Бұған дейін сот оны Қазақстаннан шығарып, елге кіруіне 5 жыл мерзімге тыйым салған болатын.
Бүгін, 2026 жылғы 3 наурызда, жасөспірім Тимур Турковқа қатысты іс бойынша кезекті сот отырысында Орал қаласының прокуратурасы оған тағайындалған жазаны жеңілдету туралы өтініш білдірді.
«Турковқа Қазақстан Республикасының аумағынан 5 жыл мерзімге шығару түріндегі қосымша жаза ҚР Қылмыстық кодексінің 81-бабына қайшы келеді және оның күші жойылуға жатады», — делінген ресми құжатта.
Әңгіме 16 жастағы Тимур Турков туралы болып отыр. Ол Коми Республикасынан автостоппен Қазақстанға жетіп, 2025 жылғы 12 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Астафьево ауылы маңында шекараны кесіп өткен. Ауыл тұрғындарын кездестірген соң, олардан шекара қызметін шақыруды өтінген. Шекарашылар оны «Махамбет» шекара бекетіне жеткізіп, кейін Орал қаласына алып келген және арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға арналған орталыққа орналастырған. Кейін оған мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып тағылып, мемлекет есебінен адвокат тағайындалды.
Журналистер оның оқиғасынан хабардар болған соң, Тимур Ресейдің саяси бағытымен келіспейтінін және 18 жасқа толғаннан кейін соғысқа жіберілуі мүмкін екенін айтып, Ресейден қашқанын жеткізген. Сондай-ақ оның айтуынша, өз ауылында милитаризация жүріп жатыр, жоғары сынып оқушыларын Украинада қаза тапқан сарбаздарды жерлеу кезінде құрмет қарауылына қояды. Оның сөзінше, ауылынан соғыста 12 адам қаза тауып, тағы бесеуі хабар-ошарсыз кеткен. Тимурдың ата-анасы жоқ, ауылда тек ата-әжесі қалған. Ол оларға жұмыс істеуге кеттім деп айтқан.
Шекараны кесіп өткеннен кейін шамамен үш ай өткен соң — 2025 жылғы 5 желтоқсанда — Орал қаласының бірінші сатыдағы соты Турковты «Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту» бабы бойынша кінәлі деп танып, оны Қазақстаннан Ресейге депортациялау және елге кіруіне 5 жыл мерзімге тыйым салу туралы үкім шығарды. Бұл шешіммен келіспеген Турков БҚО облыстық сотының апелляциялық алқасына шағым түсірді.
2026 жылғы 22 қаңтарда судья Гульнара Миниус төрағалық еткен алдын ала тыңдау өтті.
Процесс онлайн форматта өтті: сот залында тек Тимур Турковтың адвокаты Айгүл Орынбекова мен судья Миниус болды, ал қалған қатысушылар мен Турковтың өзі онлайн қатысты. Сот отырысында адвокат Орынбекова өзіне және қорғауындағы жасөспірімге дайындалуға уақыт беруді сұрады. Судья бұл өтінішті қанағаттандырып, келесі отырыс офлайн форматта өтетінін хабарлады.
Бүгін, 2026 жылғы 3 наурызда, кезекті сот отырысы өтті. Процестің басында судья Миниус істің бірінші сатыда жабық форматта қаралғанына байланысты бұл отырыстың да жабық режимде өтетінін айтты.
— Өкінішке қарай, баспасөз қатыса алмайды, — деді судья, содан кейін журналистер сот залынан шықты.
Жабық есік жағдайында өткен сот отырысында не болғанын кейін жасөспірімнің адвокаты Айгүл Орынбекова айтып берді.
— Бірқатар өтінішхаттар берілгендіктен процесс кейінге қалдырылды, — деді адвокат отырыс аяқталған соң.
Оның айтуынша, сотта бірнеше өтінішхат берілген. Соның ішінде бірінші сатыдағы сот отырысының бейнежазбаларын зерделеу қажеттігі айтылған, өйткені сол кезде Турковтың өз пікірін сұрамаған.
— Сонымен қатар, егер бірінші сатыдағы сот отырысы жабық болуы тиіс деп танылса, онда консул қатыспауы керек еді, алайда ол қатысқан. Турковтың өзі заңды өкілі — әжесінен бас тартты. (Тимур Турковтың әжесі оны Ресейге алып кету үшін Оралға келген. Ол сотта заңды өкіл ретінде қатысқан — авт. еск.), — деді адвокат Орынбекова.
— Егер қамқоршы оның мүддесіне қарсы әрекет етсе, онда Қазақстан ратификациялаған Бала құқықтары туралы халықаралық конвенцияның 14 және 19-баптарына сәйкес, үкімет құқықтық көмек көрсетуге міндетті. Оның ішінде жақын ортасының тарапынан теріс пайдалану болған жағдайда да. Осы тұрғыдан алғанда, әжесі осы санатқа жатады, — деп түсіндірді адвокат.
Адвокат сотта әжесінің сөз сөйлегенін де айтты.
— Әжесі: «Менің ұстанымым екіұшты: бір жағынан оны алып кету үшін келдім…», ал екінші жағынан қандай да бір қудалау қаупінен қорқатынын айтты, — деді қорғаушы.
Адвокаттың пікірінше, сот отырысындағы негізгі мәселе — Орал қаласының прокуратурасы Турковқа қатысты елден шығару және 5 жылға кіруге тыйым салу жазасын шамадан тыс қатаң шара деп тану туралы өтініш білдіруі болды.
— Сот бұл өтінішті де зерделеуі тиіс. Турков заңды өкіліне сенбейтінін және оның өз мүддесіне қарсы әрекет ететінін айтып, одан бас тартқандықтан, сот әжесін шеттету мәселесін де талқылайды. Процесс кейінге қалдырылды, — деді Айгүл Орынбекова.
Адвокат өз сөзінде Оралдағы арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға арналған орталықта тұрып жатқан қорғауындағы жасөспірімге кіру үшін екі рет полицияға хабарласып, адвокат қызметіне кедергі келтіру туралы арыз жазуға мәжбүр болғанын айтты — мекеме басшылығы онымен кездесуге кедергі келтіреді. Ал Орал қаласындағы РФ Бас консулдығының консул-кеңесшісі еш кедергісіз кіріп, заңды өкілдерсіз кездеседі.
2026 жылғы 10 наурызда 17 жасқа толатын Тимур Турков Ресейге оралғысы келмейтінін айтты. Оның сөзінше, әжесі берген смартфонды одан тартып алуы мүмкін деп қауіптенеді.
Талғат Омар
Осы санаттағы мақалалар