Әңгіме Набережная ауданында орналасқан, ауданы 2,1793 гектар болатын жер телімі туралы. Аталмыш аумақта 2024 жылдың 4 тамызында ағаштарды кесу жұмыстары жүргізіліп, қоғамда үлкен резонанс тудырған. 2025 жылдың қаңтар айының басында Орал қаласының билігі бұл жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруды және оған айырбас ретінде жалпы құны 599 миллион 518 мың теңге болатын үш жер телімін ұсынуды жоспарлағаны белгілі болды.
Бірінші жер телімі Орал қаласының орталығында Лермонтов және Д. Нұрпейісова көшелерінің арасында орналасқан, ауданы 0,4119 гектар, бағасы – 248 миллион 869 мың теңге. Екі телім «Ақжайық» ықшам ауданында орналасқан. Біріншісінің ауданы – 0,3824 гектар, бағасы – 72 миллион 656 мың теңге, екіншісінің ауданы – 1,4631 гектар, бағасы – 277 миллион 992 мың теңге.
Айырбастауға рұқсат алу үшін қала әкімдігінің шенеуніктері қалалық мәслихат депутаттарына жүгінді. 2025 жылдың қаңтар айының басында Орал қаласының мәслихатындағы заң мәселелері жөніндегі комиссия (5 депутат кіреді) бұл ұсынысты бірауыздан қабылдамады.
«Аманат» партиясынан Орал қалалық мәслихатының депутаты Муслим Джардемов басты себеп бағасының қымбаттығы екенін айтты.
— Комиссияның бірінші отырысында біз бұл ұсынысты қабылдамадық, себебі бұл жер телімінің бағасы өте жоғары. Бұл учаске шамамен 600 миллион теңгеге бағаланды, ал иелеріне қаланың орталығында бір жер және «Ақжайық» ықшам ауданында екі жер телімін ұсынды. Біріншіден, орталықта жер қымбат... Біз бұл бағалауға күмән келтірдік: неге бұл жер 600 миллионға бағаланды? Біз ештеңе бермей, егер бұл жер әкімдікке қажет болса, дұрыс бағалау жүргізуді ұсындық. Мәселелер көп... Материалдарды, тарихын зерттей бастадық... Бұл жерді қорғаушы Кочетков 2000-жылдардың басында соттасқан, бірақ сот оны қолдамады. Біз бұл бағалау өте жоғары деп айтып, ұсынысқа келіспедік, себебі ол жерде құрылыс жүргізуге болмайды – бұл табиғатты қорғау аймағы, экология (Экология департаментін айтып отыр – авт. ескерту) және басқа мемлекеттік органдар, ГАСК, ол жерде ешқандай капитальды құрылысқа рұқсат бермейді.
Бұл жердің жеке меншік иелері бар, жер заңды түрде сатып алынған, бірақ біздің комиссия толық құрамда қарсы болды, күмәнданған депутат болған жоқ. Егер бұл жер қалаға қажет болса, тәуелсіз сараптама жүргізіп, бағаны төмендету керек. Мысалы, бізде мемлекеттік сауда-саттық лоттарында 200 миллион теңгеден қымбат жер жоқ деп көрсетіледі, – деді депутат.
Айта кетерлігі, Стела ауданындағы жерді айырбастау мәселесі Орал қаласының 24 депутаты дауыс беретін жалпы сессияға шығарылмауы мүмкін, тек 5 депутат кіретін комиссияның шешімі негізге алынуы мүмкін.
– Біздің комиссияның шешімі жер қатынастары бөліміне жеткілікті, бірақ біз, мысалы, бұл мәселені жалпы сессияға ұсынып, 24 депутаттың дауыс беруін қарастыра аламыз. Себебі бұл – қоғамды дүрліктірген мәселе, ешкім мұндай жауапкершілікті өз мойнына ала алмайды, – деді Муслим Джардемов.
Естеріңізге сала кетейік, Стела ауданындағы учаске мемлекет меншігінен 2005 жылы шығарылған болатын. Қазір сөз болып отырған 2,1793 гектар жер 3,9 гектар жердің бөлігі болған және 4 миллион 444 мың теңгеге жеке меншікке берілген.
2020 жылы бұл жер телімі «Крыша.кз» сайтында сатылымда болды, бастапқыда ол 600 миллион теңгеге қойылды, кейін бағасы үш есе төмендеп, 200 миллион теңгеге дейін түскен. Экологтар мен құқық қорғаушылар Стела жерін санитарлық-қорғаныс аймағы ғана емес, сонымен қатар Жайық өзенінің су қорғау аймағына кіретінін, яғни арнайы пайдалануға жататын аймақтарға жататынын бірнеше рет атап өткен.
Сурет Орал қаласы мәслихатының сайтынан алынды
Талғат Омар