Бүгін, 2026 жылдың 17 маусымында, оралдық белгілі адвокаттар Әділбек Қисамбаев пен Тамара Сәрсенованың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында БҚО бойынша сот сараптамалары институтының бұрынғы сот-медициналық сарапшысы Батырбек Меңдәлиевке қатысты қылмыстық іс тергеліп жатқаны белгілі болды. Ол жұмысқа орналасу кезінде жалған диплом пайдаланды деп айыпталуда. Ол бұл лауазымда 20 жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарған.
— Ол жұмысқа тұру кезінде жалжал дипломды пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Осыған байланысты мен қылмыстық қудалау органына (істі полиция тергеп жатыр – авт. ескертпесі) сауал жолдадым, — деді адвокат Әділбек Қисамбаев.
Оның айтуынша, полиция оған бұл іске ешқандай тарап ретінде қатысы жоқ болғандықтан, жауап бермеген. Осыдан кейін адвокат жағдайды анықтау үшін БҚО бойынша сот сараптамалары институтына ресми сауал жіберген.
— Жақында ғана маған ресми жауап келді. Онда оның үстіміздегі жылдың 18 мамырында жұмысқа орналасу кезінде жалған диплом пайдаланғаны үшін қызметінен босатылғаны көрсетілген. Бұл қазіргі уақытта қылмыстық істің тергеліп жатқандығын нақты дәлелдейді, — деді Қисамбаев.
Оның әріптесі, адвокат Тамара Сәрсенова бұл жайттар медициналық оқу орындары түлектерінің кітаптары жарық көргеннен кейін белгілі болғанын қосты. Ол кітаптардың ешбірінде Батырбек Меңдәлиев туралы мәлімет кездеспеген.
— Бірде-бір кітапта оның фотосуреті де, ол туралы дерек те болмаған. Ол ұсынған диплом бойынша оқу орнына сұрау салғанда, оның ешқандай жоғары медициналық оқу орнын бітірмегені, дипломды ресми түрде алмағаны анықталды. Оның дипломы жалған, сондықтан ол сарапшы болып жұмыс істей алмас еді, — деп мәлімдеді адвокат Тамара Сәрсенова.
Адвокаттың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта сарапшы Меңдәлиев қатысқан барлық қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығы үлкен күмән тудырып отыр.
Журналистердің «Меңдәлиевке қатысты қылмыстық іс қандай бап бойынша қозғалды?» деген сұрағына адвокат Сәрсенова бұл ҚР ҚК-нің 385-бабы («Ресми құжатты қолдан жасау») болуы мүмкін деген болжамдарын жеткізді.
«Umarovnews» редакциясының зерттеуі
Сот-медициналық сарапшысы Батырбек Меңдәлиевтің 20 жыл бойы жалған дипломмен жұмыс істегені туралы ақпарат «umarovnews» редакциясына 2026 жылдың маусым айының басында белгілі болған еді. Осыдан кейін бірден тілшілеріміз Батырбек Меңдәлиевке телефон соғып, қылмыстық іске қатысты пікірін білген болатын. Арада мынадай диалог өрбіді:
Тілші: — Біздің мәліметіміз бойынша, сіздің үстіңізден қылмыстық іс қозғалыпты. Сондай-ақ 20 жыл бойы сот-медициналық сарапшысы болып жалған дипломмен жұмыс істегеніңіз айтылуда...
Меңдәлиев: — Мен ешқандай түсініктеме бермеймін. Қылмыстық іс қозғалды ма, демек тергеу органдары өз жұмысын істесін...
Тілші: — Ал іс қандай бап бойынша қозғалды?
Меңдәлиев: — Білмеймін.
Тілші: — Сіз күдікті мәртебесіндесіз бе?
Меңдәлиев: — Білмеймін, солай шығар...
Тілші: — Қай бап екенін білетін шығарсыз?
Меңдәлиев: — Бұл сізге не үшін керек? Егер өтірік жазатын болсаң, мен сені сотқа беремін... — деді де, Меңдәлиев телефон тұтқасын тастай салды.
Редакцияның осы іске қатысты жолдаған ресми сауалына БҚО Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәліметтері жария етуге жатпайтынын хабарлады.
Талгат Умаров
Осы санаттағы мақалалар