«Локомотив» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары өз алқабына дача мәртебесін алып тастап, оны жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҮҚ) аймағына ауыстыруды талап етуде. Дача тұрғындарының атынан талап арызды белсенді Абай Темір түсірді, оның бұл бастамасын 94 отбасы өз қолын қойып қолдаған.
2026 жылдың 27 тамызында БҚО Мамандандырылған әкімшілік сотында судья Софья Ахмерованың төрағалық етуімен алдын ала тыңдау өтті. Сот залына «Локомотивтің» 15 отбасы келді, олардың бір бөлігі іске қосымша талап қоюшы ретінде қатысу туралы өтініш білдірді.
Абай Темірдің айтуынша, «Локомотив» ББС-де 500-ден астам үй бар, оның 400-інде халық жыл бойы тұрады. Көпшілігі үшін бұл — жалғыз баспана.
«Мұнда қарапайым халық тұрады: балаларымыз қалалық мектептерде оқиды, өзіміз қала кәсіпорындарында еңбек етеміз, – деп атап өтті Абай Темір. – Бірақ қағаз жүзінде біз атымен жоқ сияқтымыз. Дача деген түсініксіз мәртебенің кесірінен жүздеген адам 2000-шы жылдардан бері құқықтық вакуумда өмір сүріп, алаяқ төрағалардың құрбанына айналуда. Егер сотта жеңілсек, біздің аудан 2040 жылға дейін ресми түрде қала құрылысының «геттосы» болып қала береді».

Тұрғындар «Локомотив» мәртебесіне қатысты мәселе шешілгенге дейін «Мемсараптама» РМК-дан Бас жоспарды мемлекеттік сараптаудан өткізуді тоқтата тұруды сұрайды.
Отырыс барысында әкімдік пен архитектура бөлімінің шенеуніктері фото мен видео түсіруге қарсы шықты, ал дача тұрғындары процестің ашық өтуін талап етті. Нәтижесінде БАҚ объективіне тек талап қоюшылар мен судья ғана ілікті.
Архитектура бөлімінің өкілі судьяның «неге Бас жоспарды түзету кезінде тұрғындардың өтініші ескерілмеген?» деген сұрағына жауап бере алмай, ведомство ұстанымын заң нормаларымен негіздей алмады. Софья Ахмерова келесі отырысқа біліктірек маманды жіберуді талап етті.

Саяжай тұрғындары биліктің бұра тартып отырғанын алға тартады: көршілес орналасқан (бар болғаны 10 метр жердегі) «Ветеран» ББС-ін шенеуніктер қала құрамына енгізген, ал Зачаганск, Асан және Мичуриндегі су басатын дачалар бұған дейін еш кедергісіз ЖТҮҚ мәртебесін алған.
БҚО әкімдігінің өкілі Бас жоспарға түзетулер қабылданғанға дейін де «Локомотив» тұрғындарының қоғамдық тыңдауларға қатысып, өз ескертулерін айтуға мүмкіндігі болғанын атап өтті.
Бұған жауап ретінде талап қоюшы 2025 жылдың шілдесінде Орал қаласы Бас жоспарын түзету бойынша өткен қоғамдық тыңдауға қатысқанын, бірақ онда «Локомотивке» қатысты өз ойын айта алмағанын түсіндірді.
«Ол тыңдаулар сұмдық күлкілі жағдайға (фарсқа) айналды. Орал тұрғыны (Данил Макатуха – ред. ескертпесі) жобалаушының Оралдың Бас жоспарына басқа қалалардың мәліметтерін қосып жібергенін анықтады. Тыңдауда шу шықты. Қала әкімдігі бұл жұмыс үшін 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Тыңдаудан кейін Бас жоспар жобасы түзетіліп, одан басқа қалалар туралы ақпарат алынып тасталғанда — 500 беттің орнына 101-і ғана қалды. Бұл неге бұлай болды? Жобалаушылар Оралдың бас жоспарын түзетуді орынға бармай-ақ жасаған сияқты әсер қалдырады», – деді Абай Темір.
Оның айтуынша, 2026 жылдың ақпанында Бас жоспар тазартылып, қайтадан қоғамдық тыңдауға ұсынылғанда, өзі жұмыс сапарымен кеткендіктен қатыса алмаған.
2026 жылдың наурызында «Локомотив» ББС тұрғындары Орал әкімдігіне ұжымдық хат жазып, өз алқаптарын қала құрамына енгізуді сұраған.
Бирақ тұрғындардың наурыздағы ұжымдық хатына әкімдік «ГРАДО» ЖШС жеке фирмасы дайындаған бас тарту жауабын жіберген. Жобалаушылар «Локомотивте» инфрақұрылымдық желілер жоқ, жедел жәрдем жүре алмайды және бұл алқапты тасқын су басады деп мәлімдеген.
Тұрғындар бұл уәждерді құжат түрінде теріске шығарды:
- Жедел жәрдем: БҚО Денсаулық сақтау басқармасы 2011 жылдан 2026 жылға дейін жолдың жоқтығына байланысты «103» бригадаларының шақырудан бас тартқан кезі болмағанын растады.
- Тасқын су: ТЖД, «Қазгидромет» және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторинг мәліметтері алқапты 2011 жылы да, 2024 жылы да су баспағанын тіркеген.
- Инфрақұрылым: Алқап 100% газдандырылған, үйлер электр желілеріне қосылған, қоқыс шығарылады және жартылай орталықтандырылған су құбыры жүргізілген.
Судьяның «Неге талап арыз «ГРАДО» ЖШС-не емес, әкімдікке бағытталған?» деген сұрағына Абай Темір Бас жоспардың тапсырыс берушісі де, Оралдың дамуын айқындайтын да дәл осы қалалық билік екенін айтып жауап берді.
Людмила Калашникова
Осы санаттағы мақалалар