Some image
Бензин дүрлігісі: ресейліктер БҚО-дан бүкіл жанармайды канистрмен таси алмайды
Clock 05.07.2026 12:58
33
0

Батыс Қазақстан облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Қонысбаев Umarovnews порталына өңірдегі жанар-жағармай нарығына қатысты пікір білдірді. Ол өңір тұрғындарының ресейліктер кесірінен ЖЖМ тапшылығы туындайды деп қауіптенуіне негіз жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Орал қаласындағы жанармай құю станцияларында (ЖҚС) ешқандай дүрлігіс пен шектен тыс сұраныс байқалмайды.

«Ресей Федерациясының азаматтары біздің өңірге келіп, көліктерінің багын толтырып жанармай құя алады. Алайда, ҚР Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, бензинді қосымша бактарға немесе канистрлерге құйып, Қазақстаннан жүк салғышпен алып шығуға заң жүзінде тыйым салынған. Қазақстан шекарасында шекарашылар мұнай өнімдерінің барлық түрін қосымша резервуарлар мен бактарда алып өту әрекеттерінің жолын кесіп жатыр», – деп атап өтті шенеунік.

Сондай-ақ басқарма басшысының орынбасары Ресейдің шекаралас аймақтарынан тек көлік багын толтыру үшін Қазақстанға 200-300 шақырым жер жүріп келудің және сол жанармайды кейін қайтар жолда жағып жіберудің еш қисыны жоқ деген пікірде.

Оның сөзіне сүйенсек, соңғы 2-3 аптада өңірдегі ЖЖМ нарығында сатылымның күрт өсуі байқалмаған. Барлық ЖҚС штаттық режимде жұмыс істеп тұр, бензин тапшылығы жоқ.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде ресейліктердің видеолары тарай бастаған еді. Онда Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған дрон соққыларынан кейін жанармай тапшылығы туындап, көліктерін толтыру үшін Қазақстанға келуге мәжбүр болып жатқандары айтылады. Шекара маңындағы аймақтардан (Орал қаласынан және ҚР солтүстік өңірлерінен) түсірілген видеоларда ресейлік жүргізушілер мұндағы бағаға таңғалғандарын жасырмайды: рубль бағамын шамамен 6,5 теңгемен есептегенде, АИ-95 бензинінің бір литрі 46–55 рубльге шығады. Видео авторларының сөзінше, қазір Ресейде дәл осы жанармайдың литрі шамамен 101 рубль тұрады.

Мұрат Қонысбаев 2026 жылғы 3 шілдедегі жағдай бойынша облыстағы ЖҚС-тардағы ЖЖМ-нің орташа бағасын атады: АИ-92 – 1 литріне 227 теңге, АИ-95 – литріне 297 теңге және дизель отыны – литріне 332 теңге.

«Біз іргелес жатқан Ресейдің Самара облысындағы жанар-жағармай бағасына мониторинг жүргіздік. Онда бүгінгі таңда бензин бағасы келесідей: АИ-92 – 525 теңге, АИ-95 – 545 теңге және дизель отыны – 650 теңге. Қазақстандағы бағамен салыстырғанда бір литр бензиннің айырмашылығы шамамен 250–300 теңгені құрайды. Содан болар, көршілеріміз бізге арзан бензин құю үшін келіп жатқан сияқты. Бірақ бұл жаппай сипатқа ие емес, бірлі-жарым оқиғалар ғана. Біз барлық жергілікті ЖҚС-тармен тұрақты байланыстамыз, БҚО-дан бензин сатып алғысы келетін Ресей автокөліктерінің жаппай ағыны байқалмайды», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Сонымен қатар Мұрат Қонысбаев қазіргі уақытта Қазақстанда резиденттер немесе бейрезиденттер үшін ЖЖМ босатуға ешқандай лимит белгіленбегенін, алайда Энергетика министрлігі жағдайды жіті қадағалап отырғанын айтты.

«Біз қазір Энергетика министрлігімен байланыстамыз. Олар Қазақстанның Ресеймен шекаралас облыстарындағы ахуалдан хабардар, РФ азаматтарының Қазақстанда бензин сатып алып жатқан видеоларын олар да көрді. Егер ресейліктер тарапынан сұраныс артып, жергілікті ЖҚС-тарда Ресей көліктері қаптаса, онда Энергетика министрлігі ҚР бейрезиденттеріне ЖЖМ босатуға шектеу енгізеді – оларға жанармай лимитпен берілетін болады», - деп түсіндірді шенеунік.

Мұрат Қонысбаев дәл қазір БҚО-да Ресейден келетін жеңіл көліктер мен жүк көліктеріне жанармай құюға ешқандай шектеу жоқ екенін — олардың екеуі де Қазақстанда көлік бактарын толтыра алатынын баса айтты. Бірақ... Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес, басқа мемлекеттерден келетін транзиттік көліктердің Қазақстан аумағынан канистрлер мен қосымша бактарда ЖЖМ алып шығуға құқығы жоқ. Шекарашылар мемлекеттік шекарада ҚР-дан дизель отыны мен бензиннің барлық маркасын алып шығу әрекеттеріне тосқауыл қоюда.

 

Кадр: Азаттық Азия

 

 

Людмила Калашникова 

 

0
Оралда қала орталығындағы тергеу изоляторы қауіпті деп танылды
Оралда қала орталығындағы тергеу изоляторы қауіпті деп танылды
Clock 26.09.2024 13:34
Кәмелетке толмағанды зорлады деген күдікке ілінген бұрынғы шенеунік Орал қаласындағы ауруханада көз жұмды
Кәмелетке толмағанды зорлады деген күдікке ілінген бұрынғы шенеунік Орал қаласындағы ауруханада көз жұмды
Clock 18.03.2026 00:01
Оралда кәсіпкер Сергей Губердің өліміне қатысты сот үкімі шықты (ВИДЕО)
Оралда кәсіпкер Сергей Губердің өліміне қатысты сот үкімі шықты (ВИДЕО)
Clock 30.07.2024 16:43