Қалада жаңа үрдіс қалыптасып келеді – тұрғындар күнделікті азық-түлікті Kaspi Red арқылы бөліп төлеуге (рассрочкаға) жиі алатын болған. ЖСДП (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы) жүргізген мониторинг мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде мұндай мүмкіндікті тек ірі супермаркеттер ғана емес, ет павильондары да ұсынып отыр. Адамдар несиеге тамақтануға мәжбүр, өйткені айлық табыс шығынды жаппайды: мәселен, өңірде соңғы үш жылда тауық еті – 44%-ға, сиыр еті – 36%-ға, ал сүт өнімдері – шамамен 28%-ға қымбаттаған.
Азық-түлік бағасының мониторингін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының барлық аймақтық филиалдары 2023 жылдан бері жүргізіп келеді.
«Бастапқыда біз қарапайым адам ең төменгі жалақыға (қазір ҚР-да ЕТЖ – 85 мың теңге) бір айлық ең төменгі тұтыну себетін қамтамасыз ете ала ма, жоқ па – соны білгіміз келді. Алайда сол себеттің құрамын тексере келгенде, оған адам денсаулығына қажетті дәрумендер мен минералдар қорын толтыра алмайтын өте жұтаң өнімдер жиынтығы кіретінін түсіндік. Содан кейін өзіміз толыққанды тамақтануды қамтамасыз ететін азық-түлік тізімін жасадық. Қазақстанның әртүрлі аймағында тұратын қатардағы тұрғынға тамақтану үшін қанша қаражат қажет екенін білу мақсатында ай сайын бағаны қадағалап отыруды қолға алдық», – дейді ЖСДП-ның БҚО филиалының төрағасы Анаргүл Әбенова.
Жалақы мен зейнетақы тамақтан артылмайды
ЖСДП БҚО облыстық филиалының есептеуінше, біздің облыста бір адамның толыққанды тамақтануы үшін айына кемінде 250 мың теңге қажет.
Сонымен қатар, Анаргүл Әбенованың айтуынша, өңір тұрғындарының көбі шамамен 180 мың теңге табыс табады, ал сатушылардың, наубайшы көмекшілері мен тамақ цехтары жұмысшыларының жалақысы жиі жағдайда 120–150 мың теңге көлемінде ғана. Көптеген зейнеткерлердің де кірісі дәл осындай деңгейде.
Халық азық-түліктен үнемдей бастады
«Біз баға мониторингін үш жылдан бері ай сайын, нақтырақ айтқанда айдың 1-і мен 5-і аралығында өткізіп келеміз. Осы орайда менің қызметкерлерім үнемі сатып алушылармен тілдеседі. Олар адамдардың зейнетақысы мен жалақысын бір айға жеткізу үшін тамақтан үнемдей бастағанын айтады», – дейді Анаргүл Әбенова.
Оның сөзінше, зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар сиыр еті мен тартылған еттен (фарш) бас тартуға мәжбүр, жұмыртқа, сүт және шұжық өнімдерін де сирек сатып алады. Көбі бұрын күнделікті мәзірдің үйреншікті бөлігі болған жеміс-жидектерді, тәттілерді және басқа да өнімдерді қазір қалталары көтермейтінін ашық айтады.
Азық-түлікті бөліп төлеуге алу үрдісі
Мониторинг тобының бақылауынша, Оралда азық-түлікті Kaspi Red арқылы сатып алатын тұрғындар саны артып келеді.
Бүгінде бөліп төлеу жүйесін тек ірі супермаркеттер ѕана емес, ет дүкендері мен үй іргесіндегі шағын дүкендер де қосқан.
«Бөліп төлеуге азық-түлікті көбіне жастар алады. Олар үнемдеп өмір сүргісі келмейтінін, «дәл қазір және осы жерде» жақсы өмір сүргісі келетінін айтады. Сондықтан қалтасында ақшасы болмаса да, супермаркетке барып, азық-түлікті бөліп төлеуге рәсімдейді», – дейді ЖСДП облыстық филиалының қызметкерлері.
Үш жылда баға қалай өзгерді?
ЖСДП БҚО филиалының мониторингі көрсеткендей, 2023 жылдың шілдесінен бастап негізгі азық-түлік өнімдерінің барлығы дерлік айтарлықтай қымбаттаған.
Күрт өскен бағалардың көрсеткіші мынадай:
Сиыр еті: +36% (2 580 теңгеден 3 500 тг/кг-ға дейін);
Қой еті: +35% (2 600 теңгеден 3 500 тг/кг-ға дейін);
Жылқы еті: +21% (2 900 теңгеден 3 500 тг/кг-ға дейін);
Тауық еті: +44% (1 120 теңгеден 1 615 тг/кг-ға дейін);
Сүт: +28% (540 теңгеден 690 тг/л-ге дейін);
Күнбағыс майы: +11% (820 теңгеден 913 тг/л-ге дейін);
Үйдің сары майы: 5 000 теңгеден 8 000 теңгеге дейін (кілограмына).
Бәрі қымбаттап жатыр
Үш жылдық бақылау барысында мониторингке қатысушылар бағасы өспеген бірде-бір өнімді атай алмады.
Күзде жаңа өнім жиналған кезде көкөністер мен жемістер сәл арзандағанымен, қазан айына қарай олардың құны қайтадан шарықтай бастайды.
Тіпті жергілікті нан мен макарон өнімдерінің өзі үш жыл ішінде 20–50 теңгеге қымбаттаған.
«Көкөніс тұздау маусымы басталғанда кейбір супермаркеттерден кәдімгі арзан тұз жоғалып кетіп, орнына одан бірнеше есе қымбат тұратын «Экстра» тұзы шығатынын байқадық. Тұрғындар басқа таңдау болмағандықтан, соны сатып алуға мәжбүр», – дейді мамандар.
Бұл мониторинг не үшін қажет?
«Бәрі өте қымбат. Жарма өнімдері, ұн, балық, шұжықтар. Желідегі пікірлерде адамдар бізге жиі: «Сонда бұл мониторингтен не пайда?» деп жазады. Біз ай сайын зерттеу нәтижелерін Астанадағы партияның бас кеңсесіне жіберіп отырамыз. Ондағы мақсат – билікке баға өсімінің қарапайым адамның жалақысына мүлдем сәйкес келмейтінін жеткізу. Жағдайды реттеу қажет: бір жерде бағаны тежеу арқылы, бір жерде жалақыны өсіру арқылы. Парламенттегі ЖСДП фракциясының депутаттары біз өңірлерден жіберетін осы нақты деректерге сүйене отырып, мәселе көтеріп, жалақыны өсіруді талап етіп жатыр», – деп түйіндеді Анаргүл Әбенова.
Людмила Калашникова
Осы санаттағы мақалалар