Some image
Бөтен соғыс. Неге БҚО тұрғындары Украинадағы соғыста жалдамалы әскерге айналып жатыр?
Clock 01.10.2025 19:26
316
0

2025 жылдың көктемінде украиналық «Хочу жить» жобасы Украинадағы соғысқа Ресей жағында қатысып жүрген қазақстандықтардың тізімін жариялады. Сол тізімнің ішінде Батыс Қазақстан облысының тұрғындары да болды. «UMAROVNEWS» журналистері зерттеу жүргізіп, бұрын еш жерде жарияланбаған жаңа есімдерді анықтады. Біз қаза тапқандарды, жараланғандарды, тұтқында отырғандарды және әлі де соғыс аймағында жүргендерді таба алдық.

Ақпарат алу оңай болған жоқ, өйткені қаза тапқандар мен соғысып жүргендердің туыстарын қазақстандық арнайы қызмет өкілдері сұраққа алған. КНБ қызметкерлерімен сөйлескеннен кейін адамдар журналистермен сөйлесуден бас тартады.

Украинадағы соғыс басталған соң, «Хочу жить» атты жоба іске қосылды. Оның мақсаты – өз еркімен соғысқа бармаған немесе соғысқысы келмейтін ресейлік және беларусьтік сарбаздардың тұтқынға берілуін қамтамасыз ету. Жоба сонымен қатар Украинада Ресей жағында соғысып жүрген ТМД елдерінің азаматтары туралы мәліметтерді жинап, жариялайды.

2025 жылдың 2 сәуірінде бұл жоба Қазақстаннан шыққан 661 адамның соғысқа қатысып жатқан тізімін жариялады. Сол кезде олардың дерегінше, жалпы тізімдегі 78 қазақстандық қаза тапқан.

 

Тізімде үшеуі – БҚО тумалары

Олардың ішінде Батыс Қазақстан облысының үш тұрғыны анықталды: Айбек Рамазанов (1983 ж.т.), Батыр Ирмекбаев (1963 ж.т.) және Александр Гапонов (1977 ж.т.).  Ирмекбаев пен Рамазанов қаза тапқандардың қатарында көрсетілсе, Гапонов туралы ешқандай дерек болған жоқ.

«Umarovnews» редакциясы Айбек Рамазанов туралы деректерді анықтап білді: ол жөнінде қазақстандық журналист Лұқпан Ахмедьяров қазақстандықтардың соғысқа қатысқан тізімі жарияланбай тұрып, жарты жыл бұрын жазған екен. Журналистің айтуынша, Рамазанов – Орал қаласының тұрғыны, «Жайықмұнай» мұнай-газ компаниясында жұмыс істеген. Оның қалай Ресей азаматтығын алғаны, қалай соғысқа барғаны және 2024 жылдың күзінде Украинада қандай жағдайда қаза тапқаны бізге беймәлім болып қалды.

Әлеуметтік желілердегі жазбалардың астында оралдықтар бірнеше пікір қалдырған. Олардың кейбірінде Айбектің Ресей аумағында заңдық қиындықтарға тап болғаны және соғысқа баруға мәжбүр болғаны айтылса, басқалары оның ресейлік телеарналардың ықпалына түсіп, соғысты қолдағанын жазған.

 

 

 

Батыр Ирмекбаев 1963 жылы Ресейде дүниеге келген. Біраз уақыттан соң ол отбасымен бірге Қазақстанға, Батыс Қазақстан облысының Чыңғырлау ауданына қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған және онда бірнеше онжылдық өмір сүрген.

Ресей үшін соғысқа Батыр Ирмекбаев егде жаста – 61 жасында кеткен. Бұл 2023 жылдың күзінде болған. Оның мұндай шешім қабылдауына не себеп болды?

Отбасына жақын адамдардың айтуынша, ол ресейлік телевизиялық насихаттың ықпалына түсіп, Украинаға соғысқа аттанған. Күн-түн демей ресейлік арналарды көріп, соғысты қолдаған.

«Ол үнемі: “Фашистер! Сегіз жасар баланы қазыққа отырғызған, қарнын жарып тастаған” деп айтатын. Украинада фашистер бар деп қайталай беретін. Мұндай сандырақты күндіз-түні Соловьёв пен Киселёвті көріп жүріп қабылдады. Біз оған мұның шындыққа жанаспайтынын түсіндірдік, бірақ ол сенбеді, соғыста фашистер бар деп тұрып алды. Содан соң дайындалып, соғысқа кетіп қалды», — дейді Ирмекбаевты білген адамдар.

Соғысқа бармас бұрын ол Ресей азаматтығын алған. Бірақ соғыста бір жылға жетпей қаза тапты. «Хочу жить» жобасының тізімінде оның қазасы 2024 жылдың 4 сәуірінде болғаны көрсетілген.

 

 

Үшінші болып украин жобасының тізіміне енген — Орал тұрғыны Александр Гапонов. Ол бірнеше рет сотталған. Алғаш рет 2005 жылы бопсалау бойынша айыпталып, 10 жылға сотталған. Ұзақ уақыт бойы ол тағылған айыппен келіспей, кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысқан. 2015 жылы бостандыққа шықты, бірақ екі жылдан кейін – 2017 жылы қайтадан «адамға оқ атты» деген айып тағылды. Тергеу изоляторында ол тағылған айыппен келіспегендіктен, өз-өзіне пышақ салған. Кейін сотталған, ал 2022 жылы босатылды.

Бостандыққа шыққаннан кейін Александр Гапонов сотталғандардың құқықтарын қорғаумен айналысты.

Ол қалай «Хочу жить» жобасының тізіміне енді?

Бұл сұраққа жауап алу үшін біз оның жұбайы Натальяға хабарластық. Ол Оралда тұрады. Әйел біздің ЗКО тұрғындары жайлы дерек жинап жүргенімізді естіген сәтте: «Мен бұған қатыспаймын!» деп айтып, телефонды қоя салды.

Алайда, Оралдың қылмыстық ортасында журналистке Александр Гапоновтың Ресейдің тергеу изоляторынан соғысқа жіберілгенін айтты. Оған нақты қандай айып тағылғаны немесе ресейлік құқық қорғау органдарының неліктен қудалағаны белгісіз. Соңғы рет ол Украинадағы соғыс аймағынан 9 ай бұрын хабарласқан. Содан бері ол жайлы ешқандай ақпарат жоқ.

 

Ақша табу үшін кеткен

«Хочу жить» жобасы қазақстандықтардың тізімін жариялаған кезде, БҚО-да тағы бір сарбаздың жерлеуі өтті – 30 жастағы Данияр Клышев.

Ол Батыс Қазақстан облысында туған, отбасымен бірге Орал маңындағы Дарьинск ауылында тұрған.

2014 жылы Ресейге ақша табу үшін кеткен және сонда тұрақтап қалған.

Жерлеуден кейін әріптестеріміз – «Уральская неделя» басылымының журналистері Данияр Клышевтің туыстарын тауып, олармен сөйлесе алды. Олардың айтуынша, Данияр көп балалы, тұрмысы қарапайым отбасында өскен. Әрқашан отбасына көмектесуге тырысқан, сондықтан Ресейге кетіп, түрлі жұмыстар істеген.

2024 жылы оның Украинаға соғысқа бармақ ниеті бар екенін ата-анасы білген. Қанша көндірмек болса да, ол шешімінен қайтпаған. Туыстарының сөзінше, соғысқа баруының жалғыз себебі – ақша.

2025 жылдың 22 наурызында Данияр қаза тапты. Оның денесін Қазақстанға әкеліп, Дарьинск ауылында жерледі деп хабарланған. Алайда, «Уральская неделя» жазғандай, ауыл тұрғындары журналистерге Даниярдың ол жерде жерленбегенін айтты. Жергілікті зиратта оның қабірі жоқ. Бұл сөздер кейін расталды – туыстары оны басқа ауылда жерлеген.

Қаза болған сарбаздың туыстарын біз де таптық, бірақ олар сөйлесуден бас тартты. Бізге белгілі болғаны – отбасының барлығын ҰҚКД тергеуге шақырған, қазір туыстары журналистерден қашқақтап жүр.

 

Әке жараланған, ұлы қаза тапқан, екіншісі соғысты жалғастыруда

Бұл материалды дайындау барысында біз Украинадағы «Хочу жить» жобасымен байланысқа шықтық. Жоба волонтёрлері бізге тағы 529 қазақстандықтың тізімін ұсынды. Олар Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысып жүр. Бұл тізім 2025 жылдың шілдесінде жарияланғанымен, қазақстандық БАҚ-та ол кеңінен талқыланбады.

Жаңа тізімде біз тағы бір оралдықтың есімін таптық. Ол – 1978 жылы туған Евгений Сидорович. Құжатта оның 2025 жылдың 30 наурызында келісімшартқа қол қойғаны көрсетілген.

Евгений Сидорович жайлы ақпарат іздеп жүріп, біз оның әйелі Анна Сидоровичтің әлеуметтік желідегі парақшасын таптық. Онда әйел соғыста тек күйеуі ғана емес, екі ұлы – Виктор мен Кирилл де болғанын жазған.

2024 жылдың 24 қарашасында Виктор қаза тапты. Оны Ресейде жерледі. Жас жігіт небәрі 21 жаста еді. Ескеретін жайт – Украинадағы соғысқа дейін Виктор Қазақстан армиясында әскери борышын өтеген, тіпті Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінде де жұмыс істеп үлгерген.

Евгенийдің жұбайы, ұлын соғыста жоғалтқан ана, TikTok-та белсенді. Онда ол ұлын жоқтап жазба қалдырады. Бір видеода баласының суреті тұр, астына: «Сені тағы бір рет құшақтау үшін бәрін берер едім, балам» деп жазған.

Үш бірдей отбасы мүшесін соғысқа итермелеген не нәрсе екенін білу үшін біз Евгений Сидоровичтің өзімен байланысуға тырыстық. Ресейлік нөмірін тауып, оған хабарластық. Бірақ ол жауап бермеді.

Осы уақытта журналистің қолына оның жарақаттан кейінгі жаңа фотосы түсті. Суретте ол қолы мен аяғы таңылған күйде фанерамен қапталған бөлмеде отыр. Біздің деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қыркүйегінде ол Ресейдегі госпитальда болған.

Сидоровичтердің екінші ұлы – Кирилл соғысты жалғастыруда. Анасының парақшасында оның майданнан демалысқа келген сәтіндегі бейнежазба бар.

 

«Қазір – тірі, бір сағаттан соң – қаза»

Біз Украинада соғысып жүргендердің арасында тағы бір оралдықты таптық. Ол – 1987 жылы туған Азамат Убишев. Ол соғысты жалғастырып қана қоймай, Instagram парақшасын да белсенді жүргізеді. Ондағы кадрларда ол екі қабатты ағаш нарда отырып, бетін жасырған жасыл түсті балаклавада, қолында гитара ұстаған күйінде түсірілген.

«Umarovnews» редакциясы Убишевпен хат алмасып үлгерді. Сөйлесу небәрі бір сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде белгілі болғаны: ол 2024 жылдың соңында ресейлік азаматтық алып, Украинадағы соғысқа аттанған.

Мотиві туралы сұраққа ол қысқа қайырды: «Жиналдым да кеттім. Ажырасу. Бәрін тәрк еттім».

Бізден «Фронтта БҚО-дан көп адам бар ма?» деп сұрағанда, ол: «Жоқ» деп жауап берді. Окоптағы жағдайды былай сипаттады: «Қазір – тірі, бір сағаттан соң – қаза».

Убишев Қазақстаннан кеткен соң, Оралдағы туыстарына арнайы қызмет өкілдері барып, оны сұрастырғанын айтты. Оның сөзінше, Украинада соғысып жүргендердің оқиғаларын ешкім жария еткісі келмейді. Осыдан кейін ол сөйлесуді тоқтатып, біздің аккаунтты бұғаттап тастады.

 

 

Тұтқынға түскендер

«Хочу жить» жобасының өкілдері бізге қазақстандық тұтқындар жайлы ақпарат бар екенін айтты. Қазір олар Украина лагерлерінде отыр.

Біздің деректерге қарағанда, 2024 жылдың 2 мамырында жараланғаннан кейін тұтқынға БҚО тумасы Рустам Файзулин (1987 ж.т.) түскен. Ол Запорожье облысында ресейлік әскери бөлімнің құрамында болған кезде, Украина қарулы күштерінің қоршауына түскен.

Файзулин – Орал тұрғыны. «Ремзавод» деп аталатын аудандағы Урдинская көшесінде тұрған. Оралда оның анасы қалған.

Қазақстандықтарды неге «Қазақстан азаматы» деп тіркейді?

Неге Ресей азаматтығын алып, соғысқа аттанғандар ресми құжаттарда әлі де «қазақстандық» болып есептеледі?

«Бұл мәліметтер бізге Ресей Қорғаныс министрлігінің құжаттарынан белгілі болды. Барлығы әлі де Қазақстан азаматы ретінде тіркелген. Біздің ойымызша, олар келісімшартқа қол қойғаннан кейін РФ азаматтығын алады, бірақ Қазақстан азаматтығынан ресми тәртіппен шықпайды», – деп түсіндірді «Хочу жить» жобасының волонтёрлері.

Қазақстан заңнамасы не дейді?

«Umarovnews» редакциясының ресми сауалына берген жауабында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы былай деп мәлімдеді: Қазақстан азаматтарының шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысуы 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады (ҚР ҚК 172-бабы). Әрбір осындай факт бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіледі.

Алайда Бас прокуратура нақты деректерді ашпады: Украинадағы соғысқа қатысып жүрген, тұтқынға түскен немесе қаза тапқан қазақстандықтардың есімдері мен саны айтылған жоқ.

 

 

Талғат Омар 


 

 

 

0
Орал билігі 600 миллион теңге тұратын үш жер телімін алмасып, Стела маңындағы жерді қайтаруға ниетті
Орал билігі 600 миллион теңге тұратын үш жер телімін алмасып, Стела маңындағы жерді қайтаруға ниетті
Clock 10.01.2025 19:44
Орал қаласы әкімдігінің шенеунігі әйеліне берген қызметтік пәтер мемлекет меншігіне қайтарылды
Орал қаласы әкімдігінің шенеунігі әйеліне берген қызметтік пәтер мемлекет меншігіне қайтарылды
Clock 29.08.2024 13:08
Clock 05.08.2023 20:58