2025 жылғы 5 желтоқсанда бірінші сатыдағы сот оны Қазақстан аумағынан шығару және елге 5 жыл мерзімге кіруге тыйым салу туралы үкім шығарған.
Әңгіме 16 жастағы Тимур Турков жайында. Ол Ресей Федерациясының Коми Республикасынан автостоппен Қазақстанға жетіп, 2025 жылғы 12 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарасты Астафьево ауылы маңында мемлекеттік шекараны кесіп өткен. Ауыл тұрғындарымен кездескен сәтте ол оларға жүгініп, шекара қызметін шақыруды сұраған. Шекарашылар оны «Махамбет» заставасына жеткізіп, кейін Орал қаласына апарып, арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырған.
Кейін оған мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті деген айып тағылып, мемлекет есебінен адвокат тағайындалған. Журналистер оның оқиғасы туралы білген соң, Тимур Турков Ресейден қашып келгенін, себебі РФ-ның саяси бағытымен келіспейтінін және 18 жасқа толғаннан кейін соғысқа жіберілуі мүмкін деп қауіптенетінін айтқан. Сондай-ақ, оның айтуынша, туған ауылында милитаризация күшейген: жоғары сынып оқушыларын Украинада қаза тапқан сарбаздарды жерлеу кезінде құрмет қарауылы ретінде қояды. Оның сөзінше, ауылынан соғыста 12 адам қаза тапқан, тағы бесеуі хабар-ошарсыз кеткен. Тимурдың ата-анасы жоқ, ауылда тек әжесі мен атасы қалған. Оларға ол жұмыс істеуге кеттім деп айтқан.
Шекараны кесіп өткеннен кейін шамамен үш ай өткен соң, 2025 жылғы 5 желтоқсанда Орал қалалық №2 соты Тимур Турковты Қазақстаннан Ресейге депортациялау және 5 жылға елге кіруге тыйым салу туралы шешім шығарды. Бұл шешіммен Турков келіспей, Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасына шағым түсірген.
Өткен аптада, 2026 жылғы 22 қаңтарда, бұл іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Оған судья Гульнара Миниус төрағалық етті. Процесс онлайн форматта өтті. Сот залында тек Тимур Турковтың екінші адвокаты Айгүл Орынбекова мен судья Миниус болды. Қалған қатысушылар мен Турковтың өзі онлайн режимде қатысты.
Олардың қатарында прокурор Утенова, мемлекет тағайындаған адвокат Базаров, арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры Талғат Төлеушов, РФ-ның Орал қаласындағы Бас консулдығының консул-кеңесшісі Максим Кобзарь, орталық директорының орынбасары Ситказиева және осы орталықтың педагог-психологы Гаухар Әжғалиева болды.
Процесс консул-кеңесші Максим Кобзарьдың Айгүл Орынбекованың Турковтың мүддесін қандай құжаттар негізінде қорғап отырғанын анықтауға тырысуынан басталды.
— Менің сұрағым бар: ол қандай құжаттардың негізінде оның мүддесін білдіріп отыр? Кәмелетке толмағанның заңды өкілі Ресейде (әжесі), ол аталған адвокатпен келісімшарт жасамаған. Сонымен қатар, бұл жерде тергеу тағайындаған уақытша қамқоршы бар. Ол қандай мәртебеде? Адвокат қандай негізде қатысып отыр? — деп сұрады консул судьядан.
Бұған жауап ретінде адвокат Орынбекова өзінде келісім мен шарт бар екенін, ал «Адвокаттық қызмет туралы» заңға сәйкес олардың жария етілмейтінін айтты.
— Мен сізге бұл туралы есеп беруге міндетті емеспін. Менің өкілеттігімді сот тексерді. Сот үшін адвокаттың хабарламасы маңызды, онда келісім мен шартқа сілтеме бар. Қазір адвокатқа қатысты іс қаралып жатқан жоқ. Екіншіден, менің Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі екенімді растайтын куәлігім бар. Бұл — адвокаттық құпия, — деді Айгүл Орынбекова.
Одан кейін адвокат өтініш білдіріп, өзінің де, қорғауындағы Тимур Турковтың да іс материалдарымен таныспағанын айтты. Оның сөзінше, үкім оған уақытылы тапсырылмаған: 21-і күні тек ресми құжатты көрсетіп, қолхат алған да, қайта алып кеткен. Қазіргі уақытқа дейін үкімнің көшірмесі қолында жоқ.
Сонымен қатар, қорғау тарабына сот отырысының хаттамасы мен аудио-бейнежазбалары да танысуға берілмеген. Осыған байланысты адвокат апелляцияға дайындалу үшін істің барлық материалдарын ұсынуды сұрады.
Адвокат өз сөзінде бірінші сатыдағы сот үкімі шыққаннан кейін Тимур Турковтың ұялы телефоны алынғанын, қазір ол байланыссыз және құжаттарға қол жеткізе алмай отырғанын атап өтті. Бұл ретте оған қатысты бұлтартпау шарасы қамауда ұстаумен байланысты емес.
Сондай-ақ, адвокат бұл іске Тимур Турковтың әжесінің хаты тіркелгенін айтты. Онда әжесі немересінің мүддесін мемлекет тағайындаған адвокат қорғауы керек деген. Адвокат 70 жастағы әйелдің Қазақстандағы адвокатқа компьютерде хат теруі күмән тудыратынын жеткізді.
— Мына хаттарды сіздер ұйымдастырып отырсыздар. 70 жастағы әже Базаровқа хат теріп жіберді дейсіздер… Базаров мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында тартылған. Менің келісіміме байланысты оның өкілеттігі тоқтайды, — деді Орынбекова.
Кейін сөз балаларды қолдау орталығының директоры Талғат Төлеушовке берілді. Оның айтуынша, Турковтың телефоны орталықта қылмысқа қатысы бар балалар да болғандықтан, барлық балалардан құнды заттар сияқты тәркіленген. Сондай-ақ, Турковтың өз айтуынша, ол шекарадан өткен кезде SIM-картасын жоғалтып алған және сол уақыттан бері интернетке қол жеткізе алмаған.
Алайда, Қазақстанда жүрген кезінде Тимур Турков интернет арқылы журналистермен және құқық қорғаушылармен байланысқа шыққаны белгілі. Дәл оның хаттарынан кейін журналистер бұл оқиға туралы білген.
— Құрметті сот, Турковтың жалғыз заңды қамқоршысы — Ресей Федерациясының азаматы (әжесі). Мен — 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар орналасқан орталықтың директорымын. Вена конвенциясына сәйкес, мен Турковты РФ-ға, Мәскеу облысындағы баспанаға жеткізуім керек еді. Біздің тәжірибемізде басқа ел азаматтарын солай алып жүру бар. Мен тек өз қызметтік міндетімді орындап отырмын, — деді орталық директоры.
Одан кейін РФ консулының кеңесшісі Максим Кобзарь адвокат Орынбекованың процеске қатысуына қатысты сұрағын қайта қойды.
— Құрметті сот, демек, Орынбекова ханым процессқа бәрібір қатысып отыр ма? Заңды өкілдің де, қамқоршының да өтініші болмаған. Оның қандай негізде қатысып отырғаны әлі де түсініксіз, — деді ол.
Осыдан кейін адвокат Орынбекова сөз алып, консулға қатысты жеке қаулы шығаруды сұрады.
— РФ консулының атына жеке қаулы шығарыңыз. Ол мұнда жай ғана бақылаушы ретінде отырмай, араласып жатыр. Ол біздің Қылмыстық-процестік кодекске, «Адвокаттық қызмет туралы» заңға, тіпті Конституцияға араласа ма? Ол мұнда бұйрық беріп отыр ма? Бала өзі мені қалайды, біз келісім жасадық, — деді Айгүл Орынбекова.
Судья Миниус адвокаттың өтінішін қанағаттандырды. Процесс офлайн форматта жалғасады. Тимур Турков пен оның қорғаушысы істің барлық материалдарымен танысып, сот талқылауына дайындалғаннан кейін іс қайта қаралады.
Талғат Омар
Осы санаттағы мақалалар