5 сәуір, жұма күні Орал қаласының әкімі Мұрат Байменовтің баспасөз конференциясында журналистер одан: «Қала әкімдігінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мәселесі сіздің басым бағыттарыңыздың ішінде қай орында тұр?» – деп сұрады.
– Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту – бірінші орында тұрған мәселе. Мен тұрақты түрде, аптасына бір рет, кейде он күнде бір аппараттық жиын өткізіп тұрамын. Кеше әріптестеріміз әкімнің орынбасарының басшылығымен және барлық бөлім басшылары тергеу изоляторына экскурсияға барып келді, – деп жауап берді әкім.
Мұны естіген журналистер: «Сонда әкімнің ойынша, әкімдік қызметкерлерін қорқыту арқылы ғана сыбайлас жемқорлық мәселесін шешуге бола ма?» – деп сұрады.
– Қорқыту емес, тек олар қазіргі мемлекеттік қызметкер қандай жағдайда, қандай ортада жұмыс істейтінін, қандай жайлылықта өмір сүріп жатқанын түсінуі керек. Бізде мемлекеттік қызметкерлердің басым бөлігі – 20-22-23-25 жастағы жастар, – деп жауап берді Байменов.
– Сіз орынбасарларыңызды да жібердіңіз бе? Шешім қабылдайтын, қол қоятын тұлғаларды ма? – деп нақтылады БАҚ өкілдері.
– Иә. Барды, көрді. Әрбір аппараттық кеңесте мен осы мәселеге ерекше көңіл бөлемін. Өйткені бір кездері құрылыс бөлімінің басшысын, сондай-ақ сәулет бөлімінен де адам қамалды. Қазіргі кезде сәулет, құрылыс және жер қатынастары бөлімдерінің жұмысы ерекше бақылауда. Мен оларды тек ауызша ғана емес, жазбаша түрде де ескертемін – жол бермеу туралы, – деді әкім.
– Ал сіздің және туыстарыңыздың декларациясын жариялау, яғни олардың қандай бизнеспен айналысатыны туралы ашық ақпарат ұсыну, бұл бағыныштыларыңызға жақсы үлгі болмас па еді? «Қазір олардың табыс деңгейі қандай?» – деп сұрады журналистер.
– Менің бизнеспен айналысатын туыстарым жоқ. Үш әпкем, екі қарындасым бар..., – деп жауап берді әкім.
– Ал өзіңіздің декларацияңызды жариялау ше? – деп тағы сұрады журналистер.
Бұл сұраққа жауап ретінде әкім өзінің кірістері туралы декларацияны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялауға уәде берді. Алдын ала жоспарланған жариялау күні – 2025 жылдың 7 сәуірі, дүйсенбі.
Талғат Омар