.

Су айдындарында адамдардың екі-үштен бірге қаза табатын трагедиялары — бұл әрдайым біреудің суға батып бара жатқан адамды құтқармақшы болып, ақырында өзі де қаза тапқан оқиғалары.

Судағы қайғылы жағдайлардың алдын қалай алуға болады?

Алексей Еремеев бұл жерде ең алдымен профилактика маңызды екенін түсіндіреді. Балаларды кішкентай күнінен жүзуге үйрету керек. Кішкентай балаларды суға ешқашан жалғыз жібермеңіздер, шомылуға келдіңіздер ме — олардың қасында болыңыздар. Ересек балаларға терең жерде жүзудің қауіпті екенін міндетті түрде түсіндіру қажет. Түбі тексерілмеген жерлерде тарзанкадан секіруге болмайды. Ересектерге ыстық күндері шомылуға ішімдікпен келуге мүлдем тыйым салынады. Егер ішімдік ішсеңіз, ешқандай жағдайда суға секіруге және тереңге жүзуге болмайды.

 

 

Людмила Калашникова 

 

2
Оралда адвокат Елена Акатова бір жылдан астам Батыс Қазақстан адвокаттар алқасының қысымына ұшырағанын айтты (ВИДЕО)
Оралда адвокат Елена Акатова бір жылдан астам Батыс Қазақстан адвокаттар алқасының қысымына ұшырағанын айтты (ВИДЕО)
Clock 27.05.2024 21:00
Конституциялық заңгер Мереке Ғабдуәлиев Қазақстан Конституциясының жобасы туралы (БЕЙНЕ)
Конституциялық заңгер Мереке Ғабдуәлиев Қазақстан Конституциясының жобасы туралы (БЕЙНЕ)
Clock 05.02.2026 15:45
Аудан әкімдерінің тұңғыш сайлауы 5 қараша күні: Тасқала, Бөкейорда және Қаратөбе аудандарында өтеді
Аудан әкімдерінің тұңғыш сайлауы 5 қараша күні: Тасқала, Бөкейорда және Қаратөбе аудандарында өтеді
Clock 12.09.2023 17:43