Оралда қорытындыны бұрмалады деп сотталған сот-медициналық сарапшы Марат Жонысов өзін толық ақтауды талап етті. Ол бұл туралы өзі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Сөз болып отырған қайғылы оқиға 2023 жылғы 4 тамызда «Квант» ЖШС аңшылық-балық аулау шаруашылығындағы Дөңгелек су қоймасында болған. Сол күні кешке 31 жастағы қорықшы Эдуард Победимов катермен базадан үш шақырым жердегі нүктеге қарай шыққан. Сағат 22:00-де ол әріптесіне катердің сөніп қалғанын және көмек қажет екенін хабарлаған, содан кейін жұбайы мен досына қоңырау шалған — осыдан кейін байланыс үзілген. Су бетінде тек катер ғана қалған.
Оның мәйіті 6 тамыз күні таңертең, арада бір жарым тәулік өткенде табылды. Судан сүңгуірлер шығарып, полиция тексергеннен кейін мәйіт сараптама жасау үшін Орал қаласына жіберілген. 7 тамызда сот-медициналық сарапшы Марат Жонысов сараптама жүргізуге кіріседі. Сарапшы Жонысов өз қорытындысында мәйіттен ешқандай дене жарақаты табылмағанын жазған.
Қайтыс болған азаматтың әкесі Алексей Победимов бұл қорытындымен келіспеді. Ол ұлының денесі судан шығарылған кезде одан жарақаттарды көргенін айтады. Әкесі мәйітті эксгумациялағаннан кейін, Астанадан келген сарапшылардың қатысуымен қайтадан кешенді сараптама жүргізуге қол жеткізеді. Қайталанған сараптама барысында көптеген жарақаттар, соның ішінде тоғыз қабырғаның сынуы, сол қолдың бас бармағының сынуы және иек аймағындағы сырылған іздер анықталды.
Бұл жағдайлар Орал қалалық сотында қаралған қылмыстық істің қозғалуына негіз болды. 2026 жылғы 23 сәуірде сот сот-медициналық сарапшы Марат Жонысовты ҚР ҚК-нің 420-бабы («Сарапшының көрнеу жалған қорытынды беруі») бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 2 ай 12 күнге бас бостандығын шектеу жазасына кесті.
Жонысов пен оның адвокаттары бұл үкіммен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Істі қарау 2026 жылғы 24 маусымға белгіленген. Шағымды қарауға бір апта қалғанда — 17 маусымда — Марат Жонысов баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, онда оның адвокаттары мен сот-медициналық сарапшы әріптестері сөз сөйледі. Марат Жонысов өз сөзінде журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, өзін кінәсіз деп санайтынын және толық ақталуы тиіс екенін мәлімдеді.
Баспасөз мәслихатына Марат Жонысовтың өзі бастамашы болған. Ол бұл туралы кіріспе сөзінде айтып, әлеуметтік желілердегі пікірлердің оған қатты әсер еткенін, онда оның сот-медициналық сарапшы ретіндегі жұмысына сараптамадан мүлдем хабары жоқ адамдар пікір білдіргенін қосып өтті.
— Сіздер мені «420-бап» бойынша соттаған процестерге қатыстыңыздар, бұқаралық ақпарат құралдарында жаздыңыздар, — деп үндеді Жонысов журналистерге. — Мен де пікірлерді оқыдым: біздің қызметімізді білмейтін, хабары жоқ адамдар бұл пікірлерге үн қосты және бұл маған ғана емес, сот пен қоғамға да қатты әсер етті. Адамдар менің кім екенімді білмей тұрып, неше түрлі пікірлер жаза бастады, сондықтан мен сіздердің барлық сұрақтарыңызға жауап беріп, нүкте қою үшін осы баспасөз мәслихатын ұйымдастырдым. Мен мұны бірінші рет жасап тұрмын, бұған дейін сұхбат берген жоқпын, менен ешкім сұраған да емес. Негізінен БАҚ-та марқұмның әкесі — Победимов тарапынан жарияланымдар болды. Бұл жерде менімен бірге жұмыс істейтін үлкен тәжірибесі бар адвокаттар мен сарапшылар қатысып отыр. Олардың барлығы, соның ішінде мен де, сіздерге бәрін айтып береміз, — деді Марат Жонысов өзінің кіріспе сөзінде.
Содан кейін сөз кезегін Жонысовтың адвокаты Әділбек Қисамбаев алды. Қорғаушы өз сөзінің басында журналистермен кездесуді өз ұстанымдарын жеткізу үшін өткізуді жөн көргенін айтты, өйткені, оның айтуынша, 2-3 жыл бойы бұл іс бойынша ақпарат біржақты — тек марқұмның әкесі Алексей Победимовтың тарапынан ғана беріліп келген.
— Біздің — адвокаттар мен сарапшылардың бірге қатысуы Марат Сәбитұлын көрнеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартумен байланысты. Бұл тек Жонысовтың ғана мәселесі емес. Жалпы, қылмыстық істе баяндалған мән-жайлар бойынша сарапшының көрнеу жалжал айғақ бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы біздің еліміздің тергеу-сот практикасында бұрын-соңды болмаған прецедент. Бұл мәселе алдағы уақытта басқа сарапшыларға да қатысты болмауы үшін жасалып отыр, өйткені алғашқы және комиссиялық сараптамалардың айырмашылықтарының себептері анықталмастан, алғашқы сараптама жалған деген қорытынды жасалған, — деді Қисамбаев.
Адвокаттың айтуынша, «көрнеу жалғандықты» дәлелдеу үшін тергеу органдары Жонысовтың жұмысына қатысты заң бұзушылықтарды тіркейтін ресми рецензия алуға міндетті болған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бұл процедураны бастағанымен, оны соңына дейін жеткізбеген, сондықтан іс материалдарында рецензия жоқ. Бұдан бөлек, заң бойынша алғашқы және комиссиялық сараптамалар арасындағы қайшылықтар қайталанған зерттеу арқылы жойылуы тиіс. Қорғаушы тарап 2,5 жыл бойы бұл туралы тергеу сотынан бастап қалалық және облыстық прокуратураға дейінгі барлық инстанцияларға өтінішхаттар жолдаған, бірақ барлық жерден бас тарту алған. Адвокаттар бұл мәселені бірінші сатыдағы сотта да бірнеше рет мәлімдегенін айтты.
Қисамбаев қылмыстық істің неден басталғанын еске салды. 4 тамыздан 5 тамызға қараған түні белгісіз жағдайда қорықшы Эдуард Победимов жоғалып кеткен. Оның мәйіті су қоймасынан тек 2,5 тәуліктен кейін табылған. Алғашқы сот-медициналық сараптаманы Жонысов жүргізген, ол мәйіттің қатты шіріп бұзылуына байланысты өлімнің нақты себебін анықтай алмаған. Екі айдан кейін сарапшылар тобымен комиссиялық сараптама тағайындалған. Адвокат олардың да өлім себебін анықтай алмағанын және Жонысовтың қорытындысын жоққа шығармағанын атап өтті. Нәтижесінде қорықшының өліміне қатысты негізгі іс бойынша азамат Мишин сотталды, бірақ Орал қалалық соты оның кінәсі дәлелденбегендіктен оны толық ақтады. Тергеу Победимовтың катерде болған-болмағанын дәлелдей алмады. Адвокаттың айтуынша, Жонысовтың сараптамасы сот шешіміне ешқандай әсер еткен жоқ, ал сот объективті дәлелдерсіз адамды кінәлі деп тануға құқылы емес еді.
Адвокат Қисамбаевтың сөзінен кейін журналистер Марат Жонысовқа төтесінен сұрақ қойды: «Сіз — 40 жылдық еңбек өтілі бар сарапшы бола тұра, марқұм Эдуард Победимовтың сол қолындағы сынған бармақты қалай көрмедіңіз? Бұл сыртқы жарақат қой...».
Жонысов дене мүшелерінің қатты шіріп бұзылуына байланысты жарақаттарды анықтау өте қиын болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, қаза тапқан қорықшының мәйіті үшінші тәулікте су бетіне қалқып шыққан және оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатқанда, ұзақ уақыт күннің астында қалған.
Жағдайды сот-медициналық сараптама ғимаратының өзінде сол сәтте тоңазытқыш агрегаттарының жұмыс істемей тұрғаны одан сайын ушықтырған, бұл «Талап» АҚ-нан келген шеберлердің орындалған жұмыстар актісімен расталады.
Сотталған сарапшының айтуынша, сол күні жүктеме шамадан тыс көп болған.
— Біз әріптесім екеуміз жұмыс істедік, тоғыз мәйітті сойдық: мен — бесеуін, ол — төртеуін. Әріптесім жас маман болатын, Саратов жоғары оқу орнын жаңа ғана бітірген, менен үнемі кеңес алып отыратын. Мәліханаға (моргқа) таңертең кіріп, түстен кейін ғана шықтық. Иісті азайту үшін мұндай шіріген мәйіттерді ең соңына қалдыратынбыз, сондықтан кәдімгі шаршау өз әсерін тигізді. Қатты ісінген денеде қай жері шірудің салдары, қай жері тірі кезіндегі жарақат екенін бірден анықтау мүмкін емес, — деп түсіндірді Жонысов.
Сарапшы сонымен қатар алғашқы тексеру кезіндегі заң бұзушылықтарға назар аударды: оқиға орнына медицина маманы шықпаған, ал мәйітті тергеушінің өзі, сірә, марқұмның әкесінің сөзіне сүйеніп сипаттаған. Жонысовтың мойындауынша, дәл осы факторлардың жиынтығынан ол жарақаттарды байқамай қалған болуы мүмкін.
Сот-медициналық сарапшы шығарылған үкіммен үзілді-кесілді келіспейді. Ол қорғаушы тараптың апелляциялық шағым түсіргенін хабарлап: «Мен толық ақталуым керек», — деп қосты.
Жонысовтың екінші адвокаты Тамара Сәрсенова шақырылған баспасөз мәслихатының мақсаты сотқа қысым жасау емес, жағдайды мемлекет басшысына жеткізу әрекеті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған Қазақстан адвокаттар қауымдастығының Президентке жүйелі заңсыз соттауларға байланысты реформалар жүргізу қажеттілігі туралы үндеуі себеп болған. Осы бастама аясында апелляциясы 24 маусымға белгіленген Марат Жонысов та істің әділ қайта қаралуынан үміттенеді.
Сәрсенова сарапшының қатты шаршау мен жүктеме салдарынан жарақатты байқамай қалғаны үшін қылмыстық бап бойынша сотталуы мүмкін емес деп есептейді.
Адвокаттың айтуынша, «420-бап» бойынша соттау үшін тергеуді немесе сотты адастыруға бағытталған тікелей ниет болуы шарт. Жонысовтың жағдайында физикалық қажымаудан туындаған ұқыпсыздық орын алған: мәйітті сойған күні ол екі адамның орнына жұмыс істеп, қатарлас жас әріптесіне жетекшілік еткен, ал мәйіттің өзі қатты шіріген күйде түскен.
Адвокат Жонысовтың қорытындысы қорықшының өліміне айыпталған және нәтижесінде ақталған азамат Мишиннің ісінің нәтижесіне ешқандай әсер етпегенін атап өтті. Победимовтың өлім себебін органдардың шіріп кетуіне байланысты алғашқы сараптама да, кейінгі комиссиялық сараптама да анықтай алмаған. Бұл ретте, қаза тапқан сәтте қорықшы өте ауыр дәрежедегі алкогольдік мас күйде болған.
Қорғаушы сонымен қатар тергеуді үйлестірудегі елеулі олқылықты көрсетті. Мәйіт табылған жерден түсірілген, жарақаттар анық көрінетін түрлі-түсті фотосуреттер сот-медициналық сараптама институтына, Жонысовқа мүлдем берілмеген. Ал эксгумациядан кейін үш ай өткен соң қабырғалар мен тіл асты сүйегінің сынықтарын анықтаған елордалық сарапшылар бастапқыда фотоматериалдардың толық пакетімен жұмыс істеген және жарақаттарды қай жерден іздеу керектігін нақты білген.
Жонысовтың әріптестері сот-медициналық сарапшылардың жұмысындағы орасан зор жүйелі шамадан тыс жүктеме мен ауыр жұмыс жағдайлары туралы мәлімдеді. Сот сарапшысы Бауыржан Бисембаев айына 10 мәйіт сою ресми норма болғанымен, Жонысов әріптесімен бірге бір күнде тоғыз мәйітті қабылдағанын, бүкіл республика бойынша кадрлардың созылмалы тапшылығы салдарынан жарты айлық жоспарды бір күнде орындағанын түсіндірді.
Бисембаевтың айтуынша, дененің қатты шіріп өзгеруі клиникалық көріністі толық бұрмалап, кейбір жарақаттарды көрінбейтін етіп тастаған. Газдар тіндерді ісіндіріп жіберген, ал мәйітті судан шығарған сәттен бастап оның мәліханаға түскеніне дейінгі екі тәулік ішінде ауада шіру процестері жедел қарқынмен жүрген. Жағдайды оқиға орнын тексеру хаттамасы мен фотокестенің болмауы да қиындатқан.
— Жалпы шіру фонында ауыр жұмыс күнінің соңында сырылған іздерді көрмей қалу әбден мүмкін жағдай. Сонымен қатар, қабырғалардың сынуы арқа тұсында, бұлшықеттің қалың қабатының астында болған. Бұл ретте кеуде қуысының ішкі қабығы — плевра — зақымдалмаған, бұл көпжылдық тәжірибе бойынша сүйектердің анық қозғалғыштығын жоққа шығарады. Бұл ақауға тіпті елордалық сарапшылар да эксгумация кезінде марқұмның әкесі нұсқағанға дейін басында назар аудармаған. Жонысов шаршағандықтан жарақаттарды шынымен байқамай қалуы мүмкін еді, және бүгінде оның орнында еліміздегі кез келген сарапшы болуы мүмкін, — деп түсіндірді Бисембаев.
Жонысовтың үшінші адвокаты Таттолий Мырзалиев өз қорғауындағы азаматтың әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығын мәлімдеп, сот қорытындыларын тек бағалау сипатында деп атады. Қорғаушының айтуынша, тергеу сотталушының марқұмның денесіндегі жарақаттарды әдейі елемей қалдырғанын дәлелдей алмаған.
Ол айыптау тарапының «бастапқы құжаттарда сипатталған жарақаттардың болғаны туралы» уәждері шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Жұмыс басталған сәтте сарапшыға тек қатты шіріген күйдегі мәйіт пен сараптама тағайындау туралы қаулы ғана берілген, онда жарақаттар туралы бірде-бір сөз болмаған.
— Сот сарапшы бұл жарақаттарды байқауы керек еді деп есептейді, бірақ Жонысов шіріген мәйітте мұның неліктен олай болмағанын түсіндіріп берді. Бұл ретте елордалық комиссиялық сараптамаға кейінірек мәйіт табылған жерден түсірілген толыққанды түрлі-түсті фотосуреттер берілген, олар бастапқыда Марат Сәбитұлында болмаған. «Сарапшының Қылмыстық кодекстің 420-бабы бойынша кінәсі дәлелденген жоқ», — деп түйіндеді адвокат.
Талгат Умаров
Осы санаттағы мақалалар