Олар БҚО әкімінің атына 100-ден астам қол жинады.
2026 жылғы 1 маусымда Круглоозерное ауылының бірнеше ондаған тұрғыны жиын өткізіп, ауылдағы жол мәселесін шешуді талап етіп, БҚО әкімінің атына қол жинады. Басқосуда жұртшылық өзге де өзекті проблемаларды жайып салды. Олардың қатарында жаңа көшелерде газдың жоқтығы және ескі мектептің тарлығы бар. Алайда тұрғындардың басты талабы — көктем мен күзде балалар мектепке қиналмай барып, үйлерге жедел жәрдем көлігі жете алатындай жол салу. Айтуларынша, бұл мәселе жылдар бойы шешімін таппай келеді. Жиын барысында жүзден астам қол жиналып, оған көктем мен күздегі жолдардың аянышты күйі бейнеленген фотосуреттер қоса тіркелді.

«Көктем мен күзде жолдың жоқтығынан балалар мектепке қалыпты бара алмайды. Резеңке етік киіп жүреді. Біз, зейнеткерлер де, осы өліара шақта аялдамаға жете алмаймыз. Жедел жәрдем мен такси де кіре алмайды. Тым құрыса тротуар салып берсе екен», — дейді ауыл тұрғыны Гүлшара Кенжеғалиева. — «Жазда тағы бір мәселе — толассыз шаң. Оның үстіне, біз қалалық тіркеудеміз».
Жаңа шағын аудандағы газдың жоқтығы туралы осы ауылдың тұрғыны Нәзгүл Сәбитова айтып берді.
«Біз бұнда 2024 жылы көшіп келдік. Екі жылдан бері газ жүргіземіз деп уәде беріп келеді. Өткен аптада жұмысты бастаймыз деген, бірақ әлі күнге дейін ештеңе жасалмады. «Тым болмаса газды тартып берсеңіздерші», — дейді кейіпкер.

Круглоозерное ауылында 32 жылдан бері тұратын Құрманғали есімді ақсақал осы уақыт ішінде ауылға әкімдер мен депутаттардың талай рет келгенін, бірақ проблемалардың сол күйі шешілмегенін мәлімдеді.
«Жаңбырдан кейін бүкіл көше суға толып, адам жүре алмай қалады. Деркөлде әр көшеге асфальт төселген, ал бізде неге ештеңе жасалмайды?» — деп кейіді зейнеткер.
Тұрғындар жергілікті мектептің жағдайын да бөлек көтерді. Олардың айтуынша, іргетасы сонау 1974 жылы қаланған ғимараттың тозығы жеткен және ол қазір оқушыларға тарлық етіп отыр.
«Мектеп қирап жатыр, темір тіреуіштер қойып қойған. Мен өзім онда мұғалім болып жұмыс істедім. Жаңа шағын ауданда жаңа мектеп салуға уәде беріп жатыр, бірақ оны бар-жоғы 600 орындық болады дейді. Бұл жеткіліксіз — бізге кем дегенде 1500 орындық мектеп керек», — деді ауыл тұрғыны.
Ауылдықтардың жергілікті округ әкіміне кінәсі жоқ, алайда олар ауыл мәселесіне қала деңгейінде жеткілікті көңіл бөлінбей отыр деп есептейді, өйткені тұрғындардың қалалық тіркеуі бар.
«Әкім келеді, бірдеңені салтанатты түрде ашады да, кетіп қалады. Бәрі жай көзбояушылық болып шығады. Халықтың қалай тұрып жатқанына қызығушылық таныту керек қой. Бізге жол, мектеп, инфрақұрылым қажет», — дейді тұрғындар.

Круглоозерное ауылының әкімі Аманбай Неғметов ауылда жол мен тротуар салу жұмыстары қаржының бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, «Атамекен» шағын ауданындағы 16 көшеге 10,4 шақырым жол салу жоспарлануда. Ол үшін жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жұмыстар қаржы бөлінгеннен кейін басталады.
Әкім жергілікті мектептің 1974 жылы салынғанын да растады. Оның сөзінше, білім ошағын күрделі жөндеуден өткізу 2027 жылға жоспарланған. Жаңа мектептің құрылысына тоқталған Аманбай Неғметов ауыл халқының жыл санап өсіп жатқанын, сондықтан алдағы уақытта билік тұрғындар санының артуы мен сұранысты ескере отырып, тағы бір жаңа мектеп салуды жоспарлайтынын атап өтті.
Бұдан бөлек, тұрғындар газбен қамту мәселесін де көтерді. Әкімнің айтуынша, ауылда 930 учаскеге арналған жаңа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы (ЕЖЖ) әзірленген. Қазіргі уақытта газ құбырын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оны жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау көзделуде, содан кейін үйлер газға қосылады.
Талгат Умаров
Осы санаттағы мақалалар