Some image
БҚО-дағы «чернобыльшілер»: «Бізге уәде етілген төлемақы берілмеді»
Clock 08.07.2026 20:03
15
1

Оралда «БҚО Чернобыль мүгедектері мен ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. «Чернобыльшілердің» айтуынша, биыл АЭС-тегі апаттың 40 жылдығына орай олардың әрқайсысына уәде етілген 100 мың теңге төленбеген. Сондай-ақ, олар баспана алу, коммуналдық қызметтерге өтемақы төлеу және медициналық көмек көрсету мәселелеріндегі қиындықтарға шағымданды.

Биылғы сәуір айында Чернобыль АЭС-індегі апатқа 40 жыл толды. Станцияның атом реакторларының бірінде болған апат салдарының көзін жоюға Батыс Қазақстан облысының тұрғындары да қатысқан еді. Сол кезде Украинаға көмекке екі мыңға жуық ер-азамат аттанған болатын. Бүгінде БҚО-да әлемдегі ең ірі техногендік апаттардың бірінің салдарын жоюға қатысқандардың 260-қа жуығы тұрады. Бүгін, 8 шілдеде, Орал қаласында «БҚО Чернобыль мүгедектері мен ардагерлері» ҚБ өкілдері атаулы күнге орай уәде етілген төлемақыны ала алмағандарын мәлімдеді.

— 2025 жылдың соңында, Чернобыль АЭС-індегі апаттың 40 жылдығы қарсаңында біз облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қабылдауында болдық. Онда бірінші кезекте Ауған соғысы ардагерлеріне әскерлердің шығарылғанына 35 жыл толуына орай мерейтойлық төлемақы берілгенін алға тарттық (...). Өткен жылғы кездесуде төлемақы көлемін өсіруге тырысып, облыс әкіміне барған едік. Бірақ бізге «ақша жоқ» деп, өтінішімізді қабылдамады. Содан кейін әкім Чернобыль АЭС-індегі апаттың 40 жылдығына орай төлемақы мәселесі қаралатынына уәде берген. «Әкім айтты — әкім орындайды» деп ойладық. Биыл атаулы күннің алдында, сәуір айында облыстық әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасарына кірдім. Ол кісі биылғы бюджетте бізге ешқандай төлемақы қарастырылмағанын айтты, — деді қоғамдық бірлестік жетекшісі Асқар Тайманов.

Оның айтуынша, «чернобыльшілердің» шамбайына бататыны әкімдіктің ақша бөлмегені емес, танытқан көзқарасы мен қарым-қатынасы. Биыл ЧАЭС апатының салдарын жоюшыларға арналған ескерткіш жөндеу көрмеген, ардагерлерді атаулы күнмен құттықтауға облыс әкімдігінен ешкім келмеген. Сонымен қатар, билік тарапынан алалаушылық байқалады дейді олар.

— Мәселе тіпті ақшада да емес. Егер ешкімге төленбесе, бір жөн, бірақ өткен жылы ауғандықтар төлемақы алды (біздің ауған соғысы ардагертеріне қарсылығымыз жоқ). Егер бәріне бірдей «ақша жоқ» деп айтылса, біз де түсінер едік. Бірақ айта кетейін, заңға өзгерістер енгізілгенге дейін ардагерлерге теңестірілгендер санатына тек біз бен Ауған соғысының ардагерлері ғана жататынбыз. Қазір бұл тізімге Тәжікстан шекарасын қорғағандар мен Қарабах соғысына қатысқандар да қосылды. Егер ауғандықтарға төлеген екенсіздер, неге басқа ардагерлерге төленбейді? Біздің наразылығымызды тудырған — дәл осы биліктің қарым-қатынасы, — дейді Асқар Тайманов.

Оның сөзін елде ардагер мәртебесіне ие өзге де «чернобыльшілер» қостап, басқа да түйткілді мәселелерді көтерді. Мәселен, Әлімжан Ғаббасовтың айтуынша, 2020 жылы «чернобыльшілер» үшін коммуналдық қызмет шығындарының бір бөлігін өтейтін төлемақы бекітілген. Осыдан алты жыл бұрын бұл сома айына 5 мың теңгені құраған, бірақ ол біржылдық бірреттік төлем ретінде беріледі.

— Біз жылына бір рет 80 мың теңге көлемінде төлемақы аламыз. Алты жылдан бері осы 80 мың теңгені төлеп келеді. Осы уақыт ішінде коммуналдық қызмет құны қаншама рет өсті, мемлекеттік органдарда бұл есептің бәрі бар. Тарифтер бірнеше рет көтерілді. Егер сонда айына 5 мың теңге сезілерліктей (көмек) болса, қазір 5 мың теңгемен коммуналдық қызметті жаба алмайсың. Осыған байланысты біз қайта есептеу жүргізіп, төлемақыны өсіруді сұраймыз. Артық ештеңе талап етіп отырған жоқпыз, тек коммуналдық тарифтердің қымбаттауын ескере отырып, қайта есептеуді талап етеміз, — дейді Әлімжан Ғаббасов.

Тағы бір өзекті мәселе — мемлекеттен кезек бойынша баспана алу. «Чернобыльшілер» ардагер мәртебесіне ие болғандықтан, олар әлеуметтік жағынан осал топ ретінде пәтер алу кезегіне қосылған. Алайда баспанаға қол жеткізу қиынның қиыны. Барлық өкілеттік әкімдіктерден бір банкке өткеннен кейін бұл процесс тіпті күрделене түскен.

— Егер адамның табысы 100 мың теңгеден асатын болса — мұны ай сайынғы аударымдар арқылы тексереді — біз тегін баспана алу кезегіндегілер ретінде өтпей қаламыз. Түсінікті тілмен айтқанда, бізге жалға берілетін үй берілмейді, тек жеңілдікті ипотека ғана ұсынылады. Өткен жылы оның мөлшерлемесі 2 пайыздан 7 пайызға дейін болса, өткенде ғана оның 8,5 пайызға дейін көтерілгенін білдім. Мұның одан әрі өсуі де әбден мүмкін — сонда бұның несі жеңілдікті ипотека? — деп кейіді Ғаббасов.

Тағы бір «чернобыльші» Бақытжан Сембиев ЧАЭС ардагерлеріне көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы айтарлықтай нашарлағанын алға тартты. Ол Қазақстанда ардагерлер қатарына жатқызылғандардың (Ауған соғысы, Тәжікстан шекарасындағы және Таулы Қарабахтағы әскери қақтығыстарға қатысушылар) ішінде тек «чернобыльшілердің» ғана денсаулығына орасан зор нұқсан келгенін айтты — «атом ешкімді аямайды». Сонымен қатар, ЧАЭС апатының салдарын жоюшылар жақсы шипажайларға жолдама ала алмайды, үнемі бас тартылады. Олар тек емханалардағы күндізгі стационарларға ғана бара алады. Ал іс жүзінде «чернобыльшілердің» көбіне ерекше емдеу, тексеру және денсаулық жағдайын тұрақты бақылау қажет.

«Umarovnews» басылымы бүгін «чернобыльшілер» көтерген мәселелер бойынша БҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады. Мақала жарияланған сәтке дейін ресми жауап алынған жоқ.

 

 

Мария Мельникова 

1
БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев Тасқаладағы адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты пікір білдірді (ВИДЕО)
БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев Тасқаладағы адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты пікір білдірді (ВИДЕО)
Clock 09.07.2026 15:08
Оралда сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталған сәулетшінің ісі сотқа жіберілді
Оралда сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталған сәулетшінің ісі сотқа жіберілді
Clock 07.08.2024 13:22
Оралда қала орталығындағы тергеу изоляторы қауіпті деп танылды
Оралда қала орталығындағы тергеу изоляторы қауіпті деп танылды
Clock 26.09.2024 13:34