Some image
Оралда жалған қорытынды берді деп айыпталған сарапшының адвокаттары соттан марқұм егердің әкесін жәбірленушілер қатарынан шығаруды сұрады
Clock 04.03.2026 19:57
80
0

2023 жылдың жазында Донгелек су қоймасында қаза тапқан егердің мәйітін қарау кезінде көрінеу жалған қорытынды берді деп айыпталған сарапшының адвокаттары соттан оның әкесін жәбірленушілер қатарынан шығаруды сұрады. Әкесі ұлын екі рет жерлеуге мәжбүр болғанын айтып, «мұндай моральдық зиянды жауыңа да тілемейсің» дейді.

Әңгіме 2023 жылғы 4 тамызда «Квант» ЖШС-нің аңшылық-балық шаруашылығына қарасты Донгелек су қоймасында болған қайғылы оқиға туралы. Сол күні кешке 31 жастағы егерь Эдуард Победимов базадан үш шақырым қашықтықтағы нүктеге катермен шыққан. Сағат 22:00-де ол әріптесіне катердің бұзылып қалғанын, көмек қажет екенін хабарлаған. Кейін жұбайына және досына қоңырау шалған, содан соң байланыс үзілген. Суда тек катер қалған.

Марқұмның денесі 6 тамыз күні таңертең, бір жарым тәуліктен кейін табылды. Сүңгуірлер мәйітті судан шығарып, қараудан соң полиция оны Оралға сараптамаға жіберді. 7 тамызда сот-медициналық сарапшы Марат Жонысов сараптама жүргізуге кірісті. Қорытындысында ол мәйіттен дене жарақаттары анықталмағанын жазған.

Алайда марқұмның әкесі Алексей Победимов бұл қорытындымен келіспеді. Ол ұлының денесін судан шығарған кезде жарақаттарды өз көзімен көргенін айтады. Әкесінің бастамасымен мәйітті эксгумациялағаннан кейін Астанадан келген сарапшылар кешенді қайталама сараптама жүргізді. Қайта сараптама барысында тоғыз қабырғаның сынуы, сол қолдың бас бармағының сынуы және иек тұсындағы сызат секілді көптеген жарақаттар анықталған.

Осы жайттар бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол қазір Орал қалалық сотында қаралып жатыр. Айыпталушылар орындығында — сарапшы Марат Жонысов. Оған ҚР ҚК-нің 420-бабы «Сарапшының көрінеу жалған қорытындысы» бойынша айып тағылған.

2026 жылғы 2 наурызда өткен сот отырысында Жонысовтың адвокаттары марқұмның әкесі Алексей Победимовты жәбірленушілер қатарынан шығару туралы өтінішхат берді. Редакция олардың пікірін білуге тырысқанымен, олар түсініктеме беруден бас тартты.

Победимовтың өкілі, адвокат Руслан Шагатаев бұл өтінішке қатысты былай деді:

«Жонысовтың қорғаушылары Победимовты жәбірленуші өкілеттігінен айырып, қылмыстық процеске қатысушылар қатарынан шығаруды сұрады. Олар ҚР ҚК-нің 420-бабы 1-бөлігі “Сарапшының көрінеу жалған қорытындысы” әділ сотқа қарсы қылмыстар санатына жатады, ал қылмыстың объектісі — құқық қорғау органдары, прокуратура және билік органдары деп уәж келтірді. Олардың пікірінше, Победимовқа ешқандай зиян келтірілмеген. Егер зиян болмаса, ол жәбірленуші деп таныла алмайды. Әрине, біз бұған қарсылық білдірдік. Эксгумацияға байланысты материалдық шығын болғанын, сондай-ақ моральдық зиян келтірілгенін айттық. Ұлының мәйіті қазылып алынып, қайта қаралып, сараптама жүргізіліп, кейін қайта жерленді. Бұдан бөлек, сарапшының әрекеттері өлім себебінің анықталмауына тікелей байланысты. Егер сараптама объективті жүргізілгенде, өлім себебін анықтауға болар еді деп есептеймін. Ал өлім себебі анықталғанда, кінәлі тұлғаны да табуға мүмкіндік туар еді. Алайда қайталама сараптама үш айдан кейін ғана жүргізілді, ол кезде мәйіт едәуір бұзылып кеткен. Астаналық сарапшылар өлім себебін анықтай алмады, тек қабырға сынуларын тіркеді. Өткен жылы марқұмның әріптесі — егерь Мишин ақталды. Ақтау үкімінің бір себебі — Эдуард Победимовтың өлім себебінің анықталмауы болды. Дәлелдер базасы осы сараптамаға байланысты да әлсіз шықты. Тергеу нақты не болғанын анықтай алатын уақытты жоғалтып алды».

Адвокаттың айтуынша, егер сот өтінішхатты қанағаттандырса, процесс қатысушылары қатарынан Алексей Победимов және оның өкілдері шығарылуы мүмкін.

Сондай-ақ ол істі сотқа жолдамас бұрын прокуратура қылмыстық іс материалдарын зерттеп, Алексей Победимов жәбірленуші деп танылған айыптау актісін бекіткенін атап өтті. Іс бойынша үш сот отырысы өтіп кеткен, ал қорғау тарапы бұл өтінішті тек қазір ғана беріп отыр.

Алексей Победимов өзі бастан өткерген жағдайды «жауыңа да тілемейтін» зиян деп атады.

— Менің материалдық та, моральдық та зияным бар деп есептеймін. Эксгумация кезінде өзім қатыстым — ол бес сағатқа созылды. Алдымен мәйітті қазып алып, моргке апардық. Астанадан келген сарапшыларды бақылап тұрдым, өзім де қарап, бірдеңені жіберіп алмауын қадағаладым. Материалдық шығынға келсек, эксгумация үшін «Талап» АҚ-ға өзім төледім, барлық құжаттарым бар. Ал моральдық жағы... ұлыңды жерлеп, кейін қайта қазып алып, бес сағат бойы оны тіліп, терісін сылып, органдарын алып жатқанын көру — мұны жауыңа да тілемейсің. Сараптама үшін 10 қабырғасын, жүрегін, өкпесін, бауырын, бүйрегін — қажет органдардың бәрін алып, Астанаға әкетті. Суға батып-батпағанын анықтау үшін жамбас сүйегін кесіп алды, — деді Алексей Победимов.

Оның айтуынша, комиссиялық сараптама барысында ағзадан планктон табылмаған, бұл оның пікірінше, марқұмның суға тірідей батпағанын, мәйіттің суға қайтыс болғаннан кейін түскенін көрсетуі мүмкін.

— Қабырғалардың сынуы — барлығы да тірі кезінде және бір мезетте болғаны Астанадағы зертханалық сараптама кезінде анықталды, — деді ол.

Қазіргі уақытта Жонысовтың адвокаттары берген өтінішхат бойынша прокурор өз ұстанымын әлі білдірген жоқ. Ол оны 2026 жылғы 10 наурызда сот отырысында жариялайды. Одан кейін соңғы шешімді сот қабылдайды.

 

 

Талғат Омар

 

 

0
Оралда балалар тіс дәрігері мұрагерлік іс бойынша қамауға алынды (ВИДЕО)
Оралда балалар тіс дәрігері мұрагерлік іс бойынша қамауға алынды (ВИДЕО)
Clock 06.12.2023 01:22
Батыс Қазақстанда судья 63 миллион теңгеден астам несиеге байланысты сотқа тартылды
Батыс Қазақстанда судья 63 миллион теңгеден астам несиеге байланысты сотқа тартылды
Clock 04.12.2024 20:42
Батыс Қазақстан облысының Сайхын ауылында түлектер өз қаражатына тұрғызған ұстазға арналған ескерткіш бұзылды (ВИДЕО)
Батыс Қазақстан облысының Сайхын ауылында түлектер өз қаражатына тұрғызған ұстазға арналған ескерткіш бұзылды (ВИДЕО)
Clock 15.05.2024 18:19