Он жылдан астам уақыт бойы Петрово ауылының тұрғындары газ өндірілетін Рожков кен орнынан алысырақ жерге көшірілуін сұрап келеді. Тәуелсіз экологтардың пікірінше, билік бұл мәселеге салғырт қарап, бір реттік тексерулермен және нормаларды формалды түрде сақтаумен ғана шектеліп отыр. Өйткені жағдайды шын мәнінде маңызды деп қабылдамайды. Экоактивистер кен орнының операторына және жергілікті әкімдіктерге экологияның нашарлауына қатысты тұрғындардың шағымдары мен көшіру жөніндегі өтініштеріне назар аударуға шақырады. Себебі Батыс Қазақстан облысында бұрын, Берёзовка ауылында болғандай, жаппай улануға әкелген трагедия қайта қайталануы мүмкін.

Петрово ауылы Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында, Орал қаласынан шамамен 80 шақырым жерде орналасқан. Елді мекеннің маңында Рожков газконденсат кен орны (РГКМ) бар. Оны «Урал Ойл энд Газ» ЖШС игеріп жатыр. Бұл консорциум «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның (50%), венгриялық MOL Caspian Oil and Gas Plc. компаниясының (27,5%) және қытайлық First International Oil Corporation (22,5%) – Sinopec компаниясының еншілес кәсіпорнының қатысуымен құрылған.

Компанияның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Рожков кен орнындағы газдың ең жоғары жылдық өндірісі шамамен 1 млрд текше метрді, ал конденсат – 500 мың тоннадан астамды құрайды. Сұйытылған көмірсутек газының өндірісі жылына 150 мың тоннадан асады.
2010 жылдардың басында РГКМ-ді игеру басталған кезде-ақ Петрово тұрғындары ауылдағы экологиялық жағдайдың нашарлай бастағанын байқаған. Олар бірнеше рет ауыл аспанын алаулаған газ факелдерінің қызыл шұғыласына куә болған. Сол сәттерде ауылды шіріген жұмыртқаның өткір иісі жайлайтын. Мұндай күндері көптеген тұрғындардың басы ауырып, қан қысымы күрт көтерілетін.

Ауыл тұрғындары ащы шындықты мойындайды: кен орны Петрово халқын бұл жерден кетуге мәжбүрлеп отыр. Қарттар түрлі аурулардан көз жұмуда, ал жастар ауылдан кетуге асығады. Себебі мұнда өмір сүруге жағдай жоқ: ауа ластанған, медициналық пункт, жолдар, тіпті дүкендер де жоқ.
Он жылдан астам уақыт бойы ауыл халқы экологияға зиян келтіріп отырған кен орнынан алысырақ жерге көшіруді сұрап келеді. Алайда билік осы уақыт бойы мұнаралар мен тұрғын үйлердің арақашықтығы 1,6 шақырымды құрайтынын, сондықтан Петрово санитарлық-қорғау аймағына кірмейтінін айтып келеді. Ал экологтар анда-санда ауаға өлшеу жүргізіп, қауіпті заттар анықталмағанын мәлімдейді.

Осы уақыт ішінде Петрово ауылының тұрғындары бірнеше рет журналистік репортаждардың кейіпкеріне айналып, ауылдағы экологиялық ахуалдың жылдан жылға нашарлап бара жатқанын айтып келген. Елді мекеннің жанынан Ембулатовка өзені ағып өтеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, өзеннің тартылуына да газ өндіру себеп болған.
«Түнде ауылды шіріген жұмыртқаның сасық иісі басады»
«Түнде ауылда қатты гуіл естіледі. Жел кен орны жақтан соқса, жақтан біртүрлі сасық иіс келеді. Үйдің есігін ашсаң болды – шіріген жұмыртқаның иісін жұтасың. Бір жылдың ішінде ауылда 45–50 жас аралығындағы бірнеше адам қайтыс болды. Бұрын табиғатымыз керемет еді: балық та, жасыл желек те жеткілікті болатын. Қазір ағаштардың жапырағы қурап жатыр, өзенде су жоқтың қасы, балықтың бәрі өліп жатыр, шаян да дерлік жоғалып кетті, ал лалагүлдер солып қалды», – деп сипаттаған еді Петрово тұрғындары ауылдағы жағдайды 2021 жылы.

Тұрғындардың шағымына жауап ретінде билік Петрово ауылын 2014 жылы көшіреміз деп уәде берген. Алайда 2014 жыл келгенде, экономикалық дағдарыс сылтау болып, көшіру 2017 жылға шегерілді. Бірақ 2017 жылы да көшіру жүзеге аспады. Уақыт өте берді, петроволықтар кен орнының іргесінде өмір сүруін жалғастырып, аспанда газды жағу кезінде пайда болатын қызыл шұғыланы қайта-қайта көріп, химиялық иіске қаныққан ауамен тыныстауға мәжбүр болды.

2024 жылдың желтоқсан айында, ілеспе газды кезекті рет жағудан кейін, Петрово тұрғындары журналистерді тағы да кездесуге шақырды.
Ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Светлана Ларина көрші елді мекендегі интернатта оқитын балалары демалыс күндері үйге келгенде, мұрындарынан қан кететінін айтты.
«Дәрігерлер балаларға дәрі жазып берді, бірақ ол көмектеспейді. Факелдерден отты көре қалсақ болды – көшеде адам төзгісіз сасық иіс шығады. Ал экологтар келгенде, бәрі таза дейді. Бірақ мұнда еш ереже сақталмай газ жағылады. Кешке сыртқа шықсам – аспанда бірдеңе жанып жатқандай қызыл шұғыла тұрады, тіпті тұманнан үйлер көрінбей қалады», – деді ол.

Көшіруге уәде бар, ал қаржы жоқ
«Umarovnews» басылымында Петрово тұрғындары туралы репортаж жарияланғаннан кейін екі айдан астам уақыт өткен соң, 2025 жылғы 2 ақпанда Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов ауыл тұрғындарын көрші Январцево ауылына көшіру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тұрғын үйлер салу үшін 300–350 миллион теңге қажет.
Кейін, 2025 жылдың қараша айында Петрово тұрғыны Жалғас Мендыгазиев журналистерге Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов жеке қабылдауда петроволықтарды көшіру 2026 жылға жоспарланғанын айтқанын жеткізді.
Осылайша, билік жыл сайын халықты уәдемен алдап келе жатқанымен, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Неліктен?
2025 жылдың қараша айында редакциямыздың ресми сауалына Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Туксамбаев Январцево ауылында (Петрово тұрғындарын көшіру жоспарланған жер) жер телімдері анықталып, жеке тұрғын үйлер салуға арналған аумақ белгіленгенін хабарлады. Алайда қазіргі таңда аудан бюджетінде бұл мақсатқа қажетті қаражат қарастырылмаған.

Редакция Петрово ауылы тұрғындарын көшіруді қаржыландырудың ықтимал көзі ретінде неге қарастырылмай отырғанын анықтау үшін «Урал Ойл энд Газ» ЖШС-не ресми сауал жолдады. Біз компанияның Қазақстан бюджетіне қандай көлемде қаражат аударғанын және осы қаржының не себепті ауыл тұрғындарын көшіруге пайдаланылмай отырғанын сұрадық.
Компанияның бас директоры Болат Досмұхамбетовтің ресми жауабына сәйкес, 2015 жылдан 2025 жылдың қазанына дейін «Урал Ойл энд Газ» республикалық бюджетке 32,4 млрд теңге, ал Батыс Қазақстан облысының бюджетіне 8,6 млрд теңге аударған.
Ал тек 2025 жылдың алғашқы он айында ғана компанияның салықтық және салықтан тыс төлемдері республикалық бюджетке 13,9 млрд теңгеден асып, БҚО бюджетіне 3 млрд теңгеден көп болған.
Сонымен бірге компания өкілдері бюджет қаражатын бөлуге немесе қандай жобаларға бағытталатыны жөнінде шешім қабылдауға қатыспайтынын, сондай-ақ бұл қаржының нақты қайда жұмсалғаны туралы ақпаратқа ие еместігін мәлімдеді. Яғни компания билікке бұл қаражатты қайда жұмсау керектігін талап ете де, ұсына да алмайды.
Олай болса, Петрово тұрғындары жылдар бойы шағым айтып отырған компаниядан бюджетке тұрақты түрде қомақты қаражат түсіп жатқанда, неге билік оларды көшіруге кіріспейді?
Осы сұрақты біз екі тәуелсіз экологқа қойдық: Атырау қаласындағы «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының директоры Галина Черноваға және Алматы қаласынан экоактивист, Батыс Қазақстан облысындағы Берёзовка кенті тұрғындарын көшіру жөніндегі қоғамдық науқанға қатысушы Сергей Соляникке.
Сарапшылардың пікірінше, билік көп жылдан бері тұрғындардың экологияның нашарлауына қатысты шағымдары мен денсаулыққа төнген айқын қауіп-қатерге қарамастан, нормаларды формалды түрде сақтаумен және бір реттік тексерулермен ғана шектеліп келеді. Тұрақты экологиялық мониторинг те, адамдарды нақты көшіру бойынша нақты қадамдар да жоқ.

«Адамдарды экологиялық мәселемен бетпе-бет қалдырды»
«Билік неге халықты естімейді? Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, аудан әкімдігінде көшіруге қаражат жоқ. Ол үшін мақсатты бағдарлама, нақты міндет пен қаржыландыру қажет. Екіншіден, 12 үйдің тұрғындарын көшіру үшін алдын ала жаңа орын белгіленіп, тұрғын үй құрылысы басталуы тиіс еді. Алайда адамдарға көшіруді 2011 жылдан бері уәде етіп келеді, кейін 2014 жыл айтылды, енді 2026 жылды алға тартып отыр. Осы уақыт ішінде көптеген тұрғын қартайып, әлсіреп қалды. Енді бәрі тағы да құр уәдемен аяқталатындай әсер қалдырады», – деді Атырау қаласындағы «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының директоры Галина Чернова.
Оның айтуынша, билік әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін халықты жай ғана тыныштандырып отыр. Ал мәселені түбегейлі шешу жауапкершілігін ешкім өз мойнына алуға асықпайды. Бұл ретте газдану проблемасы ешқайда жоғалып кеткен жоқ: газ кен орнын игеріп отырған компания қалыпты режимде жұмысын жалғастырып, газды күн сайын өндіруде.
Облыстық экология департаментінің әрекеттері түсінікті болғанымен, тиімсіз. Экологтар бір реттік өлшеулерге ғана келеді және атмосфералық ауаның ластану концентрациясын өлшейтін портативті газанализатор – ГАНК құралын қолданады. Бұл құрылғының қателік деңгейі 60 пайызға дейін жетеді. Мұндай құрал шекті, пиковый шығарындыларды тіркей алмайды әрі ластану деңгейін нақты көрсете алмайды. Сондықтан мұндай бір реттік зерттеулер объективті көрініс бермейді.
Қоршаған ортаны, ең алдымен атмосфералық ауаны тұрақты бақылау жүйесі қажет. Тек сонда ғана қауіпті шығарындыларды анықтап, аумақтың газданғанын дәлелдеуге және адамдардың экологиялық проблемамен бетпе-бет қалғанын нақты растауға болады.

«Тұрғындардың өздері айтып отырған жайттар – экологиялық жағдайдың нашарлағанын көрсететін маңызды индикаторлар. Адамдар өзендегі су деңгейінің төмендегенін көзбен көріп отыр. Бұл – экожүйенің бұзылғанының және аумақтың экологиялық ахуалының нашарлағанының айқын белгісі.
Балық санының күрт азаюы да алаңдатарлық. Егер бұрын өзен балыққа толы болса, ал қазір ол көрінбесе – бұл өте қауіпті сигнал. Бұған қоса, тұрғындар күн сайын, әсіресе факелдер жұмыс істеген кезде, көшеге шыққан сәтте-ақ газ иісін сезеді. Ауаның ластануынан олардың денсаулығы нашарлайды. Мұның бәрі назарға алынуы тиіс көрсеткіштер. Алайда біз көріп отырғанымыздай, облыстық және аудандық билік айқын фактілерді мойындамай, жауапкершілікті өзінен ысырып, мәселені түбегейлі шешуден қашып отыр», – деп түйіндейді Галина Чернова.

«Көшіру тек төтенше жағдай болған соң ғана басталады»
Экоактивист Сергей Соляниктің айтуынша, санитарлық-қорғау аймақтары мәселесі – Қазақстандағы ең өткір әлеуметтік-экологиялық проблемалардың бірі. Бұл тек мұнай-газ кен орындары мен олардың маңындағы ауылдарға ғана емес, ірі қалаларға да қатысты. Соның айқын мысалы – Өскемен қаласы. Онда ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар іс жүзінде қаланың дәл ішінде орналасқан. Ұқсас жағдай Алматыда да бар: зиянды кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарында тұратын адамдар жылдар бойы көшіруді талап етіп келеді. Алайда соттардың, халықаралық ұйымдардың шешімдері де бұл мәселені түбегейлі шешуге ықпал етіп отырған жоқ.
Оның пікірінше, қазіргі таңда елде бірінші орынға заң, қарапайым азаматтардың құқығы мен денсаулығы емес, ірі бизнес пен биліктің мүдделері қойылып отыр.
«Бүгінде Қазақстанда қауіпті кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарында тұрып жатқан азаматтар өте көп. Өкінішке қарай, бұл қалыптасқан тәжірибе. Адамдарды, әдетте, тек төтенше жағдай немесе апат орын алғаннан кейін ғана көшіреді. Ол кезде азаматтардың денсаулығына да, мүлкіне де зиян келтіріліп қояды, ал мәселе халықаралық деңгейде кеңінен талқылана бастайды, – дейді Сергей Соляник. – Қызмет сипатына қарай Рожков мұнай-газконденсат кен орны қауіптіліктің бірінші сыныбына жатады. Мұндай нысандар үшін санитарлық-қорғау аймағы кемінде 1000 метр және одан да көп болуы тиіс. Бірақ бұл аймақтар «жердегі» нақты жағдайға емес, «мінсіз» жұмыс істейтін кәсіпорынның есептік көрсеткіштеріне сүйене отырып жобаланады. Ал іс жүзінде нормалар мен ережелердің жүйелі түрде бұзылып отырғаны белгілі. Компаниялар санитарлық-қорғау аймағының мүмкіндігінше кішірек болғанына әрдайым мүдделі. Аймақ неғұрлым тар болса, соғұрлым жауапкершілік те, жергілікті тұрғындармен туындайтын мәселелер де аз болады. Елді мекендер формалды түрде «ықпал ету аймағынан тыс» болып шығады».

Экоактивист осындай жағдай бұрын Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы Берёзовка ауылында да болғанын еске салады. Алғашында Қарашығанақ мұнай-газконденсат кен орнының (ҚМГКМ) айналасындағы санитарлық-қорғау аймағы 5 шақырым болып белгіленген. Кейін ол 3 шақырымға дейін қысқартылып, уақыт өте бұл шешім заңсыз деп танылып, аймақ қайтадан 5 шақырымға кеңейтілді. Алайда осы 5 шақырымдық аймақтың шекарасы Берёзовканың солтүстік шетінен ғана өтіп, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне нақты кепіл бола алмады.
Ауыл тұрғындарын көшіру тек 2014 жылғы 28 қарашада болған трагедиядан кейін ғана басталды. Сол күні ҚМГКМ-ден шыққан шығарындылар салдарынан Берёзовка мектебінде балалар жаппай уланды. Ал оған дейін тұрғындар он жылдан астам уақыт бойы денсаулықтары мен өмір сүру жағдайына кен орнының кері әсері туралы айтып, «барлық есікті қаққан» болатын.
«Петрово ауылына қатысты жағдай да өте көп сұрақ тудырады. Егер санитарлық-қорғау аймағы 1,5 шақырым болса және оның шекарасы тұрғын үйлерден небәрі бірнеше жүз метр жерде өтсе, онда ауыл «әсер ету аймағына кірмейді» деген мәлімдемелер байыпты көрінбейді. Рожков кен орнында кез келген шығарындылар, газды жағу немесе апаттық жағдай орын алса, улы газдар бұл елді мекенге міндетті түрде жетеді. Газ шартты сызықта тоқтап қалмайды. Санитарлық-қорғау аймағының тұрғын үйлерден бірнеше жүз метр қашықтықта орналасуы халықтың қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды», – деп атап өтті Сергей Соляник.
Адамдар өздерін улап жатқанын әлі де дәлелдеуге мәжбүр
Оның айтуынша, бұл жағдайдағы тағы бір өзекті мәселе – шығарындылардың бар екенін және олардың зиянды әсерін дәлелдеу. Тұрғындар иістерге, денсаулықтарының нашарлауына шағымданған кезде, шығарындылар көбіне түнде, демалыс немесе мереке күндері болады. Ал бұл уақытта бақылау не мүлде жоқ, не өте әлсіз.
Адамдар жедел қызметтерге хабарласуы мүмкін, бірақ тексерулер әдетте күндіз, жұмыс уақытында жүргізіледі. Ол кезде шығарындылар болмайды. Тексеруші немесе жылжымалы зертхана келіп, өлшеу жүргізеді, ал нәтижесінде «нөл» немесе «норма» көрсетіледі де, тұрғындарға «бәрі дұрыс» деп хабарланады. Бұл кезде жел бағыты өзгеріп кеткен, уақыт өтіп, газ тарап кеткен, ал адамдарға әсері әлдеқашан тиген болады.
Берёзовкадағы жағдай да дәл осындай болған: тұрғындар күкіртсутек пен өзге де газдардың иісін үнемі сезіп, денсаулықтарының нашарлағанына шағымданған. Бірақ кәсіпорынның өзіне тиесілі экологиялық мониторинг станциялары ауадағы зиянды заттардың шекті мөлшерден асқанын көрсетпеген.
Тек мектеп оқушылары жаппай уланғаннан кейін ғана билік Берёзовканың солтүстік шетіне тәулік бойы жұмыс істейтін автоматты экологиялық мониторинг станциясын орнатты. Ол бірден күкіртсутек бойынша нормадан асу фактілерін тіркей бастады. Бұл тұрғындардың жылдар бойы айтып келген шағымдарын толық растады.
«Петрово – шағын ауыл. Сондықтан уәкілетті органдардың онда тәуелсіз мониторинг станциясын орнатып, тұрғындарды қоршаған ортаның жағдайы туралы жедел хабардар етуге бара қоюы екіталай. Соның салдарынан адамдарда объективті дерек жоқ, ал барлық өлшеулер мен есептеулер кәсіпорынның өзі ұсынған ақпаратқа ғана сүйенеді», – деп түйіндеді экоактивист.
Берёзовка трагедиясы қайталанбауы үшін Петровоны көшіру қажет
Сергей Соляниктің пікірінше, Петрово ауылы бойынша шешім біреу-ақ – билік пен компания тарапынан алдын ала, уақтылы әрекет ету. Егер адамдар үнемі иістерге, денсаулықтарының нашарлауына шағымданып отырса, көшіру мәселесін қарастыру қажет. Әсіресе әңгіме бірнеше ондаған адам туралы болып отырғанда. Қаржылық тұрғыдан бұл компанияның табысы мен «Урал Ойл энд Газ» ЖШС-нің облыстық бюджетке төлеп отырған салықтарымен салыстырғанда мардымсыз сома.
Керісінше, бұл компания үшін әлеуметтік жауапты бизнестің үлгісіне айналып, жергілікті тұрғындардың көзіндегі беделін арттыруға мүмкіндік берер еді.
«Билік неге көшіруге құлықсыз? Көп жағдайда прецеденттен қорқады: біреулерді көшірсе, басқалар да талап етеді деп ойлайды. Бірақ мұндай көзқарас бұрын ауыр трагедияларға алып келген. БҚО-да Берёзовканың ащы сабағы бар. Бұл сабақ ескеріліп, шешімдер мүмкін трагедияны күтпей, алдын ала қабылданады деп үміттенемін. Алдын ала әрекет ету – проблеманы жоққа шығарып, орны толмас жағдай болғанша күткеннен әлдеқайда оңай, арзан әрі жауапты», – дейді экоактивист.
Оның айтуынша, компания, билік және тұрғындар өкілдерінен тұратын комиссия құрып, жағдайды объективті бағалап, көшіру мәселесін ақыры шешу қажет. Тұрғындардың басым бөлігі зейнеткерлер екенін ескере отырып, оларға денсаулыққа тұрақты қауіп төнбейтін, медициналық көмек пен инфрақұрылымға қолжетімді, қауіпсіз әрі қалыпты өмір сүруге мүмкіндік беру керек.
Талғат Омар
Осы санаттағы мақалалар